Дала зонасы 77 млн га жерге тараған Қазақстанның біраз аумағын, дәлірек айтқанда, 27%-ынан астамын алып жатыр. Дала зонасы орманды дала зонасының оңтүстігінен басталып, батыстан шығысқа қарай 2200 км-ге созылған кең алқапты камтиды, шамамен 54°-50° с.е. аралығында орналасқан. Дала зонасына Батыс Сібір жазығының оңтүстік шеті, Торғай үстіртінің солтүстігі, Мұғалжар тауы түгелдей дерлік, Жалпы Сырт сілемдері, Каспий маңы ойпатының солтүстік жартысы, Орал етегі, Жем үстірті, Сарыарқаның солтүстігі мен орталық аудандары жатады. Дала климаты континентті, жазы ыстык әрі құрғак, жиі-жиі аңызак желі соғып тұрады. Ал қысы қатаң, қары жұқа болады. Қаңтардың орташа температурасы -16°-18°С, шілде айында солтүстігінде 18°С-тан, оңтүстігінде 23°С-қа дейін жетеді. Жылына 220-310 мм-ге дейін жауын-шашын жауады, бірақ мұның мөлшері солтүстіктен оңтүстікке қарай азая түседі. Климат жағдайлары егін шаруашылығымен шұғылдануға толық мүмкіндік береді.
Өзендері
Дала зонасы өзендерінің деңгейі төмен. Зонаны Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Нұра, Торғай, Шар, Ырғыз және бірнеше шағын өзендер кесіп өтеді. Олардың жылдық ағысының 80 %-ы көктемгі су тасу кезеңіне келеді. Егін шаруашылығы мен өнеркәсібі дамыған бұл аудандарда, су әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан да бөгендерде су жинап, оны су құбырлары мен каналдар (Ертіс-Қарағанды) арқылы
пайдаланады.
Климаты
Орманды даламен салыстырғанда дала зонасының климаты континентті, жазы ыстық, қысы қатаң. Жаз айларында солтүстіктен оңтүстікке жылжыған сайын булану түсетін жауын-шашын мөлшерімен салыстырғанда 3-7 есеге артады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300 мм-ден 200 мм-ге дейін кемиді. Климат жағдайлары суарылмайтын тәлімі егіншілікпен айналысуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның даласына антициклондық ауа райы режимі мен күн сәулесінің мол түсуі, құрғақышылықтың жиі болуы тән. 10°-тан жоғар температураның жиынтығы 2000°-тан 2300°-қа дейінгі аралықта ауытқиды. Өсімдіктер өсіп-өнетін вегетациялық кезеңінің ұзақтығы 150-160 күнге дейін созылады.
Топырағы
Дала зонасының топырағы қара және қызыл қоңыр топырақ типіне жатады. Зонаның солтүстігінің топырақ қабатында жоғары өнім жинауға жеткілікті 6%-ға жуық шірінді бар. Оңтүстікке қарай топырақтағы шірінді кеми түседі де, бірте-бірте куаң далаға тән қызғылт күрең топырақка айналады. Бұл арада сортаң топырақты жерлер көбірек кездеседі, олар арнаулы тыңайтқыштар мен ерекше күтімді
кажет етеді. Қызғылт күрең топырақтың құнарлы жерлері егін шаруашылығы үшін жарамды.
Өсімдіктері
Дала зонасы шөптесін өсімдіктерге бай. Мұнда боз, бетеге, атқонақ, еркек шөп, кермек, қаңбақ басым өседі. Ойпаң және ылғалды жерлерде,
әсіресе өзен жайылымдарында шалғынды өсімдіктер тараған. Шалғынды өсімдіктерден бидайық, қылқансыз арпабас, шалғынды қоңырбас басым, аса ылғалды жерлерде қияқ пен құрақ өседі. Бидайық шалғындарынан мол пішен алынады.
Даланың оңтүстік бөлігінде негізгі өсімдіктермен қатар жусанның кейбір түрлері өседі. Кей жерлерде бұлар тұтас үлескілерді алып жатады. Дала өсімдіктерінің арасында дәрі-дәрмектік өсімдіктер де бар. Мысалы, жанаргүл, шайшөп, итмурын, дәрілік валериан кездеседі. Жаз бойы даланың түрі үнемі өзгеріп отырады. Дала көктемде ғана қысқа мерзімде алуан түрге бөленіп құлпырады. Шілдеде шөп қурап, сарғайып кетеді.
