Perseverance (ағылшыннан «табандылық» дегенді білдіреді) — «Марс-2020» миссиясы бойынша Марсқа ұшырылған ровер, көлемі 3 × 2,7 × 2,2 метр. Аппарат Ingenuity тікұшақ дронымен жабдықталған.
2020 жылдың 30 шілдесінде Канаверал мүйісінен ұшырылған ровер 2021 жылдың 18 ақпанында Қызыл планетаның Езеро кратеріне сәтті қонды.[1]
Бұл ровер Марсқа 2011 жылы ұшырылған Curiosity роверінің технологиясы негізінде жасалған.[2] Инженерлер ровердің алюминий дөңгелектерін мықтырақ қылу үшін олардың енін қысқартып, диаметрін 50 сантиметрден 52,5 сантиметрге дейін үлкейтті; ішіндегі құрылғылар санының өскенімен қатар бұл ровердің массасын 17%-ға арттырды.[3][4] Роверде ұзындығы 2,1 метрге жететін роботтандырылған қол бар, ол Марс топырағының үлгілерін алуға арналған[5]
Аппаратты қуаттайтын термоэлектрлік генератор плутоний диоксидының реакциялары арқасында жұмыс істейді, ол түнде де, шаңды дауыл кезінде де жарамды болады, жұмыс мерзімі 14 жылға дейін жетеді.[6] Сондай-ақ екі литий-ионды батареясы бар.
НАСА "Send Your Name to Mars" кампаниясы аясында 11 миллионға жуық еріктінің есімдерін жинақтап, оны үш микрочипке жаздырып, арнайы алюминий табақшаға бекіткен. Табақшада лазермен Жер, Марс, Күн суреттері салынған. Ол роверге 26 наурызда бекітіліп орнатылған.[9]
Perseverance аппаратын ұшыру жоспарына COVID-19 пандемиясы едәуір әсер етті. Бұған орай, денсаулық сақтау қызметкерлерін құптау мақсатымен роверге арнайы метал табақшасы орнатылды, онда медицина нышаны — Асклепий асатаяғына айнала өрмелеп шыққан жылан бейнесі салынған, мөлшерлері — 8 де 13 сантиметр.[10]