Қала аумағы 1,8 мың шаршы километрге тең.[3] Қала халқының саны 2007 жылғы 1 қаңтар санағы бойынша 97,3 мың адамды құрады.
Қалалық әкімшілікте 3 ауылдық округ, 18 ауылдық елді мекен бар. Қалада 2007 жылға 1 қаңтар күнінің санағы бойынша 1133 шаруашылық жүргізуші субъекті тіркелген, оның ішінде 13 ірі, 58 орта, 1062 шағын субъектілер.
Географиясы
Жезқазған қаласы байырғы Сарыарқа жерінде орналасқан, негізгі аумағы кең байтақ, көз жетпес даланы құрайтын жазықтық пен алқаптардан тұрады. Сол себептен, Сарыарқа ерте заманнан бері көптеген халықтар арасында «Ұлы дала» деген атқа ие болған.
Жақын орналасқан анағұрлым үлкен таулардың бірі – Ұлытау (1195 м), Ұлытаудың таулы беткейінен Қаракеңгір өзені мен оның тармақтары, сондай-ақ, Сарыкеңгір, Сарысуға құйылатын Жыланды және Жезді өзендері өз бастауын алады. Бұл мыс аймағы. Шөптесінді жамылғысында астық-жусанды, жусан және жусанды-тұзды кешендер ашық қоңыр және қоңыр топырақ бетінде үйлесім тапқан.
Климаты шұғыл континентті және құрғақ. Аумағы шаңды дауыл әсеріне көп ұшырайды. Қысы қатты, ал, жазы ыстық әрі құрғақ. Көктемі мен жазы қысқа. Жоғары деңгейлі континенталдығы мен құрғақтығы мұхиттар мен теңіздерден қашық орналасқандығынан. Вегетациялық кезеңінің ұзақтығы мен күн жылуының мөлшері көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарын: жаздық бидай, жүгері, әр түрлі көкөністер өсіруге мүмкіндік бер.
Жезқазған — Қазақстанның мысты қазынасы. Қала тарихы комбинаттың тарихымен тікелей байланысты. Жезқазғанның алғашқы тұрғындары құрылысшылар мен кеншілер болды.
Байырғы қазақ жері өзінің жер асты байлығымен белгілі болған. Жезқазған мысты кен орны адамзатқа 3000 жыл бұрын белгілі болған. Бұған куә көптеген ашық жұмыстар кесіндері, балқыту пештері, жыныстар мен кен үйінділері. Бұрынғы кен қазушылар жер қойнауынан 2 миллион тоннадан аса жоғары сапалы мыс кенін шығарған. Уақыт өткен сайын мұндай өндірулер азайған. Сонау жылдардан халықтың жадында сақталып, бүгінге жеткені жергілікті жер атауы – Жезқазған.
Ғасырлар жылжып өтті. 1771 жылы Орталық Қазақстанғабарон Траубенбергтің экспедициясы келді. Экспедицияға қатысушылардың бірі капитан Николай Рычков өзінің күнделігінде былай деп жазған: Ұлытаудың айналасында сол елді мекендеген байырғы тұрғындар қазған көптеген мыс кен орындары, сондай-ақ, алтын мен күміс кендерінің белгілері де табылды. Траубенберг экспедициясы нәтижесінің қызығушылық тудырғаны сондай Жезқазған аумағына тағы да бірнеше зерттеушілер келді. Кен орнын пайдалануды бастауға ниет білдіргендер де болды.
1847 жылы екатеринбургтік көпес Николай Ушаков малшы Батыр Бақасынның мыс белгілері байқалған үлкен аумақ жерін 400 сомға жалдады. Ушаковтың да, одан кейінгі Рязановтардың да мысқа бай өлкені зерттеуге және оны өндіруге қажетті жеткілікті қаражаты болған жоқ. Жезқазған, Ресейдің басқа да көптеген пайдалы қазбалы кен орындары сияқты ХХ ғасырдың басында шетел акционерлік капиталының қолына тиді.
1909 жылы ағылшындар Рязановтан Жезқазған кен орнын сатып алды және 1913 жылдың көктемінде Қарсақбайда мыс балқыту заводы мен байыту фабрикасын салу үшін дайындық жұмыстарын бастады.