Жануарлары
Ашық дала кеңістігінде тіршілік етуге бейімделген көптеген түрлі жануарлар кездеседі. Қоршаған ортасының түсіне ұқсас келетін, жылдам жүгіретін әрі тез ұшатын, жылдың колайсыз мезгілдерінде де ұзақ ұйқыға кететін жануарлардың да түрлері бар. Дала сүткоректілеріне саршұнақ,қосаяқ, дала тышқандары, дала алақоржыныжатады. Бұлар егінге көп зиян келтіреді. Мұнда саршұнақ тұқымдасынан ірі суырлар (салмағы 10 кг-ға дейін) болады. Суырлар мен саршұнақтар ін қазып, топырағын сыртқа шығарып, үйіп тастайды. Қосаяқтар, саршұнақтар, дала тышқандары тіршілік ететін жерлерде жыртқыштардан күзен, аққіс, түлкі кездеседі. Олар терісі бағалы кәсіптік жануарлар қатарына жатады. Даланың оңтүстік аудандарында түлкі тұқымдасынан қарсақ кездеседі. Ол інінен тек түнде ғана шығып, жортады. Даланың барлық жерінде осы зонаның негізгі жануары қасқыр көп болады. Далада ақбөкендер кездеседі. Бөкеннің басы үлкен, қошкар тұмсық, денесі ықшам, аяғы жіңішке келеді. Бөкеннің жүгіргеніне көз ілеспейді. Бұдан едәуір бұрын далада үйір-үйір болып жүретін бөкендер қазір халықтың жиі қоныстануына байланысты біртіндеп шөлейт және шөл зоналарына қарай ауды. Далада құстардан дуадақ бар, бұлардың кейбіреулерінің салмағы 16 кг-
ға жетеді. Одан басқа безгелдек, тырна, балықшы, бозторғай кездеседі, әсіресе қараторғайлар көп. Жыртқыш құстардан дала бүркіті дала құладыны, кезқұйрық бар. Далада көлдер көп, әдетте олар терең болмайды, жағалары жазық, жайпақ келеді. Көп көлдердің жағалауларында қамыс-құрақ пен ұсақ бұталар өседі. Онда суда және батпақта тіршілік ететін құстар көп кездеседі. Бұлар - қаз, үйрек, тырна, шағала, балықшы, қамыс торғайлары, аққұтан. Сарыарқаның ұсақ шоқылар арасындағы бытыраңқы орналасқан көлдерде суда жақсы жүзетін құстар - сүңгуір, гагара, крохалб, турпан болады.
Тыңайған жерлері
Қазан төңкерісіне дейін дала зонасы ғасырлар бойы көшпелі мал жайылымы ретінде пайдаланылып келді. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында (1954-59 ж.) дала зонасының 28 млн га жері жыртылды.[1]
Солтүстік дала зонасы тармағы
Сарырақаның солтүстік бөлігін, Торғай үстірті мен Жемді алып жатыр.
Топырағы. Зона тармағында кәдімгі және оңтүстік қара топырағы, ұсақ шоқылардың аралығындағы шағын ойпаңдарда сортаң түзетін сортаңданған топырақ таралған. Әрбір тұйықталған ойпаңдар өзіне тән өсімдіктер тобы бар дербес шағын ландшафт түзеді.
Қостанай облысының солтүстік-батыс және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының солтүстік-шығыс бөлігінің біршама шағын аумағын қарашірік мөлшері 6-10% -ға дейін жететін кәдімгі қара топырақта өсетін ағаш текті өсімдіктердің шоқтары бар әртүрлі шөптесін өсімдікті дала алып жатыр. Олар жазықты-жонды жер бедері жағдайында корбанатты саздарда түзілед.
Солтүстігінде топырақтың құрамындағы қарашіріктің мөлшері 6% шамасында болады. Сондықтан бұл топырақта өсірілген астық дақылдарынан жоғары өнім алуға болады. Оңтүстікке жылжыған сайын топырақ құрамындағы қарашіріктің мөлшері біртіндеп азая бастайды.
