Гормондар[1] (гр. hormao — қоздырамын, қозғаймын) — эндокринді бездер немесе эндокриндік қызметке қабілетті жекеленген жасушалар бөлетін тым белсенді органикалық биологиялық заттар. Аталмыш бездер мен жасушалардың шығару өзектері болмағандықтан, олар өздері бөлетін гормондарын организмнің ішкі сұйық ортасына (ұлпа сұйығы, қан, лимфа) бөліп шығарады.
Гормондар — өзінің химиялық табиғатына байланысты:
- стероидты гормондарға (жыныс гормондары, бүйрекүсті безі қыртысты заты гормоны),
- протеиндік және пептидтік гормондарға (гипофиз, қалқанша без, қалқаншамаңы безі, ұйқы безі, бұйрекүсті безінің бозғылт затының гормондары),
ал нысандарға әсер ету қызметіне қарай:
- бірыңғай салалы ет құрылымдары мен бездерге салыстырмалы қысқа мерзім ішінде әсер ететін кинетикалық гормондарға (окситоцин, вазопрессин, адреналин, норадреналин),
- организмдегі зат алмасу процестерін реттейтін метабоддық гормондарға (тироксин, кальцитонин, паратгормон, инсулин, глюкагон)
- жасушалар, ұлпалар мен мүшелердің өсуі мен жетілуін бақылайтын морфогенетикалық гормондарға (соматропты гормон, фолликулды жандандырушы гормон, эстрогендер, тестостерон) бөлінеді.
Гормондар - ішкі секреция бездерінен бөлінетін ұлпалар мен мүшелерге әсер ететін биологиялық белсенді заттар. Гормондардың барлығы ағзалық заттар, себебі, олардың біреуі нәруыздан, екіншісі аминқышқылдарынан, үшіншісі майтектес заттардан құралған. Гормондар ішкі секреция бездерінен бөлініп, қан, лимфа, ұлпа сұйықтығы арқылы басқа мүшелерге жеткізіледі. Ішкі секреция бездерінің қызметін реттейтін орталық - аралық мидағы гипоталамус. Оны көру төмпешікасты бөлімі деп те атайды. Гипоталамус пен гипофиздің қызметі бірімен-бірі тығыз байланысып, гипоталамустен гипофиздік жүйе құралады. Жүйке ұлпасынан бөлінетін гормондар - нейрогормондар деп аталады. Олар қан құрамының тұрақтылығын және зат алмасудың қажетті деңгейін қамтамасыз етеді. Осы арқылы ағза қызметінің әрі рефлекстік, әрі гуморальдық реттелуі жүзеге асады.
Қызметі:
- Зат алмасу қарқындылығын өзгертеді;
- Ағзаның тіршілік ету ортасына бейімделушілігі арттырады;
- Өсу мен көбеюді реттейді;
- Физиологиялық үдерістерді күшейтеді немесе бәсеңдетеді.
Жасуша нысан - Гормон нысанада болатын нәруыз - рецептормен байланысады. Осы рецепторлар гормонның деңгейінің кішкене ғана ауытқуын сезіп, ішкі секреция бездеріне сигналдар жібереді, нәтижесінде олар өздерінің белсенділіктерін арттырады немесе бәсеңдетеді. Нәтижесінде гормонның мөлшері қалыпты жағдайға түседі[2][3][4]
Гормондар - ақпарат тасымалдаушы молекулалар. Әр гормон тек өзіне тән бір сигналды нысана-жасушадағы рецепторға жеткізеді. Ақпарат табиғатына сәйкес жасушадағы құбылыс белгілі бір сипаттық өзгеріске түседі. Бұл сол жасушаның сыртқы сигналға берілген адекватты жауабы болады. Соның нәтижесінде ағзаның климат әсеріне бейімделуі, термореттелуі, қорғаныстық жүйесі, инфекциядан сақтануы, мүше,ұлпа, жасушалар мен жасушаралық реттелулер, репродукция (ұрпақ жалғастыру), тұқымқуалау қасиетін беру (фенотип пен генотип қалыптасуы) және т.б. қасиеттері орындалады.
Дереккөздер
- ↑ Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6
- ↑ Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл. ISBN 9965-822-54-9
- ↑ Әлімқұлова Р., Сәтімбеков Р. Ә 55 Биология: Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. - 2-басылымы, өңделген, толықтырылған. — Алматы: Атамұра, 2008. - 320 бет. ISBN 9965-34-812-Х
- ↑ О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова
Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік.
Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0