Белорус Кеңестік Социалистік Республикасы (БКСР, Белорус КСР, белар.Беларуская Савецкая Сацыялістычная Рэспубліка) немесе Белоруссия — КСРО құрамындағы болған кеңестік республика, оның құруына қатысқан 4 республикалардың бірі. 1920 жылы құрылып, 1991 жылы КСРО-мен бірге жойылды. Республиканы КОКП-ның Беларуссия Коммунистік партиясы атты бөлімше партиясы басқарды.
Жері 207,6 мың км². Халқы 1970 жылы 9 миллионға жеткен. Астанасы – Минск. Әкімшілік жағынан 6 облысқа, 117 ауданға бөлінеді, 81 қаласы, 123 қ.т. поселкесі бар.[2]
Мемлекеттік құрылысы
БССР-дің Советтерінің Төтенше 12-съезінде, 1937 жылы 19 ақпанда бекітілген: «БССР — жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті, КСРО құрамына кіретін одақтас социалистік республика. Ең жоғары мемлекет үкімет органы – БССР-дің бір палаталы Жоғары Кеңесі, ол 4 жылға (20 мың адамнан бір депутат) сайланады. Жоғары Советінің сессиялары аралығында мемлекет өкіметінің жоғары органы – БССР Жоғары Советінің Президиумы. Жоғары Совет республиканың үкіметін – Министр Кеңесін құрады, БССР-дің заңдарын шығарады. Облыс, аудан, қала, поселке мен селолардағы жергілікті үкімет органдары 2 жылға сайланатын еңбекшілер депутаттарының тиісті Советтері болып есептеледі. БССР-дің ең жоғары сот органы – республиканың Жоғарғы соты (оны БССР Жоғары Советі 5 жылға сайлайды), ол азаматтық және қылмысты істер жөніндегі 2 коллегиядан, Пленумнан құралады. Сонымен қатар Жоғарғы сот Президиумы бар. БССР-дің прокурорын 5 жылға тағайындайды.
Табиғаты
Беларус Шығыс Еуропа жазығының батысында орналасқан. Жерінің 3-5 бөлігі теңіз деңгейінен 100–200 метр ғана жоғары. Сондықтан мұнда батпақ жиі кездеседі. Беларустың жер бедеріне антронопогендік мұз басу үлкен әсер еткен. Солтүстік-батысын соңғы (валдай) мұз басу дәуірінен қалған мореналық Балтық қырқасының кейбір сілемдері алып жатса, республиканың батысынан шығысына қарай Белорус қырқасы созылып жатыр. Осы екі қырқаның аралығында Неман, Нарочано-Вилей, Полоцк батпақты ойпаттары, ал Беларустың шығысында Орша-Могилёв, Орталық Березина жазықтары, оңтүстік бөлігінде Полесье батпақты ойпаты жатыр.
Беларуссияның ең биік жері — Минск маңындағы Дзержинск тауы (теңіз деңгейінен 345 м). Беларус жері Шығыс Еуропа платформасының батыс бөлігінде. Сонымен бірге республика жеріне оңтүстігінен Украин қалқаны, шығысынан Воронеж антеклизасы енеді. Бұлардың кристалды фундаменті республиканың оңтүстігінде ғана жер бетіне шығып жатады, көп жерде 20–100 метр, ал кейде 1000–5000 метр тереңдікте байқалады. Оның құрамында төменгі протерозой мен архей жыныстары, 1000–5000 метр тереңдіктегі шөгінді қабаттарда терригендік және карбонатты жыныстар кездеседі. Беларустың жер қойнауы алуан түрлі пайдалы қазындыға бай. 1941 жылы Старобинск пен Мозырьдан тас тұзының, 1949 жылы Старобинск және Петриков қалалары маңынан калийтұздарының (сильвинит, карналлит), 1964–1968 жылдары оңтүстігіндегі Припять ойпатынан (Речица, Осташкович т.б.) мұңайдың, Гомель, Брест облыстарында қоңыр және тас көмірдің, жаңғыш тақта тастың кендері ашылды. Сонымен қатар әр түрлі құрылыс материалдары, шымтезек шығатын жерлер де бар.
