Литва Кеңестік Социалистік Республикасы (Литва КСР, лит. Lietuvos Tarybų Socialistinė Respublika, орыс. Литовская Советская Социалистическая Республика), кейде Кеңестік Литва — 1940–1941 және 1944–1990 жылдары КСРО құрамындағы де-факто кеңестік республика. 1946 жылдан кейін оның шекаралары қазіргі Литва Республикасы шекараларымен бірдей болған, Беларусь шекарасында жасалған бірнеше өзгерісті санамағанда. Жері 65,2 мың км². Халқы 3262 мың (1974). Астанасы — Вильнюс қаласы.
Мемлекеттік құрылысы
Литва – КСР Одағына кіретін Кеңестік Социалистік Одақтас Республика, жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті. Литван КСР-інің қазіргі конституциясы 1940ж. 25 тамызда Халық сеймінде бекітілген. Жоғары өкімет органы – 10 мың адамнан 1 депутат есебімен халық 4 жылға сайлайтын Литван КСР-інің бір палаталы Жоғары Кеңесі. Жоғары Кеңес сессиялары аралығындағы жоғары мемлекеттік өкімет органы – Литван КСР-і Жоғары Кеңесінің Президиумы. Жоғары Кеңес республика үкіметі – Министрлер Кеңесін құрады, Литван КСР-інің заңдарын қабылдайды. Аудандар мен қалаларда, поселкелер мен апелинкаларда жергілікті өкімет органдарын – еңбекшілер депутаттарының тиісті Кеңестерін халық халық екі жылға сайлап қояды. КСРО Жоғары Кеңесінің Ұлттар Кеңесінде Литван КСР-інің 32 депутаты бар. Жоғары сот органы – республиканың Жоғары соты. Оны Жоғары Совет 5 жылға сайлайды. Құрамында 2 коллегия (азаматтық және қылмысты істер бойынша) және Пленум бар. Мұның сыртында Жоғарғы соттың Президиумы құрылады. Литван КСР-і прокурорын КСРО Бас прокуроры 5 жылға тағайындайды.[1]
Табиғаты
Литваның жері Шығыс Еуропа жазығында, Балтық теңізінің оңтүстік-шығыс жағасына қарай, Нямунас (Неман) өзенінің орта және төменгі ағысы алабында орналасқан. Балтық теңізінің Литва жағалауы енсіз ойпат (ені 15-20 км, биіктігі 50 м-ге дейін). Нямунастың төменгі ағысы – батпақты атыраулық жазық. Шығысқа қарай ойпат Жямайтс қыратына (234 м) ұласады. Орталық бөлігінде – Орталық Литван ойпаты (ені 100 км-ге дейін; биіктігі 80-90 м), шығысы мен оңтүстігінде – Балтық жалы (288 м), одан оңтүстік-шығысқа қарай Оңтүстік-шығыс жазықтығы (орташа биіктігі 120 м) орналасқан. Геологиялық құрылымы жөнінен республиканың батыс және орталық бөліктері Балтық синеклизасының шегінде, ал шығыс бөлігін Белорус антеклизасы алып жатыр. Платформаның кристалды фундаменті 2100 м-ге дейін төмен кетеді, Белорус антеклизасы аймағында 120 м-ге дейін көтеріледі. Шөгінді қабаттың қалындығы 200 м-ден 2100 м-ге дейін. Литваның бүкіл батыс бөлігі мен Балтық теңізінің оған іргелес айдынында келешекте мұнай мен газ табылуы ықтимал; 1968 жылы кебрий қабатынан кәсіптік мұнай (Шюпаряй) кен орны ашылды. Каунас аймағында 150-250 м тереңдікте пермь ангидридінің қалың қабаты жатыр Солтүстік-батысында цементтік әк тас кездеседі. Шымтезек, гипс кен орындары, янтарь, ыстық және минералды сулар бар. Климаты қоңыржай-континенттік; теңіздік климаттан континенттік климатқа қарай өзгереді. Орташа температурасы ең суық ай қаңтарда -4,80С, ең жылы ай шілдеде 17,20С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 630 мм. Өзендері Балтық теңізі алабына жатады. Ең ірі өзені – Нямунас (Неман) Беларусь жерінен басталып, Курш шығанағына құяды; басты салалары: Нярис, Нявежис, Дубиса, Мяркис, Миния, Шяшупе. Өзендері грунт, жауын, қар суымен қоректенеді. Су энергетика қоры – 600 мың квт-тан асады. Нямунаста Каунас қаласы тұсынан сағасына дейін кеме жүзеді. Каунас СЭС-нің салынуына байланысты бөген жасалған. 3000-дай көл бар (республика жерінің 1,5%-ы), олардың бәрі де мұздық әрекетінен пайда болған. Ең үлкен көлі Друкшяй (Дрисвяты), ең терең көлі – Таурагна (ең терең тұсы 60,5 м). Көлдері балық, құс өсіруге пайдаланылады. Топырағы күлгін типтес топыраққа жатады. Шым қабатты-күлгін топырақты жерлері басым (45,3%); 17,6%-ы шым қабатты-глей топырақты, 18,4%-ы күлгін-батпақ топырақты, 5,3%-ы батпақ топырақты жерлер. Ең құнарлы шым қабатты – карбонат топырақты (7,8%) жерлер – солтүстік және оңтүстік бөліктерінде, Шяшупе өзені алабында. Совет өкіметі тұсында орасан зор көлемде мелиорация жұмыстары жүргізілді. Орманы 1,6 млн. Га (территориясының 25%-ы), оның 50%-дан астамы оңтүстік-шығысында. Республика жерінің 17%-ы шабындық пен жацылым. Қоян, түлкі, қасқыр, бұлан, бұғы, жабайы шошқа, жанат тектес ит, сілеусін, сусар және т. б. мекендейді. Өзендері мен көлдерінде табан, шортан, алабұға, торта, көкұбар т. б. бар. «Жувинтас» қорығы, 101 заказник (146 мың га) ұйымдастырылды.[2]
Халқы
Республика халқының 80%-тен астамы литвандар (2507 мың), поляктар (240 мың), белорустар (45 мың), украиндар (25 мың), еврейлер (24 мың) т. б. халықтар тұрады (1970). Халықтың орташа тығыздығы 1 км²-ге 49,6 адамнан (1973). Қала халқы 54% (1973); ірі қалалары – Вильнюс (409 мың); Каунтас (332 мың), Клайпеда (155 мың), Шяуляй (103 мың).
