Латыш Советтік Кеңестік Республикасы (Латвияс Падомью Социалистіки Республика), Латвия.
Латыш КСР-і 1940 жылы 21 шілдеде құрылды. 5 тамыздан КСРО құрамында. КСРО-ның Еуропалық бөлігінің солтүстік-батысында орналасқан, батыс жағынан Балтық теңізі және Рига шығанағы қоршайды. Эстон КСР-мен, РКФСР-мен, БКСР-мен және Литва КСР-мен шектеседі. Жері 63,7 мың км². Халқы 2454 мың(1974). Астанасы – Рига қаласы. 26 ауданға бөлінеді. 56 қаласы, 35 қала типтес поселкесі бар.
Мемлекеттік құрылысы
Латыш – КСРО Одағына кіретін советтік социалистік одақтас республика , жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті. Латыш КСР-інің қазіргі конституциясын 1940 жылы 25 тамызда Латыш Халық сеймі қабылдаған. Жоғары өкімет органы – 10 мың адамнан 1 депутат есебімен халық 4 жылға сайлайтын Латыш КСР-інің бір палаталы Жоғары Советі. Жоғары Совет сессиялары аралығындағы жоғары мемоекеттік өкімет органы – Латыш КСР Жоғары Советінің Президиумы. Жоғары Совет республика үкіметі – Мин. Советін құрады, Латыш КСР-інің заңдарын қабылдайды. Аудандар мен қалаларда , поселкелер мен селоларда жергілікті өкімет органдарын – еңбекшілер депутаттарының тиісті Советтерін халық екі жылға сайлайды. КСРО Жоғары Советінің Ұлттар Советінде Латыш КСР-інің 32 депутаты бар.
Жоғары сот органы – республиканың Жоғары соты. Оны Жоғары Совет 5 жылға сайлайды. Құрамында екі коллегия және Пленум бар. Мұның сыртында Жоғары соттың Президиумы құрылады. Латыш КСР прокурорын КСРО Бас прокуроры 5 жылға тағайындайды.
Табиғаты
Латыш жері Шығыс Еуропа жазығында, Балтық тнңізінің оңтүстік-шығыс жағалауында, Даугава өзені алабында орналасқан. Теңіз жағалауы азған тілімделген, тек Рига шығанағы құрлыққы көбірек кіреді. Балтық теңізі жағалауын бойлай ені 2-3 шақырым , кей жері 50 шақырымға дейін жегетін ойпат созылып жатыр. Республиканың батыс бөлігінде Курзем, орталығында Видзем , шығысында Латгаль қыраттары, солтүстік-шығыс бөлігінде – Солтүстік Латыш ойпаты орналасқан. Геологиялық құрылымы жөнінен Латыш жері Шығыс Еуропа платформасы құрамына енеді. Платформаның кристалды фундаменті құрамында темір рудасы бар; кембрий мен ордовик шөгінділерінен 1965 жылы мұнай табылды; девон шөгінділірінен әк тас, юра шөгінділерінен қоңыр көмір, антропоген шөгінділерінен түрлі саздар, құмдар, шымтезек, т.б. алынады. Балтық теңізі мен Рига шығанағы жағалауларында янтарь кездеседі. Минералды су көздері бар.
Республика жері теңіздік және континенттік климатты. Батыс желдері басым. Шілденің орташа температурасы 16-18С; қаңтарда Балтық теңізінің жағалауында -2С, -3С; шығыс аудандарында -7С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 500-800 мм, оның 70%-і жылы маусымда түседі.
Өзендері Балтық теңізі алабына жатады. Ірі өзендері: Даугава, Лиелупе, Вента, Гауя, Даугава өзені бойынан Плявинь және Кегум бөгендері жасалған. Су энергетика қоры – 3,9 млрд. Кстсағ. 3195 көл бар, олар республика жерінің 1,5%-ін алып жатыр; бәрі де мұздық әрекетінен пайда болған. Ірі көлдері: Лубанас, Резнас, Буртниеку, Усмас, Лиепаяс. Ең терең көлі – Дридза(65,1м). Көлдері балық шаруашылығына пайдаланылады.(әсіресе Лубана көлі). Латыш жерінің 52%-і күлгін, 4%-і шым қабатты-карбонатты, 2%-і аллювий, 23%-і батпақты топырақты келеді; 19%-і шымтезек алынатын жерлер. Ауыл шаруашылығы жерінің 70%-ке жуығында ылғал өте мол. Мелиорация жұмыстарын кеңінен жүргізі нәтижесінде құрғатылған жер 1972 жылы 1217 мың га-ға жетті. Орман көлемі 2,4 млн га. Орманының 67%-і – қылқан жапырақты, 33%-і жалпақ жапырақты. Қоян, тиын, елік, бұлан, бұғы, түлкі, борсық, сусар, жанат тектес ит кездеседі. Кәсіптік балықтары – салака, май шабақ, лосось, таймень т.б. Республикада 5 мемлекеттік балық зауыды бар.
