Айқұлақ — көктемнен бастап жаз бойы ойнайтын ойын. Айқұлақты ойнау үшін кешке таман жұрт аяғы басылған соң көп балалар жиналып өздерінің арасынан үш баланы шығарады: бірі—«қасқыр», бірі —«қойшы», бірі —«ит».
Қасқыр болатын баланың екі шекесіне екі тақияны тікейтіп, орамалмен маңдайын байлап, арқасына киім-кешекті тығып томпайтып, белін астынан буып «қасқыр» қылып болған соң, балаларға жуытпай анадай бір бұтаның тасасына жатқызады.
Қойшы болатын баланың үстіне жыртық шапан, басына жаман бөрік кигізіп, қолына бір таяқ беріп, «ит» болған баланы қасына ертіп, қойлардың жанына жатқызады. Қалған бір топ баланы «қой» қылып көгендеп қояды. Біраздан соң «қойлар» дүр етіп үркеді сол уақытта «ит» те абалап, «қасқырменен» арсылдасып қалған кезде, «қойшы» да айтақтап, «лақ-қозыны» айырып қалады.
Сөйтіп «қасқыр» бірде құр кетіп, бірде алып кетіп жүріп, ақырында сол «қойлардың» бәрін де тауысады. Міне, бұл ойын осылай бітіп, екінші басталғанда да сол бұрынғы тәртіппен өтетін болады. Бұл ойын жастарға таза ауада дем алуға, көңіл көтеруге, шынығуға, өмірді түсініп, білуге жәрдемдеседі.
[1]
Айқұлақ - ертедегі қазақ балаларының жылы маусымда, көбіне,жазда ойналатып дәстүрлі ойынының атауы. Кешке балалар жиналып бірін қасқыр, бірін қойшы, бірін ит деп атап, араларынан үш баланы шығарады. «Қасқыр» болған баланың екі шекесіне екі тақияны орамалмен маңдайынан орай тікірейтіп байлап, арқасына киім-кешек тығып томпайтып, белiн астынан буып, қасқырға» айналдырған соң балаларға жақындатпай, бір бұтаның тасасына жасырады. «Қойшы» болатын балаға жыртық шапан, берік кигізіп, қолына бір таяқ беріп, «ит» болған баланы қасына ертіп, қойлардың жанына жатқызады. Бір топ бала «қой» болып топтасады, біраз бала «көгенделген қозы-лақ» болып қатарласып тұрады. Біраз уақыттан кейін «көгендегі қозы-лақтар» мен қорадағы «қойлар» дүр етіп үркеді, сол кезде «ит» үріп, қасқырмен» арсылдасып қалғанда, «қойшы» да айтақтап «қозы-лақты» айырып алады. Сөйтіп, «қасқыр» бірде алып кетіп, бірде құр кетіп жүріп, әйтеуір сол «қойлардың» бәрін тауысады. Бұл ойын екінші басталғанда да сол бұрынғы тәртіп бойынша жалғасады. Ойынның маңызы - балаларды малсақ етіп баулуға бағытталды. Ойын кезінде тыйым салынған атауларды айтуға болмайды. Айталық, ойыншылар қасқыр атауын атамай бөрі, итқұс деп айтулары қажет. Айқұлақ ойынының кейбір өңірде кездесетін атауы аюқұлақ.[2]
Тағы қараңыз
Дереккөздер
- ↑ Сағындықов Е. С. / Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы: «Рауан» баспасы, 1991 жыл .—176 бет. ISBN 5-625-01063-3
- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2