Ұшқаттар тұқымдасы (лат.Caprifoliaceae) – бұта, жартылай бұта, кейде ағаш немесе көп жылдық шөптесінөсімдіктер. Дүние жүзінде солтүстік және қоңыржай аймақтарда тараған 15 туысы, 500-дей түрі белгілі. Қазақстанда 6 туысы, 27 түрі бар. Жиі кездесетін туыстары — ұшқат, және линнея (жалманақ). Жалпақ жапырақты, қылқан жапырақты және аралас ормандар арасында өседі. Ұшқаттар тұқымдасының жапырақтары қарама-қарсы орналасқан, бөбе жапырақшасы ұсақ, тіпті жоқтың қасы. Гүлшоғырындағы гүлдері әр түрлі 5 мүшелі, қосжынысты. Күлтесі доңғалақша, табақша, қоңырауша, кейде түтікшеге ұқсас. Аталығы 5, аналығы 1, жатыны төмен орналасқан, 2—5 біріккен жеміс жапырақшасынан тұрады. Аналық мойны қысқа, жуан немесе ұзын, жіпше тәрізді. Жемісі — қорапша, сүйекше, бір немесе бірнеше тұқымды жидек. Ұшқаттар тұқымдасына жататын өсімдіктерді бауларда, саябақтарда, орман ш-нда жылжымалы тау беткейлерін бекітуге өсіреді; көлеңкелі жерде өскен ағаштың өзегі ботаникада анат. кесіндіні бекіту үшін пайдаланылады. Бұлардың дәрілік, бояулық, шірнелі, техникалық маңызы зор. Кейбір түрлерінің жидектері тағам ретінде пайдаланылады. Көпшілік түрілері негізінен дәрілік және мәдени өсімдіктер.[1]