Празеодим[1] (лат. Praseodymіum; Pr) — элементтердің периодтық жүйесінің ІІІ тобындағы химиялық элемент, атомдық номері 59, атомдық массасы 140,908; лантаноидтар тобына жатады. Жерде сирек кездесетін металл, жер қыртысындағы салмақ мөлшері 9,5×10-4%. Тұрақты бір изотопы 141 Pr бар, қалған изотоптары жасанды жолмен алынған.
Празеодим австрия химигі К.Ауэр фон Вельсбах ашқан (1885). Минералдары: монацит, бастнезит, лопарит. Кесек празеодим ақшыл, күміс түсті, таза күйінде иілгіш, оңай өңделеді, тығыздығы 6,78 г/см3, балқу температурасы 931 °С, қайнау температурасы 3510 °С. Тотығу дәрежесі +3, кейде +2, +4, 400 °С-та оттекте жанады (Pr2O3), қыздырғанда азотпен нитрид (PrN) түзеді.
Бөлме температурасында сутекті сіңіріп әр түрлі гидридтер (Pr(H)x) түзіп, HCl, HNO3, H2SO4-пен қыздырғанда галогендермен әрекеттеседі. Таза празеодим хлоридін (PrCl3) электролиздеу арқылы алады. Празеодим және оның қосылыстары парамагнитті. Оларды шыны, фарфор бояуда, болаттың арнайы сорттарын алуда, т.б. қолданады.