Генетика терминдерінің тізімі

Ген(гр. γένος — туу) — ДНҚ молекуласындағы нәруыз молекуласы туралы ақпарат таситын ДНҚ-ның тізбегі. Гендер организмдердің белгілерімен ерекшелік қасиеттерінің қалыптасуына тікелей қатысады және хромосомада моншақ тәрізді тізбектеліп орналасады.

Қызметіне байланысты гендер 2 түрге бөлінеді: құрылымдық жөне реттеуші. Жасушаның бөлінуі кезінде ДНҚ молекуласы хромосомаға ширатылатындықтан, хромосоманың қасиеттері мен белгілерін бақылайтын гендерді құрылымдық, ал олардың сыртқы ортада көрінуін қамтамасыз ететін гендерді реттеуші деп атайды. Гендер организмнің нақты бір белгісін және нәруыз молекуласының түзілуін анықтайды.

ДНҚ(ген) —> акпараттық РНҚ (геннің көшірмесі) нәруыз —> белгі.

Хромосома (гр. χρώμιο— бояу, гр. Σόμα — дене) деген мағынаны білдіреді. Хромосома жасуша ядросында тұрақты болатын, центромерасы бар, екі хроматидтен тұратын құрылым. Гендердің хромосомада орналасқан орнын локус деп атайды.

Диплоидті жасушаларда хромосомалар жұп болып келеді. Олардың пішіні, мөлшері және онда орналасқан гендер де бірдей, ұқсас болады. Мұндай хромосомаларды гомологті хромосомалар деп атайды. Ал гомологті хромосомалардың бірдей локусында орналасқан қарама-қарсы (альтернативті) бір жұп белгілердің (доминанты ген—А, рецессивті ген —а) дамуын анықтайтын гендерді аллельді гендер деп атанды. Олар әкесінен және шешесінен беріледі.

Ұрықтанған жұмыртқа жасушасын зигота деп атайды. Зиготада хромосомалар жиынтығы диплоидті (2п), мысалы, ол бұршақ өсімдігі гүлінің қызыл және ақ түсін, бір геннің екі аллелін көрсетеді.

Гамета (гр. γαμέτες - жабайы) деп гаплоидті (1п) хромосома жиынтығы бар өсімдіктер мен жануарлардың жыныс жасушасын айтады. Гамета жыныс жасушасының мейоздық бөлінуі нәтижесінде түзіледі. Бірдей аллельді гендері бар гаметаның қосылуынан түзілген организмді гомозиготалы (ААІ жөне ааІІ) десе, әр түрлі аллельді гендері бар гаметаның қосылуынан пайда болған дараларын гетерозиготалы (АаІІІ) деп атайды.

Доминантты белгі дегеніміз — гомозиготалы (АА) және гетерозиготалы (Аа) күйінде басқа белгінің дамуына басымдылық көрсететін басым белгі.

Рецессивті белгі (аа) — гетерозигота (Аа) күйінде көріне алмайтын тұқым куалайтын белгі.

Мутация - қандай да бір белгіге әсер ететін генетикалық материалдың кенеттен, секірмелі өзгеруі. Бұл құбылыс еселену кезінде жиі етеді. Мысалы, бір нуклеотидтің орнына екінші бірін-бірі толықтыратын нуклеотид сапқа тұрады. Мутация тетігі күрделі және сан алуан. Ең ұсақ мутациялық өлшембірлік - мутон. Бар болғаны бір нуклеотид мутон бола алады. Бұл бір амин қышқылды өзгертеді, сөйтіп бүкіл нәруыздың түтас қасиетін өзгерте алады.

Өзгергіштік - тірі ағзалардың өз ата-енелерінен (ата тектерінен) айырмашылығындағы ортақ қасиеті. Дарақтар көбею кезінде ата тектерінен ешкімнің көшірмесін толық бере алмайды. Шындығына келсек, дарақтардың жыныссыз көбеюі кезінде де аналық формалардың дәлме-дәл көшірмесі болмайды.