Зона тармағының қара топырағында әртүрлі шөптесін өсімдіңті дала дамыған. Негізгі өсімдіктер бірлестігінен астық тұқымдас қызыл боз, лессинг бозы, тырса, аз мөлшерде бетеге, ал әртүрлі шөптесін өсімдіктерден дала эстрагоны, әрем, мыңжапырақ тәрізді ксерофитті өсімдіктер кездеседі. Сортаңдау топырақтарда құрғақшылыққа төзімді ақжусан, бетеге сияқты өсімдіктер өседі. Біршама ылғалды ойпаңдарда өсімдіктердің шалғынды-далалық түрлерінен ақ беде, сібір анры т.б. кең тараған.
Кең өзен аңғарларының табанындағы өзен жағаллауларын бойлай терек пен тал, қалың қамыс нулары, шабуға жарамды шалғындар өседі. Кей жерлерде батпақтар кездеседі.Әсіресе дала зонасының солтүстік бөлігіндегі құмдарда қарағайлы ормандар таралған. Атап айтсақ, Аманқарағай орманында қарағай құм жалдарының төбесін бойлай өседі. Ал жаларалық ойыстарда қарағайға қайың мен терек қосылады. Наурызым қарағайлы орманында жаларалық ойыстарда жыңғыл мен жидеден тұратын бұталар шоғыры таралған сортаңдар бар. Көкшетау сияқты аласа таулардағы жартастар мен таудың қиыршықтасты қара топырағында жатаған қарағайлар мен арша, ойыстарда көктерек пен қайың, аласа ағаштар мен бұталар өседі. Көптеген көл жағалауларында қолайлы томарлар мен қалың қамыс нулары кездеседі.
Оңтүстік дала зонасының тармағы
Құрғақ дәнді дақылдар даласы солтүстік дала зонасының оңтүстігінде таралған. Мұнда гидротермиялық жағдайларға байланысты өсімдіктердің өсіп-өнуіне біршама қолайсыз. Жоғары температура қарқынды буланумен қатар жүреді.
Топырағы.Түсетін жауын-шашынның кеміп, температура мен буланудың артуына байланысты қара топырақты оңтүстік дала зона тармағын біртіндеп күңгірт қара қоңыр топырақ алмастырады. Оның құрамындағы қарашіріктің мөлшері 3-5% аралығында ауытқиды. Қарашірікті қабаттың қалыңдығы - 50 см. Олардың арасындағы ойпаң жерлерде көп күтім мен арнайы тыңайтқыштарды қажет ететін сортаң топырақтар да кездеседі.
Өсімдіктер жамылғысы.Оңтүсік дала зонасы тармағында, негізінен, бозды-бетегелі өсімдіктер бірлестіктерінен тұратын лессинг бозы, тырса, бетеге, шисабақ пен жабайы сұлы басым. Құмайтты топырақтарда бозды-еркекшөпті, сазды және сортаңды телімдерде бетегелі-жусанды өсімдіктер бірлестіктері таралған. Көктемде эфемерлер мен эфемероидтер: баданалы қоңырбас, шөл қоңырбасы және т.б. Ойпаңдар мен сайларда дала бұталары, өзен жайылмаларында итмұрын мен ұшқат аралас қарағайлы және көктеректі тоғайлар кездеседі.
Оңтүстікте құрғақ дала зонасы тармағының шегіндегі аласа таулардың жартастыбеткейлерінде қарағай, аңғарларда қайыңды-көктеректі тоғайлар өседі. Жайық өзенінің алабындағы далада еуропалық типтегі ерекше орман телімдері бар
Дала зонасының жануарлар дүниесі орманды даламен салыстырғанда шөл фаунасымен көбірек ұқсас. Мұнда үлкен сарышұнақ, суыр, дала тышқаны, дала алақоржыны, кәдімгі аламан, кәдімгі шақылдақ сияқты көптеген нағыз қазақстандық түрлер кездеседі.
Шөлейт және дала зонасында кең таралған шөл жануарларына соқыр және үлкен қосаяқ, ал орман жануарларына ақкіс, кәдімгі тоқалтіс, ақ қоян, су жертесері, орман тышқаны жатады.
Орман жануарларының барлық түрлері даладағы бұталардың арасында, қарағайлы орман шоқтарында, өзен жағалауларындағы орманды-бұталы тоғайларда мекендейді.
Дереккөздер
↑Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х