Гана Ұлттық футбол құрама командасы — Халықаралық жарыстарда Гана мемлекетінің намысын қорғайтын ұлттық құрама. Басқарушы ұйым — Гана Футбол қауымдастығы. 1957 жылға дейін Алтын Жағалау құрамасы деген атпен ойнаған. Әлем чемпионатына үш рет (2006, 2010, 2014) рет қатысқан. Төрт дүркін Африка чемпионы — 1963, 1965, 1978, 1982.
2006 жылы тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысты. Италия, Чехия, АҚШ құрамалармен бір топқа түсті. Әуелі Италиядан 0:2 есебімен ұтылды. Екінші турда күтпеген жерде Чехияны тізе бүктірді — 2:0. Үшінші турда АҚШ-пен болған тартысты кездесуде 2:1 есебімен ұтып, келесі сатыға өтті. 1/8 финалда Бразилиядан 0:3 есебімен ұтылып, елге қайтты.
Арада төрт жыл өткен соң, 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен чемпионатта ширек финалға дейін жетті. Ширек финалда Уругваймен ойында 120 минутқа дейін есеп 1:1 боп тұрды. Соңғы минутта Гана футболшылары керемет шабуыл ұйымдастырып, қақпаға еніп бара жатқан допты Уругвай футболшысы Луис Суарес қолмен қайтарды. Төреші Суаресті алаңнан қуды да, ганалықтардың пайдасынан пенальти белгіледі. Бірақ Асамоа Гьян жартылай финалға шығатын керемет мүмкіндікті пайдалана алмады. Доп маңдайшаға тиіп, гол болмады. Пенальтилер сериясында Гана ұтылып қалды — 3:4.