Ағылшындарға теміржол салу тиімді болған жоқ. Құрылысқа қажетті жүк Қарсақбайға 400 шақырым жердегі Жосалы станциясынан түйелермен жеткізілді. Түйелермен жеткізу мүмкін болмаған жағдайда жабдықтар «керуенмен» жіберілді. Жосалы станциясынан Қарсақбайға қарай ұзындығы 13 шақырым рельс жолы салынды. Оған бес паровоз бен 278 вагон тіркелді. Құрам 13 шақырымға ғана жүре алатын, одан соң жол бұзылып, алдыңғы жағына қайта төселетін. 1917 жылдың қазанында үш жыл жол жүрген «керуен» Қарсақбайға келді.
Қазан төңкерісі жергілікті болсын, шетелдік болсын капиталистердің билік жүргізуіне тыйым салды. Халық өз байлығына ие болды.
Азамат соғысынан кейін 1925 жылдың маусымында Атбасар түсті металдар тресі құрылды, оған Қарсақбай комбинаты, ал, 1928 жылдың қарашасында Қарсақбай мыс балқыту заводы алғашқы өнімін берді.
Осы кезде Жезқазғанның аумағында геологиялық зерттеу жұмыстары кең етек алды. Жер қойнауын зерттеушілердің мәліметтері негізінде КСРО Ғылым академиясының ғылыми сессиясы 1934 жылдың қарашасында Жезқазған мысты кен орнын қоры бойынша еліміздегі бірінші кен орны деп таныды.
Мысты өңірді табысты игеру үшін ең алдымен көлік проблемасын шешу қажет еді. 1935 жылдың жазында теміржол трассасына қаражат қарастырыла бастады, келесі жылы оның құрылысы басталып та кетті. Қазан төңкерісінің ХХ жылдығын мерекелеу қарсаңында ұзындығы 400 километр енді теміржол Жезқазғанға дейін жеткізілді. Сонымен қатар, Жезқазған комбинатының құрылысына дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілді.
1940 жылы «Покро-орталық», «Петро-орталық» қуатты пайдалану шахталарының және су қоймасының құрылысы басталды. Комбинат өркендеп, дамыды, онымен бірге 1938 жылы негізі қаланған құрылысшылар кенті де өсіп, көркейе түсті. Жаңа үйлер, мәдени және тұрмыстық мекемелер салынды, Жезқазған өнеркәсіп ауданында ауыл шаруашылығы өндірісі ұйымдастырылды.
Нацистік ГерманияныңКеңес Одағынашабуылы Үлкен Жезқазғанның құрылысын тоқтатты. Жезқазғандықтардың барлық күш-жігері өнім шығаруды көбейтуге бағытталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыс кенін өндіру бірнеше есе өсті.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде жұмысшылардың, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен қызметшілердің жанқияр еңбегі үшін Жезқазған комбинатына Мемлекеттік қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туы 16 рет тапсырылды. Бұл ту Отан алдындағы еңбегі үшін комбинатқа мәңгілікке қалдырылды.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуынан кейін комбинаттың кешенді дамуы жаңа қарқынға ие болды. 1947 жылы Жезқазған байыту фабрикасының құрылысы басталды, оның үш секциясы 1954 жылы пайдалануға берілді. 1955 жылы мыс-қорғасын кенін қайта өңдеуге арналған төртінші секция қатарға қосылды.
Соғыстан кейінгі он жыл ішінде, 1945 жылдан бастап 1955 жыл аралығында 6 шахта салынып, пайдалануға берілді.
Үлкен Жезқазған адам танымастай өзгерді. Он жыл ішінде 108 мың шаршы метр тұрғын алаң, Мәдениет сарайы, 4 орта мектеп, 8 бала бақша, бірнеше аурухана мен дүкен, нан заводы, 100 километр теміржол, 150 мың шаршы метрден аса бетонды жол, 215километр су және кәріз құбырлары салынды, темір бетон өнімдері заводы мен екі асфальтбетон заводы салынды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1954 жылғы 20 желтоқсандағы жарлығымен 30 мыңнан астам тұрғыны бар Үлкен Жезқазған жұмысшылар кенті Жезқазған қаласы болып қайта құрылды.
Жеті жыл ішінде екінші байыту фабрикасы, жылу электр орталығы, бірнеше шахта, оның ішінде, ашық жұмыстардың ірі карьері №55 алып шахта іске қосылды. Сондай-ақ, ет комбинаты, сүт зауытты, ұн тарту комбинаты, тоқыма-тігін фабрикасы салынды. Көп қабатты үйлердің тұрғын алаңы 383 мың шаршы метрді құрады.
