Кіші жүз – Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Қазақ халқының этникалық құрамына енеді.
Тарихы
Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын Батыс Қазақстан өңірінде маңғыт немесе ноғайлы тайпалар одағы өмір сүрген болатын. Ноғай Ордасынан бөлінген алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Соған байланысты олар ел арасында “Кіші жүз – алшын” деп атанған. Оның құрамына үш бірлестік кіреді:
1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы қазақ даласын үлкен апатқа ұшыратып, бұл кезең “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” аталды. Басқыншылардың шабуылына төтеп бере алмай Кіші жүздің бірқатар рулары Сауранды айналып өтіп, Хиуа мен Бұхарға беттеді. Бірақ мұнда да тұрақтай алмай, Жайыққа қарай ығысты. Ықпалды хан деп саналғанмен, Әбілқайырдың билігі Кіші жүзге түгелдей жүрмеді. Кейіннен Кіші жүзде Нұралы, Ерәлі, Есім, Айшуақ және Шерғазы хандар билік құрды. Қазақтардың Ресей қол астына алынғанына жарты ғасыр өткенде, империялық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалысы басталды. Оны Сырым Датұлы басқарды. Бұл күрес қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиға болды. Кіші жүз қазақтарының бірсыпырасы Еділ мен Жайық аралығына көшіп, 1801 жылы Бөкей ордасын (Ішкі Бөкей ордасы) құрды.
Осы уақытта Бөкей ордасына Астрахан маңайын мекендеген ноғайларБөкей ханның қолдауымен көше бастайды. Әлі күнге дейін Кіші жүз қазақтарының арасында руға кірмейтін Ноғай-Қазақ руы бар.
1824 жылы патша өкіметі Кіші жүзде хандық басқаруды жойып, оның орнына жекелеген аймақтарды билейтін басқарушы сұлтандар тағайындауға кірісті.
1845 жылы Жәңгір хан өлген соң патша өкіметі Бөкей ордасындағы хан билігін де жойды.
Кіші жүз құрамына енген тайпалар мен рулар 15 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басында, негізінен, Қазақстанның батыс өңірін мекендеп, қазақ халқының этногенезіне ұйытқы болды. Әр кезеңдегі дүрбелеңді оқиғалар, қоғамдық сілкіністер (жаугершілік жорықтар, “Ақтабан шұбырынды”, Отан қорғау, ұлт-азаттық соғыстар, әсіресе, 20-шы ғасырдағы большевизм асыра сілтеулерінен туындаған қуғын-сүргін, ашаршылықтар мен толқулар, т.б.) салдарынан жекелеген рулар мен аталар Орта жүз бен Ұлы жүздің тарихи аймақтарына, яғни Қазақстанның түкпір-түкпіріне, сондай-ақ, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей және алыс шет елге (Иран, Ауғанстан, т.б.) көшіп барып қоныстанды. Осындай көші-қон, араласулар нәтижесінде тайпалық одақтардың алғашқы құрылған кездегі мәні жойылып, біртұтас қазақ халқының қалыптасуын объективті ақиқатқа айналдырды.[1][2]
Қоныстану аймағы
Сырдария аймағы , Арал теңізінің жағалауы, Каспий теңізі айналасы, қазіргі Батыс Қазақстан өңірі (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары) жерлерін мекендейді.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Кіші жүз қазақтарының саны шамамен 1 млн. 100 мың адамға жететін.
Мұхамеджан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкентте жарық көрген еңбегіне сәйкес алшындар қазақ халқының 2/5 бөлігін құрайтын.
Әлімұлының саны Қазан төңкерісіне дейін 350-400 мың адамды құрайтын. Оның ішінде: шекті - 60-80 мың, шөмекей 150 мыңнан аса, төртқара - 50-60 мың, кете - 50-60 мың, қаракесек - 20-25 мың, қарасақал - 10-15 мың.
Жетіру 270-300 мың, оның ішіндегі табын - 80 мың, жағалбайлы - 70 мың, керейіт - 30 мыңға дейін, тама - 45 мыңға дейін, телеу - 20 мыңға дейін, кердері - 20 мыңға дейін, рамадан - 5 мыңға дейін.