Климаты
Климаты қоңыржай континенттік. Оған Атлант мұхитынан келетін ауа массалары үлкен әсер етеді. Сондықтан қысы онша суық емес, ылғалды; жазы салқын, жаңбырлы. Қаңтардың орташа температурасы оңтүстік-батысында -4,4°С, солтүстік-шығысында -8°С, ал шілдеде солтүстігінде 17°С, оңтүстігінде 18,8°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 550–700 мм. Оның көбі жазда жауады. Вегетация дәуірі 178–208 күн. Бұл дәнді дақылдармен бірге кейбір техникалық дақылдардың да өсіп жетілуіне жеткілікті.
Өзендері
ӨзендеріҚара теңіз бен Балтық теңізі алабына жатады. Өзендерінің жалпы ұзындығы 51 мың км, ал өзен торының жиілігі 0,20–0,28 км/км². Басты өзендері: Днепр (салалары – Припять, Сож, Березина), Батыс Двина, Неман (саласы - Вилия). Олар көбінесе жол қатынасы ретінде (3 900 км) және ағаш ағызу үшін пайдаланылады. Кеме жүзуге жарамды өзендері: Днепр, Березина, Неман. Оңтүстік-батысындакеме жүзетін Днепр-Бугканалы бар. Беларусда 10700-ден астам көл бар (өзеннің ескі арналарындағы қара суларды қосқанда). Көлемді және терең көлдері солтүстігінде (Нарочь, 79,6 км²; Освея, 52,8 км² т.б.). Орталық бөлігі мен оңтүстігіндегі көлдер өзендердің ескі арналарында пайда болған, олардың ірілері: Червоное (43,6 км²), Выгоновск (26,0 км²).
Жер топырағы
Беларусда күлгін шым топырақты жерлер көп (жерінің 60%-ы). Батысында орманды жердің глейлі күлгіндеу және құба топырағы, ойпаттарда (әсіресе Полесьеде) батпақты жердің күлгін шым топырағы, ал ірі өзен аңғарларында шалғынды жердің аллювиалдық топырағы жиі кездеседі. Республика жерінің 0,5%-ы ғана (Столин, Житковичи, Мстиславль аудандарында) шіріндісі мол, шым карбонатты құнарлы топырақты. Беларустың ⅓ бөлігі батпақ (негізінен оңтүстігінде). 1969 жылы құрғату жүйелері салынған жері 1472 мың га болды. Беларус аралас орманды аймақта. Жерінің 33%-ы орман, оның 66%-ы қылқан жапырақты (қарағай, шырша), 5%-ы жалпақ жапырақты (емен, үйеңкі, шаған, т.б.) орман. Беларустың солтүстігінде жалпақ жапырақты, шыршалы орман, орталығында қарағай, емен, ал оңтүстігі мен батпақты Полесьеде көбінесе қарағай ормандары өседі. Ормансыз жерлері – шалғын, жайылым. Орманда және батпақты жазық жерлерінде елік, тиін, түлкі, қоян, суын, жанат тәрізді уссури иті, американ жанаты, қабан т.б. аңдар кездеседі. Беларусда жануарлардың кейбір түрлерін сақтау үшін құрылған Березина қорығы мен Беловеж орманы бар.
Халықтың орташа тығыздығы 1км-ге шаққанда 43,4 адамнан келеді. Бірақ барлық жерде халық біркелкі орналаспаған, 1км²-ге шаққанда орталық бөлігіндегі Минск облысында 60,2 Гродно облысында 44,8 адам болса, Полесьеде 25 адамнан келеді. Халқының 43%-ы қалада тұрады. Ірі қалалары (1970): Минск (916 мың), Гомель (272 мың), Витебск (231 мың), Могилёв (202 мың), Гродно (192 мың).
