Ұшқат (лат. Lonicera) – ұшқаттар тұқымдасына жататын шырмалған бұта, кейде ағаш.
Қазақстанның тау беткейлерінде, кейде шыршалы ормандар арасында, тастақты жерлер мен өзен жағалауларындағы тоғайда өсетін 21 түрі бар. Бұлардың биіктігі 15—200 см. Жапырақтары жай, қарама-қарсы орналасады. Гүлдері қос жынысты, 2 кейде дара гүлді, шатырша құрайды. Жатыны 2—3 (5) ұялы. Аталық мойны ұзынша, күлтесі ақ, сары, қызыл, қызғылт, қоңыр, қара түсті. Гүлшоғыры — масақ. Жемісі — жидек, құрамында флавонды заттар, С витамині бар, кейде тағам ретінде пайдаланылады. Кейбір түрлері тасты, тастақты тау беткейлерін бекіту үшін өсіріледі. Ұшқаттың: Іле ұшқаты, Қаратау ұшқаты (L. karatavіensіs) — өте сирек кездесетін өсімдіктер, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.[1]
Дереккөздер
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9