Совет өкіметі тұсында табиғатты қорғау шаралары кең көлемде жүргізіліп келеді. Слитере орманы, Усмас көліндегі «Морицсала» аралы, Энгуре көлі мемлекеттің қорғауында. Салаца өзенінде, Бабитес, Валгума, каниера көлдерінде балық; Слоцене, Скуйупе өзендерінде құндыз қорықтары т.б. ұйымдастырылған. Ескі өзен аңғарларының кейбір учаскелері, аса көрнекті геологиялық объектілер, 31 бақ, өсімдік пен жануарлардың сирек түрлері қорғауға алынған.
Латыш жері – теңіз жағалауындағы ойпат, Батыс латыш Курзем қыратын қамтиды, климаты, Орта Латыш, Шығыс Латыш табиғи аудандарына бөлінеді.
Халқы
Республиканың негізгі тұрғындары – латыштар(1342 мың, 1970 жылғы санақ бойынша). Сонымен қатар орыстар (705 мың), белорустар (95 мың), поляктар(63 мың), украиндар(53,5 мың), литвандар (41 мың), еврейлер (37 мың) т.б. тұрады.
1913-73 жылы қала халқы 38%-тен 64%-ке дейін кеміді. Халықтың жалпы санында еркектер 46%, әйелдер 54%. Орташа тығыздығы 1 км²-ге 38,1 адамнан (1973). Ірі қалалары (1973, мың есебімен): Рига(765), Даугавпилс (107), Лиепая (97), Елгава (59), Юрмала (56).
Тарихы
Латыш жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс. Латыш жерін адам баласы алғаш мезолит дәуірінде (б.з.б. 9-4 мың жылдық) мекендеген. Неолит дәуірінде (б.з.б. 4-2 мың жылдық) тастан, сүйектен бұрынғыдан гөрі жетілдірілген құралдар жасап үйренген, балшықтан ыдыс жасайтын болған. 2-мың жылдықта егіншілік, мал шаруашылығы шығады. 2-мың жылдықтың орта шенінде шеттен келген қола құралдар пайда болады. Б.з.б. 1-мың жылдықта латыш жерін мекендеген тайпаларда мал шаруашылығының мәні арта түседі. Қоғамдық қатынаста матриархат орнына патриархат орнады. Алғашқы темір құралдар б.з.б. 1-мың жылдықта кездеседі. Б.з.б. 2 ғасырында егіншілік негізгі кәсіпке айналды.
Феодалдық қатынастар Латыш жерінде 10 ғасырдан бастап қалыптасты. Шаруашылыққа үш танапты егіншілік, темір түренді соқа қолданылды. Темір ұсталығы, көзе ыдыстар жасау т.б. қолөнер саудасы дамыды. Латышқа христиан діні Ежелгі Русьтен келді. Алғашқы мемлекеттік бірлестік 10-13 ғасырларда Шығыс Латвияда пайда болды. 12 ғасырдың 2 жартысында Даугава сағасына Солтүстік Германияның көпестері келді. Агрессорларының көсемдері Германиядан крест тағушылар отрядын алдырып, Семсерлілер орденін құрды. Сессерлілер ордені 1236 жылы құлағанда, оның орнына 1237 жылы Ливон ордені құрылып, агрессияны жалғастырды. 13 ғасырдың аяғында крест тағушылар жаулап алған Латвияда неміс феодалдарының экономикалық және саяси үстемдігі орнады. 13 ғасырдың 1 жартысынан 1561 жылға дейін Латвия Ливонияның құрамына кірді. Латвия қалаларында неміс қолөнершілері мен көпестері тұрды, неміс помещиктері селолық жерлерге орналасып, бекініс салды. Ондай селодан ығыстырылған латыш шаруалары сол маңайдағы бөлімдерде, ормандарда бытыраңқылықпен күн кешті. Латвияда кейін тараған хутор жүйесі осыдан басталды.