Тарихы
Ежелгі Беларусь
Беларусь жеріндегі адамның алғашқы іздері орта палеолитке, мустье заманына жатады. Мұнда мезолит, неолит замандары мен қола дәуірінің жүздеген мекен-жайлары табылған. Палеолит, мезолит, неолит заманында адамдар жеміс-жидек теруді, аң және балық аулауды кәсіп еткен. Неолит заманында егіншілік пен мал шаруашылығы пайда болып, қола дәуірінде (б.з.б. 3–2 мың жылдықтарда) бұлар адамның негізгі кәсібіне айналған. Бұрынғыдан анағұрлым жетілдірген тас құралдарымен қатар қоладан жасалған бұйымдар да пайда болды, бұлар шеттен әкелінген шикі заттан жасалған. Б.з.б. VII ғасыр шамасында Беларус жеріндегі тайпалар еңбекке темір құралдарды жасап, бекіністі елді мекендер сала бастайды. Б.з.б. VII ғасырдан бастап Днепр бойы мен Полесьені милоград мәдениетінің б.з.б. І ғасырдан бастап зарубинец мәдениетінің тайпалары мекендеген. Ертедегі темір дәуірінде орталық және солтүстік Беларусты балтық тілдес бір топ тайпалар жайлаған. Б.з. ІІ–V ғасырда бұл жерлерге Днепр бойынан бірте-бірте славяндар өте бастайды да, ІХ ғасырда балтық тайпалары соларға сіңісіп кетеді. VI–IX ғасырда Беларус жерінде славяндардың ертедегі орта ғасырлық негізгі үш мәдениеті – Полесье – хотомель, Днепр бойында – быхов, Орта және Солтүстік Беларуста Бандеровщина тұрпаттас мәдениеттер қалыптасты (бәрі де аттас ауылдардың атымен аталған). Б.з. 1-мың жылдығының 2-жартысында Беларус жерінде алғашқы қаумдық қатынастар ыдырай бастады. Осы кезеңде мұнда ірі-ірі 3 тайпа бірлестігі қалыптасты: Полесье мен Орта Беларустың дреговичтер, Сож өзені алабын радимичтер, Двина бойы мен Днепрдің жоғарғы бойын крививчтер мекендеді.[3]
VI–IX ғасырда Беларус жеріндегі славян тайпаларының әлеуметтік экономикалық эволюциясы жеделдей түсті. Ауыл шаруашылық пен қолөнер кәсібінің дамуы нәтижесінде сауда-саттық кеңейіп, қалалар пайда бола бастады. IX–XI ғасырда орыс мемлекетінің батыс жерлерінде егіншілік кәсібі кеңінен тарап, мал шаруашылығы дамыды. Шаруалардың феодалдарға тәуелділігі арта берді, кедейлер барщиналық жұмыс істеп, феодалдарға заттай алым төледі. Қалалар мен аулда тауарлы сипаттағы қолөнер кәсібі өркендеді.
ХІІІ–ХVІІІ ғасыр
ХІІІ–ХIV ғасырда Беларус жерінде халық саны едәуір өсіп, өңделетін жердің көлемі артты. Жер жыртудың негізгі құралы темір тілді ағаш соқа болды. Селода қолөнершілер көбейіп, қалалы мекендер өсті. ХІІІ ғасырда және одан кейін Беларус жерінде 3–5 үйден («түтіннен») тұратын жанұялық қаумның жер иеленуі сақталды. Мұнымен бірге Ұлы Литва князьдары белорус жерлерін феодалдарға, әсіресе қызмет бабындағы шляхтағы үлестіріп беруді күшейтті. XV–XVI ғасырда шаруалардың қаумдық жерлерін талан-таражға салу және ұлы князьдардың жерлерін басып алу есебінен феодалдардың меншігі кеңейе түсті.