Тұқым қуаламайтын (модификациялы) өзгергіштікқоршаған ортаның әрекетіне тікелей тәуелді. Мәселен, таудағы өсімдіктер мен жануар аласа болады. Бұл олардың икемділік сақтап, денесі қатты салқындаған кезде энергиясын жоғалтып алуынан құтқарады. Тұқым қуаламайтын өзгергіштік құбылысы генетикалық жағынан біркелкі ағзалардан жақсы бақыланады. Мысалы, қызылталдың біреуінен (қарақат, терек, т.б.) бірнеше бұтақ кесіп алып, олардан генетикалық жағынан барабар ағзалар өсіруге болады. Біз осы дарақтарды әр түрлі жағдайларда (температура, жарық, топырақ ылгалдылығының сапасы мен дәрежесінде) отырғызсақ, фенотиптік жағынан әр алуан ұрпақтар аламыз.

Тұқым қуалау өзгергіштігін генотип, яғни тұқым қуалаушылықтың материалдық негіздері: хромосомалар, гендер қамтамасыз етеді. Тұқым қуалау өзгергіштігі эволюциялық үдерісте орасан зор рөл атқарады. Соның арқасында ата тектерден ерекшеленіп қана қоймай, осы айырмашылықтарды келесі ұрпақтарға табыс етуге жәрдемдесе алатын ұрпақ пайда болады.

Тұқым қуалаушылық - ата тектерге тән белгілерді сақтаудағы тірі ағзалардың ортақ қасиеті. Тіршілік иесінің бұл ерекшелігін көбеюге дейінгі ДНҚ-ның еселенуі кезіндегі генетикалық ақпараттың берілуімен қамтамасыз етіледі.

Фенотип дегеніміз — тұқым қуалайтын гендердің сыртқы ортада көрінуі.

Символдар

Г. Мендель организмдерді будандастыру барысын сипаттау үшін символдарды пайдаланды. Бұл үлгілер генетикада осы уақытқа дейін қолданылады. Ата-аналық формалар Р-әрпімен белгіленеді (лат. parentes — ата-ана). Будандастыру үлгісін жазғанда, бірінші орынға аналык, одан соң аталық белгілерді жазады. Аналықты белгісімен (Шолпан құдайының айнасы), аталықты белгісімен (Марс құдайының қалқаны мен найзасы), будандастыруды — х (көбейту) белгісімен, будандарды F әрпімен (лат. filius - ұрпақ), ал бірінші, екінші, үшінші ұрпақтар F1, F2, F3 ... болып белгіленеді.

Гендерді латын алфавитінің әріптерімен белгілейді. A — доминантты (басым) ген, a — тұншыққан ген, АА — доминантты гомозигота, Аа — бір белгі бойынша гетерозигота, аа — рецессивті гомозигота. Гендерді латын алфавитінің кез келген әріптерімен белгілеуден басқа, кейбір зерттеу нысандарында гендерді белгілеудін; қабылданған ережесі бар. Осы ережеге сәйкес, гендерді анықтайтын белгілердің бірінші немесе алғашқы екі әрпімен белгілейді. Мысалы, дрозофила шыбынының денесінің қара түсін анықтайтын генді b әрпімен (black—қара) белгілесе, ал жетілмеген қанатты белгісін бақылайтын генді Vq (vestiqial — жетілмеген) әріптерімен көрсетеді. Осы гендердің қалыпты белгілерін анықтайтын доминантты аллельдерін "+" белгісімен (b+, Vq +) жазады.

Генетикалық формулаларды жазған кезде гомологті хромосомаларда орналасқан аллельді гендерді бір-бірінің артына қояды. Мысалы, Аа,АаВЬ, АаВbСс, т.б. Кейде хромосомаларда орналаскан гендердің байланысын көрсету үшін хромосомаларды екі сызықша түрінде көрсетеді.[1] [2]

Дереккөздер

  1. Сартаев А., Гильманов М. С22 Жалпы биология: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. ISBN 9965-33-634-2
  2. Биология: Жалпы білім беретін мектептің, 9-сыныбына арналған оқулық, 2-басылымы, өңделген/ М. Гильманов, А. Соловьева, Л. Әбшенова. - Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-927-4

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!