Қожакендір тұқымдасы (Dіpsacaceae) – екі, көп жылдық қос жарнақты шөптесін өсімдіктер мен бұталар. Негізінен, Жерорта теңізі жағалауында, Батыс Азия жерлерінде кездесетін 10 туысқа бірігетін 300-ге жуық түрі бар. Қазақстанда 5 туыс, 15 түрі өседі. Биікт. 2,5 метрдей.
Сабағы тік, ұшына жақын жерінен бұтақтанған, сабақсыз түрлері де кездеседі. Жапырақтары жай, түкті, өркенге қарама-қарсы орналасады. Күлтесі 4 – 5-тен біріккен ақ, қызғылт, көк, қоңыр-қызыл, сиякөк, сары түсті, иіссіз болады.
Аталықтары 4, кей түрінде 2, жіпшелері өте жіңішке келеді. Аналығы 2 жеміс жапырақшасынан тұрады, жатыны бір ұялы, бір ғана тұқым бүршігі болады. Гүлдері жәндіктер арқылы айқас тозаңданады. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс салады. Жемісі – жаңғақ. Тұқымында 30%-дай май бар. Гүлдері әдемі болғандықтан, саябақтарда сәндік үшін де өсіріледі.[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ энциклопедиясы