Фольварлық-барщиналық шаруашылықтың етек жаюы мен шляхтаның артылықшылықтары Беларустың экономикалық дамуына бөгет болды. Соның өзінде де қалалар өсіп, көптеген қалалы мекендер пайда болды. Қолөнер өндірісі алуан салаға бөлініп, оның тауарлығы артты. Сауда көлемі ұлғайды. Белорус қалаларының дамуында орыс-белорус сауда қатынастарының зор маңызы болды. Белорус көпестері Ресей мен Батыс Еуропа зор көлемді делдалдық сауда жүргізді. Беларус қалаларының экономикалық маңызының артуы нәтижесінде XIV ғасырдың аяқ шегінен бастап-ақ олардың кейбіреулері (Брест, Гродно, Полоцк, Минск, Могилёв, Витебск т.б.) ұлы князьдық өкіметтен өзін-өзі билеу құқығын алды. XV–XVI ғасырдың аяғында қолөнер кәсібін цех-цехқа бөліп ұйымдастыру қалыптасты. Қала халқының бай тобы мен оның негізгі бұқарасы арасындағы мал-мүлік және әлеуметтік теңсіздік күшейе түсті. Ұлы Литва князьдығының феодалдары өз үстемдігін нығайту үшін поляк феодалдарымен одақтасуға тырысты. Литван, белорус және украин шляхтасы поляк шляхтасы сияқты кең саяси құқық алуға ұмтылды. Литва мемлекетінің Ливон соғысында (1558–1583) Ресейден соққы жеуі жергілікті шонжарларды Польшамен бірігуге мәжбүр етті. 1569 жылғы Люблин униясы бойынша бір тұтас Речь Посполитая мемлекеті құрылды. Мұның өзі поляк шонжарларының украин жерлерін басып алуына жағдай тұғызды. Феодал және ұлттық-діни езгінің күшеюі халық бұқарасының наразылығын өршітті.
1590 жылы Могилёв пен Быхов теңірегінде шаруалар мен казактардың Матюша бастаған отрядтары помещиктердің имениелерін талқандады. 1595 жылы казактар мен шаруалардың феодалдарға қарсы ірі көтерілісі болды. Оны С.Наливайко басқарды. Көтерісшілер Слуцк, Могилёв сияқты ірі қалаларды уақытша басып алды. XVII ғасырдың 1-жартысында Могилёвте, Витебск пен Полоцкіде қала тұрғындарының көтерілісі болды. Поляк феодалдарына қарсы 1648 жылы Украинада басталған халық-азаттық соғысы сол жылдың жазында Беларус жерін кеңінен қамтыды. 1649 жылдың басында Речь Посполитая әскерлері көтерілістің негізгі орталықтарын аяусыз басып жаныштады. Бірақ сол жылдың көктемінде Украинадан келген казак отрядтарының көмегімен халық көтерілісі қайта өрістеді. 1651 жылғы Белая Церковь шарты бойынша Украинада соғыс қимылдары тоқтағаннан кейін ғана, Ресь Посполитая феодалдары көтерілісшілерді жеңді. Ресейдің Речь Посполитаяға қарсы Украина мен Беларусты азат ету жолындағы соғысының барысында (1654–1667) белорус халқы орыс әскерлеріне көмектесті. 1655 жылдың аяғында орыс әскерлері Белорус жерін түгелдей дерлік здеріне қаратып алды, бірақ кейіннен шегінуге мәжбүр болды. Соғыс Андрусов уақытша бітімін (1667) жасаумен аяқталды. Феодалдардың зорлық-зомбылығы мен белорус халқын ұлттық жағынан езу күшейе түсті. Мектептер мен баспаханалардың басым көпшілігі жабылды. Поляк тілі белорус тілін ығыстырды. Халық арасына католик діні зорлықпен таратылды. Осының бәрі Белорус экономикасын қалпына келтіруді мейлінше тежеді. Солтүстік соғыс (1700–1721) кезінде ұрыс қимылдары бірнеше жыл бойы (1705 жылдан бастап) Белорус жерінде болды. Халық орыс әскерлеріне белсене көмек көрсетті. XVIII ғасырда халық бұқарасы феодал және ұлттық діни езгіге қарсы кескілескен күрес жүргізілді. В.