Жүйке

-/-

Жүйке – жүйке талшықтарынан құралған ұлпалар шоғырлары. Жүйке, жүйке (латынша nervus, ал грекше neuron – сіңір, желі) — ми мен жүйке түйіндерін дененің басқа органдарымен және ұлпаларымен байланыстырады. Жүйке талшықтары дендрит (жүйке жасушасының қысқа тармақты өсіндісі) және аксоннан немесе нейриттен (жүйке импульстерін жүйке баратын басқа мүшелер мен жүйке жасушаларына жеткізетін өсінді) тұрады. Әр жүйкенің өзіне тән сезімталдық, қозғалтқыш, соматикалық, симпатикалық қасиеттері болады. Жүйке дәнекер ұлпалы қабықпен қапталған. Әр жүйке талшығының қабығы – эндоневрий, желі қабығы – периневрий, ал жүйкенің бүтіндей қабығы – эпиневрий деп аталады. Адам мен омыртқалылар (бауырымен жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) миынан 12 жұп жүйке тарайды. Жұлын жүйкелері 31 жұп. Әрбір жұбы дененің белгілі бір жеріндегі жүйке эффекторлары мен рецепторларына әсер етеді. Бұлар 8 мойын, 12 кеуде, 5 беломыртқа, 5 сегізкөз, 1 құйымшақ жүйкесі болып бөлінеді. Бір-біріне жақын орналасқан жүйкелердің талшықтары ұштасып, араласып, тор тәрізді түтік түзеді. Талшықтарының санына қарағанда ең көп талшықтысы – көру жүйкесі. Адамда оның саны – бір миллионнан асады. Нейронның жүйке импульстарын өткізетін өсіндісі аксонды – жүйке талшықтары деп атайды. Оның ұзындығы кейде 1 м-ден артық болады. Ені 0,5 – 30 мм (омыртқасыз жануарларда 1 мм-дей). Нейрондар мен нейроглиядан тұратын тінді – жүйке тіні деп атайды. Жүйке тінінің құрылысы да, атқаратын қызметі де әр түрлі. Мысалы, нейроглиялардың арасында шырын тәрізді арнайы зат түзетін, жұлын, ми бөліктерін жауып тұратын, ағзаға қорғаныш, қоректік қызмет атқаратын түрлері де бар. Омыртқалы жануарлардың жүйке тіні ми мен жұлынның сұр және ақ заттарынан тұрады. Жүйке клеткасының ұзын өсіндісі – аксонның миелин қабықсыз бөлігіндегі ақпарат қабылдайтын және өткізетін бөлігін – жүйке ұштары деп атайды. Хабарды сезімтал немесе сенсорлық жүйке ұштары қабылдайды, эффекторлық жүйке ұштары өткізеді. Жүйке жүйесі – адам мен жануарлар организміндегі органдар мен жүйелер әрекетін біріктіретін және олардың сыртқы ортамен үздіксіз қарым-қатынасын қамтамасыз ететін жүйке тіні мен глияның жиынтығы. Глия, не нейроглия – жүйке клеткаларының, олардың өсінділерінің тіні. Глия жүйке жүйесіне қорғаныш қызметін атқарады әрі жүйке импульстерін өткізеді. Жүйке жүйесі ішкі және сыртқы тітіркендіргіштер әсерін қабылдап, талдайды. Жүйке жүйесі сырттан келген ақпаратты өңдеп қана қоймай, өзіндік белсенділігін де (ақыл-ес механизмі) сақтайды. Организм қызметін реттеп үйлестіріп отыратын аса қозғыш және қозуды тез өткізетін өсінділері бар жүйке клеткасы нейрон деп аталады. Оның атқаратын қызметі – қозу мен тежеу. Жүйке жүйесі филогенез процесінде күрделі өзгеріске ұшыраған. Қарапайымдарда жүйке жүйесі болмайды, бірақ инфузориялардың кейбір түрінде қозуды