Архитектурасы
Археология қазба жұмысы кезінде Литва жерінен негізінен неолит дәуіріне (б. З. Б. 4 – 2 мың жылдықтың ортасы) саятын тұрақты қоныс орындары табылды. Біздің заманымыздың бас кезінде ағаштан қиып сумен қоршалған бекініс-қалашықтар бой көтерді. 12 ғасырда бұл бекіністер феодал қамалдарына айналды. Тас кұрылыстар негізінен қорғаныс мақсатында салынды. 15 ғасырда ірге тепкен қалалардың дені ағаштан тұрғызылды. 14 ғасырдың аяқ кезінен Литва сәулет өнерінен әр түрлі архитектуралық тәсілдер орын алды. Бұл тәсілдер жергілікті ұлттық сәулет өнерінің кейбір ерекшеліктерін бойына сіңіре отырып дамыды. 16 ғасырда готика үлгісінде тұрғызылған архитектуралық ескерткіштерден сақталғандары: Запишкистегі Ионас шіркеуі (Каунасқа таяу), Перкуно үйі, Юргис шіркеуі, Каунастағы собор, Кедайняйдағы Юргис шіркеуі, Вильнюстегі Анна мен Мекалоюстің шіркеулері т. б. Ішінара Қайта өркендеу дәуірі стилімен салынған ғимараттар: Вильнюстегі Миколастың шіркеуі мен университет ауласы, Биржайдағы Радзивиллов қамалы (арх. Т. Спинаускас), Каунастағы монастырь т. б. 17 – 18 ғасырлардағы Литва архитектурасынан барокко стилі өріс тапты (Вильнюстегі Пятро ир Повило шіркеуі, доминикандықтардың, Казимероның т. б. шіркеулері, Каунастағы ратуша мен Пажайсляй ансамблі т. б.) Кейбір ғимараттарды қайта салу кезінде әр түрлі стильдердің басы тоғысқан. 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырда бау-бағы бар феодалдық қамал-жайлар салу өріс алды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың бірінші жартысында классицизм үлгісіндегі ғимараттар (Вильнюстегі ратуша мен собор, Веркяйдағы сарай ансамблі т. б.) бой көтерді. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қала салу ісі жедел қарқынмен жүргізілді. Неміс басқыншылары қуылғаннан кейін республикада жаңа бас жоспарлар жасау, қалаларды абаттандыру және жаңадан салу (Науейи-Акмяне қаласы) ісі қолға алынды. Алайда соғыстан кейінгі Литва архитектурасында эклектикалық әлемішке бой ұру байқалады. 1955 жылдан құрылыс ісі индустриялы жолмен жүргізіле бастады. 1959 жылдан ірі панельді тұрғын үйлерді жүйелі жоюамен көптеп салу өріс алды. 60 – 70 жылдардағы тұрғын үй архитектурасына жаңа конструкцияларды кең қолдану, құрылысты комплексті түрде жүргізу тән. Қоғамдық ғимараттар арнайы жобамен салынды («Няринга» қонақ үйі, 1960, археологтар А. Және В. Насвитистер; Спорт сарайы, 1971, археологтар Ә. Крюкялис, З. Ляндзбергис т. б., Опера және балет театры, 1973, археолог Й. Бучюте – екеуі де Вильнюсте). Литван архитекторларының жобасымен Ташкентте, Минск пен Дондағы Ростовта т. б. қалаларда ғимараттар салвнған. Литван жиһазы жақсы бағаланады. Вильнюсте эстон, латыш және Ленинград архитеекторлары салған ғимараттар бар. 1945 жылы Литван КСР-і архитекторлар одағы құрылды.[3]
Дереккөздер