Вощило бастаған шаруалар көтерілісі (1740–1744) осы кездегі аса ірі қимылдардың бірі еді. Речь Посполиятаны үш рет бөлісудің нәтижесінде (1772, 1793, 1795) белорус жерлері Ресейге өтті. Беларус үшін Ресеймен қайта қосылудың орасан зор прогресстік мәні болды. Оның экономикасы жалпы ресейлік кең байтақ рынокқа тартылды, халық өзіне жақын және анағұрлым ілгері дамыған орыс мәдениетін нәр алды. Бірақ патша үкіметінің жалпы саясаты ұлы державалық бағытта болды.[4]
Отан соғысы
1812 жылы Отан соғысы кезінде Белорус франциялық шапқыншылығынан қатты бүліншілік көрді. Белорус шаруалары Наполеон әскерлеріне қарсы партизандар қозғалысына кеңінен қатысты. Ресей құрамына енгеннен кейін, Белорустың экономикалық дамуы тездеді, капиталист қатынастар қалыптасты. Ауыл шаруашылығының рынокпен байланысы күшейді, жыртылатын жер көлемі ұлғайды, техникалық дақылдардың, картоп пен қант қызылшасының үлес салмағы артты, биязы жүнді, қой шаруашылығы пайда болды, помещиктердің бірқатар шаруашылықтарында ауыл шаруашылық машиналары пайдаланыла бастады. Бірақ басыбайлылық құқық Белорус экономикасының дамуын тежей берді. 1861 жылғы реформа Белорус шаруаларын зар қақсатты. Күллі жердің 65%-ы помещиктердің, қазына мен шіркеудің қолында қалды. Бұған наразылық ретінде шаруалар қозғалысы өршіді. ХІХ ғасырдың орта шенінде Белорусдағы революция-демократиялық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі Ф.Савич болды.
XX ғасырдың басында, Ресейдің империалзим дәуіріне өтуіне байланысты, жалпы ресейлік рынокпен табиғи байланысты болған Белорус экономикасында да жаңа сипаттар пайда болды. Ірі-ірі кәсіпорындар ресейлік картельдер мен синдикаттарға еніп, ресейлік банкілермен біте қайнасты. 1900–1913 жылы фабрика завод кәсіпорындарының саны 1,5 есе көбейді. 1910 жылы Беларуста 1280 кәсіпорын болды. Ауыл шаруашылығында помещиктердің жер иеленуі үстемдік етті. Столыпиннің аграрлық реформасы шаруалардың жікке бөлінуін онын әрі күшейтті. 1913 жылы барлық шаруалар шаруашылықтардың 10–11%-ы кулактардың қолында болды.
Белорусда Совет өкіметін орнату Белорус радасы бастаған контрреволюцияға қарсы күрес жағдайында өтті. 1918 жылы қаңтар мен ақпанда поляктардың 1-легионерлер корпусы Белорусда контрреволюция бүліншілік көтерді, ақпанның орта шенінде ревоюция әскерлері оны тоқтатты. 18 ақпанда неміс әскерлері уақытша бітімді бұзып, шабуылға шықты, сөйтіп, наурыздың басында Белорусдың көп жерін басып алды. Халық шапқыншыларға батыл қарсы тұрды. 1918 жылы кұзде Бобруйск, Борисовск, Быховск, Гомель, Минск, Могилёв, Полоцк, Речицк, Слуцк т.б. уездерде 100 шақты партизан отрядтары күреске шықты. Бобруйск уезінің Рудобелки аймағында еркеше ерлікпен шайқасқан партизан отрядтарына большевиктер А.Р:Соловей, Максим Левков, Максим Ус, Степан Жинко басшылық етті. 1919 жылдың басында Қызыл Армия партизандардың көмегімен Белорус жерінің басым көпшілігін азат етті.
