Бастапқыда Америкада ағылшын, франциялық, испан, неміс, тағы басқа ұлттардың әдебиеттері қатар дамып отырған. Мысалы, Пенсильванияда алғашқы кітап неміс тілінде шыққан еді, және төңкеріске дейін бұл барлық америкалық отарлардағы ең үлкен басылым болған деп саналады.[1] Ал үндістер тайпаларының әрқайсысында өзіне тән ауыз әдебиеті дәстүрлері қалыптасқан болатын. Бірақ континенттегі саяси өзгерістермен бірге ағылшын тілі біртіндеп ортақ әдеби тілге айнала бастады. Осы кезеңнің шығармалары көбінесе христиандық діни тақырыпта болады, кейін біртіндеп тарихи және саяси тақырыптармен толығады. Қоныстанушылардың үндістермен қатынастарын және қақтығыстарын суреттейтін шығармалар да пайда бола бастады. Джон Уинтроп, Уильям Брэдфорд, Томас Мортон, Александр Уитакер, Бенджамин Чёрч, Коттон Мэзер сияқты есімдер көпке таныла бастады.
Америкалық төңкеріс кезеңі
Тәуелсіздік үшін соғыспен (1775–83) байланысты болған бұл кезең Бенджамин Франклин, Александр Гамильтон, Томас Пейн, Томас Джефферсон сияқты саясаткерлердің әлеуметтік еңбектері жариялануымен ерекшеленеді. Франклиннің автобиографиясы мен альманахы (Poor Richard's Almanac) америкалық ұлттық сананың қалыптасуына әсер етсе, Пейннің Common Sense пен The American Crisisпамфлеттері сол заманның саяси талқылауларына бағыт берген. Филип Морен Френоның соғыс жайындағы поэмалары да жалпы ұлттық пікірталасқа едәуір әсер етті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін
1789 жылы алғашқы америкалық роман болып есептелетін Уильям Хилл БраунныңThe Power of Sympathy (Симпатия күші) атты кітабы шығады. Махаббат жолындағы жасалатын қателіктерді баяндайтын бұл кітап эпистолярлық жанрда жазылған еді.
1797 жылы Ханна Уэбстер ФостердіңThe Coquette: Or, the History of Eliza Wharton атты сентименталды романы шығады. Мұнда адал мен бұзық екі жігіттің біреуін таңдай алмаған келіншектің соңында жаңа туылған сәбимен жалғыз қалғаны баяндалады.
1798 жылы Чарльз Брокден БраунныңWieland романы, ал келесі жылы Ormond, Edgar Huntly, Arthur Mervyn атты готикалық шығармалары шығады.
1809 жылы Америка әдебиетінің классигі Вашингтон Ирвинг өзінің A History of New-York from the Beginning of the World to the End of the Dutch Dynasty (Дүниенің пайда болуынан бастап голландиялық династияның соңына дейінгі Нью-Йорк тарихы) атты тұңғыш романын жазады.
Жазушы әрі сыншы Джон НилЛоган, жанұяның тарихы (1822), Жетпіс алты (1823), Рэндольф (1823), Джонатан ағай (1825), Рэйчел Дайер (1828, Салем мыстандары туралы алғашқы роман) кітаптарын жазады. Ол Ирвинг пен Куперді ағылшын жазушыларына еліктегені үшін сынап, америкалық автор «жетістікке жету үшін ешкімге ұқсамауы керек»[3] деген пікірді білдірген.
Детектив пен хоррор жанрларын ойлап тапқандардың бірі болып саналатын Эдгар Аллан По 1832 жылы өзінің новеллаларын жаза бастайды. Қызыл өлімнің бетпердесі, Ашер үйінің құлауы, Қара мысық, Морг көшесіндегі кісі өлімі, Алтын қоңыз сияқты әңгімелерінде ол жан түршігерлік, мистикалық немесе психологиялық әдістерді шебер пайдаланады.
1837 және 1842 жылдары Натаниел Хосорн өзінің Қайта айтылған әңгімелер екітомдығын шығарады. Ал 1850 жылы оның Алқызыл әріп атты классикалық романы басылады, онда қоғамнан қуылған зинақор әйелдің драмасы суреттеледі. Хосорнның шығармашылығы Герман Мелвиллге үлкен әсер етті, және ол өзінің атақты Моби Дик романын (1851) досының кемеңгерлігіне арнап жазғанын ескертті. По, Хосорн және Мелвиллді қараңғы романтизм бағытының өкілдері ретінде қарастыруға болады.
Үндістердің де автобиографиялық пен көркем шығармалары пайда бола бастайды. 1829 жылы пекот тайпасынан шыққан Уильям Эпс өз өмірі жайындағы Орман баласы кітабын жариялайды. Ал 1854 жылы чероки тайпасының өкілі Джон Роллин РиджХоакин Муриетаның өмірі мен басынан кешкендері атты шығарманы бастырады, бұл Американың байырғы халықтары әдебиетіндегі алғашқы роман болып есептеледі.
