2011 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасындағы Эстония Республикасының Елшілігі ашылды.
2012 жылдың шілдесінде Финляндия мен Эстония (қоса қызмет атқару) Республикаларында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.
2013 жылғы наурызда Таллинн қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығы ашылды.
2019 жылдың 18 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Таллинндегі консулдығы Қазақстанның Эстониядағы Елшілігі болып қайта құрылды.
2019 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Н.Сейтімов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады.
2021 жылғы 1 тамыздан бастап Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Т.Тирс.
2020 жылдан бастап Эстонияда Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы (Палдиски қ.) жұмыс істейді.
Саяси қатынастар
Екі ел арасындағы саяси қатынастар өзара түсіністік жағдайында дамуда. Халықаралық мәселелердің негізгі аспектілері бойынша тараптардың ұстанымдары жақын.
2022 жылғы 27 мамырда Қазақстан мен Эстонияның Сыртқы істер министрліктері екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына байланысты Бірлескен коммюникені қабылдады.
2023 жылғы 31 қаңтарда Астанада Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының Cыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Олжас Сулейменов пен Эстония Республикасы Сыртқы істер министрлігі Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің бас директоры Марге Мардисалу-Кахар тең төрағалық етті. Тараптар Қазақстан мен Эстонияның екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылын егжей-тегжейлі талқылады, шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру және халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша пікір алмасты.
2023 жылғы 18-19 мамырда Эстония Республикасы Сыртқы істер министрлігінің вице-канцлері Мярт Вольмер Алматыда өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумының жұмысына қатысты, ол саммит алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесу барысында Қазақстан-Эстония ынтымақтастығының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Өте жоғары деңгейдегі байланыстар
1994 жылы маусымда Эстония Республикасының Президенті Л.Мери Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар барысында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
1994 жылы тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Эстонияға ресми сапармен келді, одан кейін екі ел арасындағы қатынастардың негізгі бағыттары бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
2011 жылғы 20-21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Эстонияға мемлекеттік сапармен барды. Іс-шараның қорытындысы бойынша мемлекетаралық әріптестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
2015 жылғы 26-27 ақпанда Эстонияның экс-президенті А.Рюйтелдің басшылығымен өкілдік бизнес делегациясының Қазақстан Республикасына жұмыс сапары болды. Транзиттік және көлік саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен өндірістер құру үшін алдыңғы қатарлы эстондық агроөнеркәсіптік технологияларды енгізу ұсынылды.
2015 жылғы 30 мамыр - 1 маусым аралығында Эстонияның экс-президенті А.Рюйтель Қарағанды облысы, Спасский ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалының ашылу салтанатына қатысу үшін Қазақстан Республикасына келді.
Жоғары деңгейдегі байланыстар
2009 жылғы 7-9 қыркүйекте Эстония Премьер-министрі А.Ансиптің Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен, Премьер-министрі К.Мәсімовпен және Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Ж.Тоқаевпен келіссөздер өтті.
2012 жылғы 4-5 мамырда Эстония Сыртқы істер министрі У.Паэттің Астанаға ресми сапары барысында Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ресми ашылу рәсімі болды.
2018 жылғы 17-19 мамырда Эстонияның экс-президенті Тоомас Хенрик Ильвес Астана экономикалық форумына қатысты.
2022 жылғы 2 желтоқсанда Лодзь қаласындағы (Польша) өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Эстония Республикасының Сыртқы істер министрі У.Рейнсалумен кездесу өткізді.
Парламентаралық ынтымақтастық
2014 жылғы 19-21 мамырда Эстония Республикасының Рийгикогу (Парламент) Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік тобының жетекшісі Д.Бородич Қазақстанға ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
2018 және 2019 жылдары Эстония Республикасының Рийгикогу депутаттары М.Корб және Р.Сиккут Астанада сапармен болып, қазақстандық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.
2021 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Эстония Рийгикогу парламентаралық ынтымақтастық топтары мүшелерінің онлайн отырысы өтті.
Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық
2017 жылғы 24-26 мамырда Эстонияда Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донаков бастаған құқық қорғау органдарының жұмыс сапары өтті. Іссапардың басты мақсаты сотқа дейінгі тергеудегі прокурордың рөлі мен функциялары, бұл функциялардың полициямен және сотпен байланысы, сондай-ақ, Қылмыстық іс жүргізу кодексін реформалау туралы Эстония тәжірибесін зерделеу болды.
2022 жылғы 21 қазанда құрамында Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы бар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Таллинн қаласында болып, Эстония Республикасының әділет органдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сот ісін жүргізуді жетілдіру, іс жүргізуді цифрландыру және сот жүйесі жұмысының тиімділігін жалпы арттыру бойынша тәжірибе алмасты.
2023 жылғы 5-8 шілде аралығында Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла бастаған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Таллинн қаласында болып, Эстония Республикасының сот органдарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сот әкімшілігін жетілдіру және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша тәжірибе алмасты.
Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық
2020 жылғы 1 шілдеде Эстония мен Сингапур Сыртқы істер министрліктері COVID-19-ға жауап ретінде цифрландыру бойынша бірлесіп ұйымдастырған ғаламдық бейнеконференцияға 60-тан астам елдің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш индустриясы вице-министрі Абылайхан Оспанов қатысты.
2022 жылғы желтоқсан айында қазақстандық дәрігерлер Таллиндегі Эстония аймақтық ауруханасында (VATS Clinical Immerse тренингі) оқу курсын аяқтады, онда олар практикалық жаттығуларға қатысты.[1]