Кейінгі феодализм дәуірінде 17 ғасырда Курляндия герцогтігі мен Видземада мануфактуралар пайда болды, 17 ғасырдың 80-90 жылдары швеция королі Карл ХІ иеліктерінің көпшілігін тәж-тақтың меншігі деп жариялап, ьВидзема жерінің 80%-ін мемлекетке алды.
Латыш жерінің бұдан кейінгі тағдыры Солтүстік соғысында (1700-21) шешілді. 1721 жылы Ништадт бітімі бойынша Швеция Видземаны Ресейге берді. Бөлшектенген Латыш жері ресей империясының қол астына біріге бастады. Латыш жерінің бірігуі латыштың буржуазиялық ұлт болып қалыптасуына жағдай жасады.
Экономикасы
Латыш КСР-і өнеркәсібі жоғары дәрежеде дамыған, механикаландырылған ауыл шаруашылық бар республика, Латвияның экономикасы – Совет Одағының халық шаруашылық комплексінің ажырамас бөлігі, басқа одақтас республикалармен территориялық еңбек бөлісу жүйесінде, туысқан республикалардың орасан зор көмегімен дамиды. Өнеркәсіп жалпы қоғамдық өнімінің 66%-ін, ұлттық табыстың 55%-ін береді. 1940 жылғымен салыстырғанда еңбек өнімділігі 9,1 есе артты. Өнімнің 200-ден астам түріне мемлекеттік сапа белгісі берілген (1972). Ауыл шаруашылығының негізінен етті-сүтті мал өсіруге және шошқа өсіруге бейімделген, 1940 жылғымен салыстырғанда оның жалпы өнімі 1,9 есе артты. Өнеркәсібі көп салалы және негізінен өңдеу өнеркәсібінің комплексі болып саналады. Жалпы одақтық маңызды салалар: транспорт машиналары, электротехника, оадиотехника, прибор жасау, трикотаж, химия, ет-сүт, балық өнеркәсібі.
Өнеркәсібі
Машина жасау мен металл өңдеуде жұмысшылардың 33%-і, жеңіл өнеркәсіпте - 23%-і, тамақ өнеркәсібінде – 11,7%-і істейді. Жалпы өнімнің 22,7%-ін машина жасау мен металл өңдеу, 25,2%-ін жеңіл, 29,1%-ін тамақ өнеркәсібі береді(1972). Республикада бірқатар реконструкцияланған және жаңадан салынған шымтезек кәсіпорындары – «Седа», «Зилайскалнс», «Стружаны», «Баложи» бар. Өнеркәсіп отынның 75%-і басқа республикалардан тасылады. Табиғи газ Коми АКСР-і мен Батыс Украинадан әкелінеді. Электр станцияларының жалпы қуаты 1 млн квт, ірі станциялары – В.И. Ленин атындағы Плявинь СЭС-і, Кегум СЭС-і, Рига ЖЭО. Басты металлургиядлық кәсіпорны – Лиепаяның «Сарканайс металургс» зауыды. Соғыстан кейінгі жылдарда Ригада электр машина жасау, «Автоэлектрприбор», гидрометеорологиялық және жартылай өткізгішті приборлар, электр лампасы зауыдтары т.б. , Лиепаяда ауыл шаруашылық машиналарын жасау зауыды, Вентспилсте желдеткіштер зауыды салынды. Вагон жасау зауыды, В.И.Ленин атындағы электр техникалық ВЭФ зауыды, А.С.Попов атындағы радио зауды т.б. реконструкцияланды және кеңейтілді.
Ауыл шаруашылығы
Совет өкіметі тұсында Латвияның ауыл шаруашылығында орасан зор социалистік қайта өзгерістер жасалып, ол жоғары дәрежеде механикаландырылған интенсивті салаға айналды. Ірі күрделі қаржы жұмсаудың арқасында материалдық техникалық базасын нығайту, механикаландыру, электрлендіру, ғылыми әдістерді енгізу нәтижесінде ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі 1940 жылғымен салыстырғанда 3,3 есе өсті(1972).
