Сентиментализм — 18 ғасырдың 2-жартысы мен 19 ғасырдың бас кезіндегі әдеби ағым.
Сентиментализм Еуропа әдебиетінде дамыды. Ағылшын әдебиетінде оны Л.Стерн орнықтырды. Оның “Франция мен Италияға сентименталдық сапар” атты романы Еуропа елдерінде кең тарады. Сентиментализм жеке адамның жан дүниесін, көңіл-күйін суреттеуге ерекше мән берді. Бұл бағыттағы шығармаларда күнделікті тұрмысты, тіршіліктің жеке көріністерін сипаттау мол орын алды. Әдебиетте психологиялық роман, повесть, естелік, сапарнама (жолжазбалар) секілді жанрлық түрлер көп қолданыс тапты. Шығарманың композициялық өрнегі мен сюжетінде жазушы оқиғаның адамға қаншалықты әсер етіп, қандай сезім туындататынын айрықша ескеріп отырды. Яғни, қаламгер өзара байланысы жоқ түрлі оқиғаларды, бір-біріне жанастырып, қиюластырып еркін баяндайды. Шығармадағы оқиғаға табиғат суреттерін, жазушының түрлі сезім-әсерлерін, т.б. жанама жайттарды қоса отырып суреттейді.
Орыс әдебиетінде сентиментализмнің көрнекті өкілі Н.М. Карамзин болды. Карамзиннің “Бейшара Лиза” атты повесінен сентиментализмнің негізгі сипатын да, сондай-ақ осал тұстарын да айқын аңғаруға болады.[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6