Ырғыз – Торғай алабындағы өзен.
Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ырғыз аудандары жеріндегі өзен. Ұзындығы 593 км, су жиналатын алабы 31600 км2. Ақтөбе облысының шығысында орналасқан ол Қостанай, Қарағанды облысымен шекаралас.[1]
Мұғалжар тауының шығыс беткейіндегі бұлақтардан басталып, Торғай өзеніне қосылып, Шалқартеңіз көліне құяды.
136 кішігірім саласы бар.[2]
Басты салалары: Бақсайыс, Үймола, Қарабұтақ, Шетырғыз. Аңғары жоғарғы ағысында 0,4 - 0,6 км-ден сағасына қарай 1,5 - 1 км-ге кеңейіп, Торғай өзенінің анғарымен тұтасып кетеді. Жайылымы 200 м-ден 2 км-ге дейін өзгереді, сағасына жақын айкын байқалмайды. Арнасы жоғарғы ағысында 20 - 50 м-ден, ортаңғы ағысында 120-160 м-ге дейін жетеді. Ағынының 90%-ы көктемгі су тасу кезінде қалыптасады, жазда төменгі ағысында қарасуларға бөлініп қалады. Суының минералдылығы тасу кезінде 50-100 мг/л-ден сабалық кезеңде 2000 - 3000 мг/л-ге дейін өзгереді. Көп жылдық орташа су ағымы Шеңбертал ауылы тұсында 6,70 м3/с. Өзен бойынан жалпы сыйымдылығы1,32 млн. м3 болатын 4 тоған салынған.[3]