Жезқазғандықтар Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атымен аталатын тау-кен металлургиялық комбинатын ерекше мақтаныш тұтады.
Білім және мәдениет жүйесі дамыды. Жезқазған алғашқылардың бірі болып теледидарды игерді. Қарағанды политехникалық институтының кешкі факультеті ашылды, ол 1992 жылы тау-кен технологиялық институты болып қайта құрылды. Кейін осы институт пен Жезқазған педагогикалық институты базасында қазіргі О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті ашылды.
Дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше мән берілді. Үш стадион жұмыс істеді. «Горняк», «Металлург», «Еңбек» футбол командалары бірнеше рет республика чемпионы атағына ие болды, сол кездегі командалардың екінші лигасында жүлделі орындарды иеленді. Сарысу және Жезді өзендерінде балық аулау дамыды. Арқа даласындағы қала көгалдандырылып, барлық жұмысшы кенттерімен және олардың қосалқы шаруашылықтарымен, асфальтты жолдармен байланыс орнатылды, қазіргі заманға сай әуежай салынды.
1973 жылы Жезқазған жаңадан құрылған Жезқазған облысының орталығы болды. Қала Ұлытау ауданының қалыптасуына үлкен көмек көрсетті. Жезқазған мыс балқыту заводының құрылысы аяқталды, №3 байыту фабрикасы салынды, жаңа алып шахталар іске қосылды.
Тәуелсіз Қазақстанның нарықтық экономикасын қалыптастыру кезеңінде барлық қосалқы кәсіпорындарымен қоса тау-кен металлургиялық кешенін сақтап қалу, қалпына келтіру және одан әрі дамыту үшін күрделі қаржы салымын тарту мәселесі тұрды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық экономиканы қалпына келтіру, тұрақтандыру және көтеру стратегиясына сәйкес республикамызға шетел инвесторлары шақырылды. Әлемдік экономикалық жүйеге белгілі оңтүстік Кореялық «Самсунг» фирмасы стратегиялық әріптеске айналды, ол 1995 жылы 200 млн. аса АҚШ долларын бөлді. Бұл Жезқазғанның басты кәсіпорнының өмірін түбегейлі өзгертуге себеп болды. Жезқазғандық кеншілер, байытушылар мен металлургтер қысқа мерзім ішінде қалыптасқан жағдайдан шығудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болды, ал, тау-кен ісінде қайта жабдықтау жүргізілді. 1998 жылы «Қазақмыс» корпорациясы толықтай өндірістік бағдарлама бойынша жұмыс істеді. Ерекше тапшы шикізат пен металл шығаратын «Жезқазған түсті металл» мемлекеттік кәсіпорны да жұмыс істей бастады.
Халқы
Есептілік деректер бойынша 2007 жылдың басына қалада тұратын халық санының 60,0%-ы қазақтар, 27,8%-ы орыстар, 1,4%-ы немістер, 1,3%-ы татарлар, 4,1%-ы украиндар, 0,9%-ы белорустар, 4,5%-ы басқа ұлт өкілдері.
2006 жылы халықтың 1000 тұрғынына жалпы коэффициенттері: туу – 16,73; өлім – 10,88 және табиғи өсім – 5,85
Экономикасы
2006 жылғы қаланың ірі және орта кәсіпорындар жұмыскерлерінің тізімдік саны, Сәтбаев қаласында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде жұмыс істейтіндерді есепке алғанда, 45175 адамды құрады, орташа атаулы еңбекақы – 39511 теңге.
2006 жылғы өндірістік өнім көлемі (үй шаруашылық есебінсіз) 210886,1 млн. теңгені құрады.
Жылдық деректер бойынша 2006 жылғы негізгі капиталға инвестициялар 16057,8 млн. теңге сомасында игерілді, бұл 2005 жылғы көлемге 103,6%-ды құрайды. Кәсіпорындардың өз күштерімен орындаған мердігерлік жұмыстар көлемі 2006 жылы 1655,5 млн. теңгені немесе 2005 жыл көлеміне 163,9%. 2006 жылғы бөлшек тауар айналым көлемі (қоғамдық тамақтандыру қызметің есепке алмағанда) 8678,1 млн. теңге шамасында құралды, қызмет көрсету көлемі (мемлекеттік басқару қызметінсіз) – 3314,7 млн теңге.
