Ұлпа - (грек. hіstos; лат. textum) — өсімдіктердің шыққан тегі, құрылымы және организмдегі атқаратын қызметі бір-бірімен байланысты жасушалар жүйесі.
Ұлпаны атқаратын қызметіне, шыққан тегіне, морфологиясына, т.б. қасиеттеріне байланысты бірнеше топқа бөледі. Егер ұлпа біркелкі жасушалардан құралған болса, оны жай (колленхима), ал бірнеше жасушалардан тұрса — күрделі (эпидерма) деп жіктейді. Негізгі ұлпалар атқаратын қызметіне байланысты ассимиляция, сіңіргіш, қорлық заттар жинаушы, ауа ұстағыш болып ажыратылады.
Жоғары сатыдағы өсімдіктер ұлпалары 5 түрге бөлінеді:
- меристемалық
- қорғаныш
- механикалық
- өткізгіш
- паренхималық
Өсімдіктердің бір ерекшелігі — олардың тұрақты өсу қасиетін бөлінуге қабілетті меристемалық ұлпаның болуына байланысты.
Қорғаныш Ұлпа
Қорғаныш (жамылғы) ұлпалары өсімдіктің ішкі ұлпаларын сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен қорғайды. Эпидермис және тамырдың эпиблема Ұлпасын бастапқы жамылғы, ал көп жағдайда оның бет жағында түрліше қызмет атқаратын түкшелер, балауыз тәріздес кутин қабаттарын кутикула деп атайды. Жапырақ эпидермисі қорғаныш, газ алмасу, транспирация, ал кутикула Ұлпаға микроорганизмдердің, т.б. зиянкестердің енуіне қосымша кедергілік қызметін атқарады.
Механикалық Ұлпа
Механикалық Ұлпалар тіректік қызмет атқарып, жел, жаңбырға төтеп беріп, органдардағы жасушалар мен ұлпаларды, орган бөліктерін біріктіреді. Жасуша қабығының қалыңдап қатаюы, сүректенуі механикалық Ұлпаның анатомиялық ерекшелігінің бірі болып саналады.
Механикалық Ұлпалардың 3 түрі бар:
Өткізгіш Ұлпа
Өткізгіш Ұлпалар өсімдік денесінде суды, минералдық, органикалық заттарды тасымалдау және органдарды біртұтас жүйеге біріктіру қызметін атқарып, өсімдіктерде түтікті талшықты шоқтарға жинақталады. Сондай-ақ жасушалар жиынтығынан (шірнеліктер, безді талшықтар) немесе дара жасушадан (идиобластар) тұратын секреттік ұлпалар болады. Ұлпаның сапалық өзгешеліктері жасушадағы гендердің ерекше ырықтылығына негізделген. Ұлпа құрамындағы кез келген жасуша оның геномында тұтас организмнің дамуы жөніндегі ақпарат болатындықтан, бүтін органның немесе организмнің бастамасы бола алады. Бірақ бұл қасиеттің жүзеге асуы фитогормондардың, метаболиттердің және олардың физикалық, химикалық жағдайларының өзара үйлесімдігіне тығыз байланысты. Ұлпаның даму жолдарын зерттеуде жасушаларды іn vіtro жағдайында өсіру арқылы жүргізу ядродағы генетикалық бағдарламаны толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұлпаның пайда болып, дамуын гистогенез, ал бұл процестерді тереңдетіп зерттейтін ілімді — гистология деп атайды. Өсімдіктер Ұлпасын, олардың атқаратын қызметі мен құрылысын өсімдіктер анатомиясы зерттейді.[1]
Дереккөздер
- ↑ Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл. ISBN 9965-822-54-9