Америкадағы азамат соғысы жайындағы аса әсерлі шығарманы 1895 жылы жас журналист Стивен Крейн жазды. Оның Айбынның алқызыл белгісі романы алғашқыда Қатардағы жауынгер Флеминг/Оның қилы-қилы шайқастары деген атаумен The Philadelphia Press газетінің бірнеше санында жарияланды, кейін жеке кітап болып басылды.
«Жоғалған ұрпақтың» тағы бір өкілі Фрэнсис Скотт ФицджеральдҰлы Гэтсби мен Бұл нәзік түн романдарында өмірден алтын жауын күткен, бірақ үміттері үзілген жас буынның рухы қандай жағдайға келетінін өте әсерлі етіп суреттейді. Синклер Льюис те Басты көше, Бэббит, Эроусмит сияқты романдарында Америкадағы өмірді сыни көзқараспен көрсете білді. 1930 жылы ол Нобель сыйлығын иеленген алғашқы америкалық жазушы дәрежесіне жетті.
1930-шы жылдардың басындағы Ұлы тоқырау салдарын суреттеген Джон Стейнбек өзінің Қаһар (Ыза шоғы) романында Оклахоманың бір кедей жанұясының жоқшылықтан қашып, батысқа ауыр сапар жасағанын баяндайды. Натанаил Уэст сол кездегі қоғамды жатырқану мен торығу сезімдері билегенін Қара шегіртке күні романында ашып көрсетеді.
Канададан АҚШ-қа көшкен Сол Беллоу өзінің Хендерсон, жаңбыр қожайыны, Оги Марчтың басынан кешкендері, Герцог романдарында америкалық қалалардың бейбіт өмірін және тұрғындардың жаңа тұрмысын көрсетеді. Өз шығармашылығы үшін ол Пулитцер сыйлығын, Нобель сыйлығын және National Medal of Arts медалін иеленді.
1950-1960-шы жылдары әдебиетте битниктер (немесе «қалжыраған ұрпақ») ағымы басым бола бастады. Олар нонконформизм мен экзистенциализмге негізделіп, шығармашылықтың жаңа пішіндерін және тақырыптарын ашуға тырысты.
1951 жылы Джером Дэвид СэлинджерҚарабидайдағы ұстаушы романында 16 жасар Холденнің күрделеніп бара жатқан өмірде өз орнын табу жолындағы ізденістерін суреттейді. 1957 жылы Джек Керуак өз өмірінің негізінде Жолда романын жазады, онда екі достың мәшинемен елді аралағаны және олардың рухани ізденістері баяндалады.
1960 жылы Харпер Лидің расалық теңсіздікке арналған Құйқылжықты өлтіру романының шығуы қоғамдағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Расалық тақырыпты афроамерикалық автор Ричард Натаниел Райт та жоғары көтереді. Ол өз шығармашылығын Том ағайдың балалары атты әңгімелер жинағынан бастап, кейін Америка баласы мен Ұзақ ұйқы романдарын жазады.
1960 жылы Джон АпдайкRabbit, Run романында америкалық жаңа орта тап өкілінің келбетін суреттейді. 1971, 1981, 1990 жылдары шыққан сиквел-романдарда бұл хикая жаңа тақырыптармен толығады, соңғы екі романның әрқайсысы Пулитцер сыйлығымен марапатталды.
1975 жылы постмодернизмнің алғашқы өкілдерінің бірі Уильям Гэддис сатираға толы J R романын шығарады. Бұл үшін ол National Book Award for Fiction сыйлығын алады. 1994 жылы шыққан A Frolic of His Own романы да осы сыйлыққа ие болады.
1977 жылы Тони МоррисонСоломон әні романын жазады, мұнда ол мультимәдени ортадағы жас адамның есею кезеңін бейнелейді. Ал 1987 жылы Билавд романында ол Азамат соғысы кезеңіндегі афроамерикалық әйелдің өмірін мистикалық тұрғыдан көрсетіп жазады.
1985 жылы Кормак МаккартиҚанды меридиан атты вестерн романында сыйақы үшін үндістерді қырған топтың адами келбеттен ада болып баруын бейнелейді. 1992-1998 жылдары оның Шекара трилогиясына енетін кітаптары басылып, оқырмандар мен сыншылардың көңілінен шықты және бірнеше әдеби сыйлыққа ие болды.
1997 жылы Дон ДелиллоныңUnderworld романында Қырғи қабақ соғысы кезіндегі Американың тұрмыстық суреттері ұсынылады, сондай-ақ Қазақстандағы ядролыққалдықтарды сақтау нысандары сөз етіледі. Жазушының бұдан басқа White Noise (1985), Mao II (1991), Falling Man (2007) деген танымал романдары бар.