Совет өкіметі орнасымен-ақ, Белорусда социалист құрылыс өрістей бастады. 1918 жылдың көктеміне дейін ірі-ірі 67 кәсіпорынға жұмысшы бақылауы қойылды. 1919 жылдың 1-жартысында өнеркәсіп орындарының жартысынан көбі мемлекет қарамағына иалынды. 1917 жылы желтоқсан – 1918 жылы ақпанда Совет өкіметі аулдарда Жер туралы декретті жүзеге асыруға кірісті. 1918 жылы 30–31 желтоқсанда Смоленскіде РК(б)П-нің Солтүстік-Батыс облысында 6-конференциясы БССР-ді құру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1918 жылы 31 желтоқсанда Белорустың революция уақытша жұмысшы-шаруа үкіметі құрылды. 1919 жылы 1 қаңтарда Белорус үкіметі БССР-дің құрылғаны туралы Манифест жариялады. 5 қаңтарда БССР үкіметі Минскіге көшті. 2–3 ақпанда мұнда БССР Советтерінің 1-съезі болып, ол БССР-дің тұңғыш Конституциясын қабылдады. Орталық атқару Комитеті (ОАК) мен Халық Комиссиялары Советін (ХКС) сайлады, БССР гербі мен жалауын бекітті.
Азамат соғысы мен шетел соғыс интервенциясы кезінде мыңдаған белорустар Қызыл Армия қатарында шайқасты. 1919 жылы ақпанда АҚШ пен Антанта империалистері қолдаған буржуазия-помещкитік Польша әскерлері Белорусға тап берді. Интервенция мен ішкі контрреволюцияға қарсы күресу үшін Белорус бен Литваның экономикалық саяси және әскери күштері біріктірілді, Белорус Советтерінің 1-съезі (1919 жылы 2–3 ақпан, Минск) екі республиканы қосу туралы декларация қабылдады. Литва Советтерінің 1-съезі де (1919 жылы 18–20 ақпан, Вильнюс) осындай шешімге келді. 1919 жылы 27 ақпанда Вильнюсте Литва – БССР-інің үкіметі сайланды. Поляк әскерлері Белорустың едәуір бөлігін басып алды. Контрреволюция бас көтерді. 1919 жылы 24 наурызда Гомельде бүліншілік басталды. Қаланың көптеген коммунистері контрреволюцияға қарсы күресте қаза тапты. 29 наурызда жергілікті коммунистерге көмекке келген Қызыл Армия бөлімдері бүліншілікті басты. 1919 жылы 11 сәуірде Литва мен Белорус Компартиясының ОК 18-ден 35-ке дейінгі партия мүшелерін Шығыс және Батыс майдандарға жіберуге қаулы алды. 1 маусымда Бүкіл ресейлік Орталық Атқару Комитеті (БОАК) халықаралық империализмге қарсы күресу үшін РКФСР, Украина, Литва және Белорус совет республикаларының әскери одақ құрғаны туралы декрет шығарды. 1920 жылы сәуірде совет-поляк соғысы кезінде жау қайта шабуылға шықты. Мамыр-шілдеде Қызыл Армия белорус партизандарымен бірлесіп, поляктарды кері қуып тастады. 11 шілдеде Минск азат етілді. Белоруста Совет өкіметі қалпына келтірілді. Ал Литвада буржуазия өкімет биілігін басып алып, буржуазия республика құрды. Ол 1940 жылға дейін өмір сүрді. 1920 жылы 31 шілдеде Литва мен Белорус Компартиясы, Минск мен Минск губернатысының совет және кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің мәжілісінде Литва мен Белорусты бөлу және тәуелсіз Белорус Советтік Социалистік Республикасын құру туралы декларация қабылданды.[5]
Белорус мәдени революциясы