Латвияда 595 колхоз, 236 совхоз бар.1972 жылы ауыл шаруашылығында 30,4 мың трактор, 6,1 мын астық комбайны, 16,4 мың жүк машинасы жұмыс жасады. Мал шаруашылығы басым өркендеген, бүкіл ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде оның үлесі 66,4%, колхоздардың табысында - 74%.
1972 жылы ауыл шаруашылығына пайдаланатын жері 2909 мың га, оның ішінде егістік 56,4%, шабындық 9%, жайылымдық 32,4%. Құрғату жұмысы зор көлемде жүргізілуде, 1973 жылға дейін мемлекеттік шаруашылықтар мен колхоздардың 942 мың га жері құрғатылды.
Мал шаруашылығының басты бағыты – етті – сүтті мал өсіру.1972 жылдың аяғында республикада 1289 мың мүйізді ірі қара (оның ішінде 595 мың сиыр), 1136 мың шошқа, 330 мың қой, 61 мың жылқы болды. 61шаруашылықтың құс фермалары бар. «Кекава» құс фабрикасы жылына 40 млн бройлер өсіреді. Республиканың батыс бөлігінде омарта шаруашылығы дамыған. Кей шаруашылықтарда күзен, ақсұр түлкі, көгілдір түлкі өсіріледі.
Транспорты
Темір жолының ұзындығы 2484 км одан электрлендірілгені 247 км (1972). Маңызды темір жолдары: Рига – Москва ( Даугавпилс – Орёл тармағы бар), Рига – Псков – Ленинград; Рига – Вильнюс; Рига – Калининград; Псков – Резекне – Даугавпилс – Вильнюс. Автомобиль жолдарының ұзындығы 24,2 мың км, оның ішінде асфальт төселгені 12 мың км. Автотранспорттың жүк айналымы 1940 жылғыдан 44 есе артты (1972). Сауда флоты ең жаңа конструкциялы кемелермен, танкерлермен, газ, жеміс таситын кемелермен толықтырылған. Жүк тасымалы 1950 жылғыдан 18 есе өсті (1972). Басты порттары: Рига және Вентспилс. Ішкі кеме жолдарының ұзындығы 358 км (Лиелупе, Вента өзендері;Даугавының кейбір учаскесі).Рига қаласы еліміздің 56 ірі қалаларымен авиалиниялар арқылы байланысады. Латвияның барлық одақтас республикалармен, ірі аудандармен экономикалық байланыс орнаған. Мысалы, Латыш КСР-і КСРО-ның басқа аудандарынан өзіне қажетті қара және түсті металдардың 93%-ын, химиялық өнімдерінің 69%-ын, электр энергиясының 39%-ын алады, ал басқа аудандарға өз өнімдерінің 1/3 бөлігін береді. Латыш КСР-інің република аралық айналымында РКФСР-дің үлесі – 47%, Орта Азия республикаларының үлесі – 3%, Қазақ КСР-інің үлесі 2,5%.Қазақстаннан мақта, жүн, мал терісін алады; өзі электротехника бұйымдарын береді. Өнеркәсіп өнімдері 100-ден астам шетелге экспортқа шығарылады. Латвия экономикалық –географиялық жағдайына байланысты Орталық, Видзем Латгаль, Курзем аудандарына бөлінеді.
Оқу ағарту ісі
Латвиядағы алғашқы мектеп 1211 жылы Ригада тқұрылған. 16 ғасырдың 2 жартысында Ригада латыштар үшін бірінші мектеп ашылды. 17 ғасырда жлғары типті оқу орындары жұмыс істей бастады. 1775 жылы Елгавада Петрин Академиясының негізі қаланды. 1817 жылы және 1819 жылғы шаруаларды басыбайлықтан азат ету жөніндегі заңдар латыш мектептерін ашуды ескергенмен, бұл іс тым баяу дамыды. Осы кезеңдерде қалаларда неміс тұрғындары мен ауқатты латыштардың балаларына арналған мектептердің саны артты. Балтық жағалауының дворяндық басқармасы мұғалімдер семинарияларын аша бастады. Оқу неміс тілінде жүргізілді.