клетканың басқа бөліктеріне өткізетін фибриллалы қозу аппараты болады. Көп клеткалы ағзаларда қозуды тудыратын арнайы тін, ал төменгі сатыдағы ішекқуыстыларда (гидра) қозу диффузиялы түрде (барлық бағытта тарала алады) болады. Еркін қозғалып тіршілік ететін ішекқуыстыларда жүйке клеткалары топтанып, жүйке түйінін (ганглий) түзеді және олар бір-бірімен ұзын өсінділері арқылы жалғасады. Буылтық құрттар, буынаяқтылар, тікентерілілер және моллюскілерде эволюциялық даму барысында жүйке жүйесінің түйінді түрі пайда болған. Түйіндердегі жүйке талшықтары өзара бір-бірімен ғана байланысып қоймай, тиісті рецепторлар және орындаушы органдармен (бұлшықет, бездер) де байланысады. Белгілі бір қашықтықтан әсер қабылдау қабілеті дамып, ол сезім органдарымен байланыста болып, ағзаның бас бөлімінде орналасқан жүйке түйіндері үлкейіп, күрделілене түседі. Омыртқалы жануарлардың жүйке клеткалары, негізінен, орталық жүйке жүйесінен (жұлын мен мидан) тұрады. Омыртқалылардың эмбрионалдық дамуында жүйке жүйесі сыртқы ұрық қабықшасы – эктодермадан (алғашқыда жүйке пластинкасы түрінде) дамып, кейін науашық, одан әрі бір-бірімен жақындаса келіп түтікке айналады. Жүйке түтігінің бас жағы үш ми көпіршігіне бөлінеді. Жүйке жүйесінің қалған бөлігінен жұлын жетіледі. Балықтардың алдыңғы миы жіктелмеген, бірақ артқы, ортаңғы миы және мишығы жақсы жетілген. Қосмекенділер, бауырымен жорғалаушыларда алдыңғы ми көпіршіктерінен аралық ми және екі ми жартышарының алғашқы қабы дамыған. Құстарда орталық, аралық ми және мишық айқын дамыған, ал ми қыртысы нашар жіктелген. Жоғары сатыдағы жануарлардың жүйке жүйесі дами келе жіктеліп, орталық жүйке жүйесі және перифериялық (шеткі) жүйке жүйесіне бөлінеді. Шеткі жүйке жүйесі – соматикалық жүйке жүйесінен және вегетативтік жүйке жүйесінен тұрады. Жүйке жүйесінің ең жоғары сатыдағы дамыған түрі адамдарда болады. Эмбриогенез кезінде жүйке түтігінің бас жағы 5 көпіршікке бөлінеді. Бұлардың алдыңғысынан үлкен ми сыңарлары мен аралық ми, ортаңғысынан ортаңғы ми, артқысынан варолий көпірі мен мишық және сопақша ми дамиды. Үлкен ми сыңарлары қыртысында көптеген жүлгелер мен иірімдер бар. Жүйке жүйесінің құрылымын, қызметін, дамуын зерттейтін ғылым неврология деп аталады. Адам ағзасындағы жүйкенің сезімталдығы мен қызметінің бұзылуы – жүйке жүйесінің ауруларын тудырады. Оларға орталық және шеткі жүйке жүйесі құрылымдарының өзгерістері, жүйке-психика аурулары (нервоз) жатады. Жүйке жүйесінің белгілі бір жеріндегі рефлекс процесіне қатысты ағзаның белгілі бір тіршілік әрекетін реттейтін нейрондар тобы – жүйке орталығы болады. Жүйке орталығын құратын нейрондар қозу және тежелу синапстері арқылы өзара байланысып, нейрон торлары деп аталатын күрделі жүйе құрайды.[1]

Ішкі сілтемелер

Дереккөздер

  1. Балалар энциклопедиясы


Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!