Mars Reconnaissance Orbiter — 2005 жылы Марсқа ұшырылған және бүгінгі күнге шейін істеп тұрған америкалық ғарыш кемесі.
Аппараттың негізгі миссиялары Марстың климатын мұқият зерттеу және картографиясын жетілдіру болды. Сонымен қатар ол Марс бетіндегі аппараттармен байланыс нығайтуға жұмсалды.
2007 жылы Phoenix аппаратының, 2012 жылы Curiosity роверінің, 2018 жылы InSight модулінің және 2021 жылы Perseverance роверінің қону аймақтарын таңдауында Mars Reconnaissance Orbiter басты үлес қосқан.
Аппараттың негізгі құрылғыларына үш камера, екі спектрометр және радар жатады. Сондай-ақ бортында болашақ миссияларда қолдануға арналған үш эксперименталды құрылғы бар.
High Resolution Imaging Science Experiment камерасында диаметрі 0,5 м телескоп-рефлектор бар. Камераның ажыратымдылығы 1 микрорадианды құрайды, яғни 300 шақырым биіктіктен Марс бетінен 30 см-лік тас-бөлшектерді ажыратуға болады (1 пиксельге 0,3 м).
Бірінші суреті 2006 жылдың 24 наурызында жасалды.
Context Camera құрылғысы Марстың үлкен аймақтарын түсіруге және оларды ұзақ мерзімді бақылауына арналған. Ажыратымдылығы 1 пиксельге 6 м құрайды.
Mars Color Imager камерасының ажыратымдылығы төмен, бірақ қамту бұрышы 180° құрайды. Ол көрінетін және ультракүлгін диапазонда Марстың жалпы картасын жасауға арнлаған.
Compact Reconnaissance Imaging Spectrometer for Mars — көрінетін және инфрақызыл диапазондағы спектрометр. Марстың минералогиялық картасын жасауға арналған. 300 шақырым биіктіктен алғандағы ажыратымдылығы 1 пиксельге 18 м құрайды.
Mars Climate Sounder спектрометрі Марс атмосферасын зерттейді, ондағы температураны, қысымды, бу мен шаң концентрациясын өлшеп тұрады.
Shallow Subsurface Radar радиолокаторы Марстың полюстарындағы мұз қабаттарының құрылысын және басқа да топырақ астындағы мұз қойнауларын анықтауға арналған.