Статистикасы
Өндірісі
Қаланың негізгі экономикалық бағыты түсті металлургия, машина жасау және металл өндеу, энергетика және тағам өнеркәсібі.
2006 жылғы астыққа 1,1 мың га ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін егістік жерлер пайдаланылды, оның ішінде картоп 0,8 мың га; көкөніс 0,2 мың га. Осыдан 2006 жылы 11,6 мың тонна картоп, 4,9 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 1,1 мың тонна ет (тірі салмақта), 4,0 мың тонна сүт, 4671,2 мың дана жұмыртқа өндірілді.
2006 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің айтарлықтай бөлігін өсімдік шаруашылығы құрады. 2006 жылғы 1 шілдеге ауыл шаруашылығы өндірушілерінің нақты бары: 16 ауыл шаруашылық кәсіпорыны, 184 іс-әрекеттегі шаруа қожалығы, 4,5 мың халықтың жеке қосалқы шаруашығы. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге 251,4 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері пайдаланылады, оның ішінде 1,0 мың га – егістік алқаптар.
2007 жылғы 1 қаңтарға ірі қара мал саны 6,9 мың бас, қой мен ешкі – 22,5 мың бас,шошқа – 4,3 мың бас,жылқы – 1,8 мың бас, құс – 23,1 мың бас.
Ғимараттары
Қалада 2006/2007 оқу жылы басына 22 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 14999 оқушы, 7 колледжде 6470 оқушы, 2 кәсіби-техникалық оқу орнында – 920 оқушы, 1 жоғары оқу орнында 4283 оқушы оқиды.
Қалада 13 кітапхана, 6 клуб типті мекеме, 3 мұражай, кино көрсету қызметін жүзеге асыратын 2 мекеме, 1 театр, 1 концерт залы жұмыс атқарады.
Жезқазған-Қарағанды облысындағы қала темір жол стансасы. Қазақстандағы түсті металлургияның ірі орталығы. Сарыарқаның батысында, Ұлытау тауларының оңтүстігіндегі Қаракеңгір өзенінің бойындағы Кеңгір бөгенінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан.
Тұрғыны 96 мың адам . Іргесі 1939 жылы 3 мың халқы бар Кеңгір ауданының орнында тұрғызылған. 1941-54 жылдары Үлкен Жезқазған кенті аталды. 1954 жылдан қала мәртебесін алды.
1973-97 жылдары Жезқазған облысының орталығы болды. Қалада «Қазақмыс» корпорациясы, «Казкат» біріккен кәсіпорны, «Жезқазғансирекметтал республикалық мемлекеттік кәсіпорны», «Кеңгір» химия өндірістік кәсіпорны, «Ұлытау» қазақ-қытай біріккен тоқыма-киім тігу және тағы басқа бар. Қалада түсті металлургия ғылыми-зерттеу институты, Жезқазған университеті, ботаника бағы, медициналық колледждер, 36 мектеп, 10 аурухана, 47 амбулаторлық пункттер, 7 кітапхана, 2 мұражай және тағы басқа мәдени мекемелер бар. Жезқазғанның тарихы қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Сәтпаев есімімен тығыз байланысты.
Экологиялық және экономикалық проблемасы
Жезқазған моноқала болып келеді. Қала бір бағытты болғандықтан экономикалық және әлеуметтік дамуы әртүрлі факторлармен біраз шектеледі.[4] Ол - Қазақстанның дәл ортасында орналасып, шикізат пен адамды тиімді тасымалдауға, Қазақстанның ең ірі логистикалық центріне айналуына зор потенциалы бар қала. Бірақ, инфақұрылымы және жолдары өте нашар. Жезқазғанның табысын Астана, Алматы, Қарағанды секілді ірі қалалар ғана көруде, ал Жезқазған болса сол пайданың өте аз бөлігін қолдануда. Моноқалар бір бағытты болғандықтан, шикізаттың барына, әлемдегі бағаның өзгеруіне тым тәуелді болып келеді. Осының біреуі үлкен өзгерістерге ұшыраса, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып, қала өз тіршілгін тоқтатады. Осыны түсінген шенеуніктер “Жезқазған-Бейнеу” Еуропа мен Парсы бағытында тауарларды экспорттауға арналған теміржол магистралін салды.[5] Теміржол магистралі Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті қосып туристтердің осы қалаға соғып, аралау ықтималдылығын көбейтті. Сонымен қатар, инвестициялар құйылып, тек ғана шикізат емес, бірақ сол шикізатпен жұмыс істейтін өндіріс кәсіптер салынғаны экономикалық даму тұрғысынан зор қадам болар еді. Сонымен қатар “жасылдандыру” технологиялары мен әдістерін еңгізіп, дамыту саласында қаражат бөлінгені абзал.