Белоруста мәдени революция ойдағыдай жүзеге асты: халықтың сауатсыздығы жойылды, жұмысшы табы мен интеллигенцияның ұлттық кадрлары қалыптасты, жоғары оқу орындары, ғылми және мәдени-ағарту мекемелері, ұлттық театрлар, кітапханалар, клубтар ашылды. Белорус халық социалисттік ұлт болып қалыптасты. 1937 жылы 19 ақпанда Белорус Советтерінің Төтенше 12-съезі республика Конституциясын қабылдады. 1939 жылы қыркүйекде фашистік Германия Польшаға тап бергеннен кейін, қызыл Армия Белорус пен Украинаның батыс облыстарының халқын қорғауды өз қолына алды. 28–30 қазанда Батыс Белорустың Халық жиналысы бір ауыздан Совет өкіметін жариялады. 2 және 12 қарашада КСРО мен БССР Жоғарғы Советтері жергілікті халықтың өз тілегі бойынша Белорустың Батыс облыстарын КСРО құрамына алу және БССР мен қайта қосу туралы шешім қабылдады. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ Белорус жері орасан зор ұрыс алаңына айналды. Немістердің «Орталық» аталынған аса ірі әскери тобы осында шоғырланды (50 дивизиядан артық). Соғыстың бастапқы кезеңінде совет әскерлері тым ауыр қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Жау қоршауында қалған Брест қамалының шағын гарнизоны 1941 жылы шілденің ортасына дейін дұшпанға ерлікпен төтеп берді. Минск, Жлобин, Могилев, Гомель т.б. қалалардың гарнизондары табан тіресе қорғанды. Жаудың басым күштерінің тегеурінімен 1941 жылы тамызда совет әскерлері бүкіл Белорус жерін тастап шығуға мәжбүр болды. Партия, Совет органдары халық пен кәсіпорындары көшіру жөнінде орасан зор жұмыс істеді. Ең кем дегенде 1.5 млн-дай адам шығысқа женелтіліп, 109 өнеркәсіп орны, 5 мыңнан аса трактор, 675 мыңдай мал мен басқа да мүлік тылға тасылды. Неміс фашистері Белорусда «жаңа тәртіп» орнатты, халықта барлық құқықтарын айырып, аяусыз қырып жойды, жұрдай қылып тонады.
Қан құйлы «тәртіп» белорус халқының сағын сындыра алмады. Еліміздің басқа да туысқан халықтарымен тізе қосып, олар жауға қарсы қасиетті шайқасқа аттанды. Коммунистік партияның басшылығымен партизан отрядтары, диверсиялық топтар, астыртын партия, комсомол ұйымдары, фашизмге қарсы патриоттық қоғамдар құрылды. Белорусда барлығы 1108 партизан отрядтары құрылып, олар негізінен 199 бригадаға бірікті. 1943 жылдың аяғынан бастап партизандар бүкіл Белорус жерінің 60%-дайын бақылап тұрды. Қызыл Армия бөлімшелерімен бірлесіп қимыл жасаған партизандар неміс-фашист басқыншыларын Белорус жерінен аластауда үлкен көмек көрсетті. Қираған шаруашылықты қалпына келтіруде Белорусға барлық Совет республикалары жәрдемтеді. Одақтық бюджеттен 1 млрд. 700 млн сомдай қарды бөлінді. Халық шаруашылығын ойдағыдай қалпына келтіріп, өнеркәсіпті, құрылысты, ауыл-шаруашылығын, мәдениетін онан әрі өркендетуде ірі табыстарға жеткені үшін 1958 жылы 22 желтоқсанда БССР 2 рет Ленин орденімен марапатталды. Ал 1968 жылы БССР Октябрь революциясы ореднімен марапатталды. БССР – Біріккен Ұлттар Ұйымын құрушы елдердің бірі. БССР – үкіметінің өкілдері БҰҰ-ның жұмысына белсене қатыса бастады.
Дереккөздер
↑1922 жылға дейін — Белорусия Кеңестік Социалистік Республикасы (Брыгадзін П. І., Ладысеў У. Ф. Беларусь паміж Усходам і Захадам: Станаўленне дзяржаўнасці і тэрытарыяльнай цэласнасці Беларусі (1917—1939 жж.). — Мн.: БДУ, 2003. — С. 293);1991 жылдың қыркүйегінен бастап — Беларусь Республикасы