19 ғасырдың 2 жартысында «жас латыш» қозғалысының өкілдері мектепті шіркеуге бағындыруға, немістендіруге қарсы болды және оқудың ана тілінде болуын, мектептегі білім беру мазмұнын кеңейтуді талап етті. 1919 жылы қаңтарда советтік Латвияда алғаш рет ана тілінде ақысыз білім беру жүйесі құрылды. 6 жылдық бастауыш, 4 жылдық орта мектептер ашылды. 1919 жылы Рига қаласында Латвия мемлекеттік университеті ашылды. 1972-1973 оқу жылында 1101 жалпы білім беретін мектептерде 363 мың оқушы болды. 1972 жылы балабақшалар саны 772-ге жетті.
1973 жылы республикада 1495 кітапхана жұмыс істеді. Ірі кітапханалары: Латвия КСР-інің В.Лацис атындағы мемлекеттік кітапхана. Басты музейлері: Латвия КСР-інің тарих музейі, Латвия КСР-інің революция музейі, Рига қаласының және теңізде жүзу тарихы музейі, Латвия КСР-інің көркемөнер музейі, Латвия КСР-інің Я.Райнис атындағы әдебиет және өнер музейі, П.Страдынь атындағы медицина тарихы музейі, Латвия КСР-інің табиғат музейі. 1029 клубтық мекеме бар.
Архитектурасы
Латвия жерінде байырғы бекініс қоныстардың қалдықтары сақталған. Құрылыс ісінде ғасырлар бойы ағаш қолданылып келді. 12 ғасырдан бастап тас құрылыстар ірге көтерді. 13 ғасырда Цесис, Сигулда, Лудза, Бауска қалаларынан қамалдар салынды. Латвия архитектурасынан әр түрлі стильдер орын алды. Вальмиера мен Цесистегі, Ригадағы шіркеулер роман стилі мен готика үлгісін жергілікті сәулет өнері тәсілдерімен сындастара отырып салынған. Ұзақ уақыт бойы сан рет салынып, бірнеше қабат өзгерістерге ұшыраған әр түрлі дәуір архитектурасын бейнелейтін көптеген ғимараттар бар. Ригадағы Данненштерн мен рейтерн үйлері , Рундале мен Рейтрон үйлері, Рундале мен Елгавадағы сарайлар барокко стилінде тұрғызылды. Көптеген архитектуралық ескерткіштерден өз уақытына орай құрылыс техникасының жоғары болғандығы байқалады. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың 1 жартысында классицизм үлгісіндегі көптеген ғимараттар бой көтерді: Ригадағы Петер мен Павел соборы, Қазіргі Тарих музейінің залы.
Бейнелеу өнері
Латвия жерінен табылған өнер ескерткіштері б.з.б. 5 ғасырға саяды. Б.з.б. 4-3 ғасырда ағаш пен сүйектен, мүйіз бен янтарьдан жасалған адамның , аңның мүсіншілері сақталған. 13-19 ғасырдың ортасына дейін Латвияда бейнелеу өнері негізінен ұлттық өнерді дамыта отырып, Батыс Еуропа мәдениетімен тығыз қарым-қатынаста болды. 13 ғасырда роман және готика үлгісіндегі тас мүсіндеу өнері туды. Барокко дәуірінде ағаш мүсіндеу жоғары сатыға көтерілді. 19 ғасырдың бас кезінде Латвия өнерінен классицизм белең алды. 19 ғасырдың ортасында Латвия мен Ресей өнері арасындағы қарым-қатынас артты. Латыш суретшілері негізінен Петербургтегі Көркемсурет академиясы мен Штиглиц училещесінен білім алды. 19 ғасырдың 2 жартысында орыс демократиялық мәдениеті және ұлт-азаттық идеялардың ықпалымен латыш бейнелеу өнері мектебі қалыптасты. 1900-1910 жылдары графика, саяси карикатура дамыды. 20 ғасырдағы латыш мүсін өнерінің алғагқы өкілдері Т.Залькалн мен Г.Шкилтер шығармашылығы алғашқы сәтте 19 ғасырдың 2 жартысындағы орыс реализмі мен О.Роденнің ықпалында болды. Осы кезеңде театр декорация кескіндемесінің ірі өкілі Я.Куг шығармашылығы дамыды.
Дереккөздер
Прибалтийский экономический район, М., 1970;
Проблемы развития народного хозяйства Латвийской КСР, Рига, 1970;
История Латвийской КСР, т 1-3, Рига, 1952-58;
Зутис Я.Я., Остаевский вопрос в ХVIII в., Рига, 1946.