Кеңгір суқоймасының жылдан жылға азайуы, ауыз суының жақсармауы, ауаның ластығы адам денсаулығына және қоршаған ортаға зияның тигізіп жатыр. “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК зерттеулеріне қарасақ, Жезқазғандагы ауа ластығы өте жоғары, қызыл түспен боялған.[6] Ал Кеңгір суқоймасының ластану деңгейі 5-класстан жоғары, яғни ең жоғарғы ластанудың түрі.[7]Атмосферада көп мөлшерде күкіртті ангидридты, көміртегі тотығын, азот оксидін, газ бен сұйықтық түрінде кездестіруге болады. Жылдан жылға бұл зиянды газдардың мөлшері азаюда. Мысалы, 2016 жылы 2012 жылға қарағанда зиянды газдардың мөлшері 33,7%-ға төмендеген.[h[8] Жезқазғанда зауыттар қаланың Батысы, Шығысы және Оңтүстігінде орналасқан екен. Өндірістік аймақтан бөлінетін ең басты зиянды заттар: бейорганикалық шаң (күкірт мыс, күкірт қорғасын), азот оксиді, күкірт оксиді, көміртегі тотығы, көмір шаңы, мырыш, қорғасын, мыс, алюминий, ағаш шаңы, күкіртті сутек, көміртегі күкірті болып табылады. Осылар Оңтүстіктегі және Шығыстағы зауыттарда көбірек бөлінеді. Зауыттар адамдар тұратын аймаққа өте жақын орналасқан, бұл халықаралық, экологиялық нормаларға сай емес. Ең алыс зауыт қаладан 4900 метрде, ал ең жақыны 500 метрде орналасқан.[4] Зауыттар қаланы жан-жақтан қоршағандықтан, ауадағы зияынды заттар жел арқылы қаланың ішіне тасымалданады. Сондықтан атмосфералық ауа, жер топырағы, ауыз суы ластанады және адамдар арасында түрлі аурулар таралады. Осы мәселелерге Қазақстанның үкіметі және халықаралық органдар көңілдерін бөлулері керек.
Маңызды оқиғалар хроникасы
Жезқазған кен орындарында мыс кенін өндіру көне дәуірде басталған. Тас үйінділері арқылы ертедегі кен қазушылар 1 млн. тоннадан астам тотыққан мыс кенін өндіргені туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
1772 жылы капитан Николай Рычковтың1771 жылғы қырғыз-қайсақ даласына саяхатынан күнделік жазбалары кітап болып шыққан, онда Жезқазған мыс кен орны туралы тұңғыш жазылған.
1847 жылы орыс өнеркәсіпшісі Николай Ушаков Жезқазған мыс кен орнын ресми тіркетті.
1912 жылы желтоқсан айында «Спасские медные руды» акционерлік қоғамыныңың жиналысы Жезқазған мыс кені негізінде мыс қорыту зауытыныңың және байыту фабрикасының құрлысын бастау жөнінде қауылы қабылдау.
1925 жылы 10 маусымда «Атбасцветмет» тресі құрылып, оның құрамына Қарсақбай мыс зауыты, Байқоңыр көмір ошағы және Жезқазған мыс кеніші кірді.
1960 жылы 8 желтоқсанда Жезқазған телевизия студиясы жұмыс істей бастады.
1961 жылдың көктемінде Жезқазғанда КСР Ғылым Академиясының, республика геология және жер байлығын қорғау министрлігінің, Қарағанды халық шаруашылығы кеңесінің және Жезқазған кен-металлургия комбинатының біріккен сессиясы болды.
1963 жылы Жезқазғанда екінші байыту фабрикасы іске қосылды.
1964 жылдың наурыз айында Жезқазған кен-металлургия академик Қаныш Сәтбаев есімі берілді.
КСРО Жоғарғы Советінің Президиумы 1966 жылғы 14 мамырдағы жарлығымен мыс кенін өндіру мен өндеудегі, жаңа техниканы енгізу - дегі үздік табыстары үшін Жезқазған кен-металлургиялық комбинатын жоғарғы дәрежелі үкімет марапаты – Ленин орденімен марапаттады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1966 жылғы 13 тамыздағы жарлығымен түсті металлургия базасын салып дамытқаны және Үлкен Жезқазғанның күрделі құрлыс жоспарын нәтижелі орындағаны үшін «Қазмысқұрлыс» (орыс.«Казмедьстрой») тресінің ұжымы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады.
1970 жылы Жезқазған түсті металл ғылыми-зерттеу, жобалау институты құрылды.
1971 жылы наурыз айында мыс қорыту зауытының бірінші кезегі қатарға қосылды.
1973 жылдың 20 наурызында Жезқазған қаласы жаңадан құрылған аттас облыстың әкімшілік орталығы мәртебесіне ие болды. Облыс 1997 жылдың 3 мамырында қайта таратылды.
1973 жылы қала әуе жайында «Ту - 154» жолаушы ұшағы қонды.
1987 жылы кен-металлурия комбинаты мен түсті металлургия ғылыми зерттеу және жобалау институты бірігіп, «Жезқазғанцветмет» ғылыми-өндірістік бірлестігі құрылды.
1993 жылы Жезқазған облыстық автомобиль жолдары басқармасы «Жезқазған жолдары» ашық акционерлік қоғам болып қайта құрылды.
1993 жылы 30 маусымда қазақ – түрік лицейі ашылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылдың шілдесіндегі қаулысымен «Жезқазғантүстіметалл» акционерлік қоғамы шетелдік «Самсунг» компаниясына басқаруға берілді.
1995 жылы мыс қорыту зауытының сирек металл цехында алғаш осмий алынды.
ҚР Үкіметінің 1995 жылғы 28 қыркүйегіндегі қауылысымен мемлекеттік кәсіпорын «Жезқазғансирекмет» (орыс.«Жезказганредмет») құрылды.
1996 жылы тамыз айында халықаралық талапқа сай «Қазақмыс» корпорациясының медициналық орталығы салынды.
1996 жылы тамыз айында халықаралық талапқа сай «Қазақмыс» корпорациясының медициналық орталығы салынды.
1997 жылы «Сарыарқа», «Подробности», «Жезказганская газета» газеттері шыға бастады.
1997 жылы жазда қалалық атқарушы орындардың тұрғын үй – коммуналдық шаруашылықты реформалау тәжіриебесін үйреніп зерттеу мақсатында Жезқазғанда облыстық семинар – кеңес өтті.
1998 жылдың сонында «Қазақмыс» корпорациясының барлық кәсіпорындарының құрылымдарын қайта құру аяқталды.
1999 жылы сәуір айында қаламызда Қ.И.Сәтпаевқа ескерткіш орнатылды.
1999 жылы сәуірде Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті ҚР Білім және ғылым министірлігімен, Қарағанды облыстық әкімятымен, Жезқазған қалалық әкімятымен, «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп «Академик Қ.И.Сәтпаевтың Қазақстанда инженерлік істің қалыптасуына және дамуына үлесі» деген тақырыпта ғылыми - техникалық конференция өткізді.
1999 жылы сәуір айында қаламызда Қ.И.Сәтпаевқа ескерткіш орнатылды.
1999 жылы 3 мамырда «Алтай – Дунай» архео-этологиялық экспедициясы Евразия даласымен өтетін жолға аттанды.
2001 жылғы мамырда «Қазақмыс» корпорациясы «Wored Quality Commitment Award» (жоғары) сапалы өнім үшін алтын дәрежесі белгісімен марапатталды.
2001 жылы мамыр айында православия шіркеуі салынды.
2001 жылдың 21 маусымында № 8 орта мектеп мектеп-гимназия болып, 2001 жылдың 6 қазанында № 7 орта мектеп мектеп-лицей болып құрылды.
2002 жылыӨ.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті өндіріске сапалы мамандар дайындағаны, ғылымды және білім беруді дамытқаны үшін Франциядағы «Өнеркәсіпке ықпалдасу Ассоциациясының «Алтын медалімен» марапатталды.
2002 жылы қараша айында құрылыс материалдарын сататын «Парасат – Декор» сауда орталығы ашылды.
2002 жылы желтоқсанда «Сарыарқа» мәдини-демалыс орталығы ашылды.
2003 жылы қалада орталық әмбебап дүкені, «Нұр», «Самади» сауда үйлері бой көтерді.
2003 жылы наурызда «Менің ауылым – менің алтын бесігім» атты тақырыппен республикалық ақындар айтысы өтті.