Дэвид Бекхэм

Дэвид Бекхэм Футбол
Жалпы мағлұмат
Толық аты

Дэвид Роберт Джозеф Бекхэм

Лақап аттары

Бекс (ағылш. Becks)

Туған күні

2 мамыр 1975 (1975-05-02) (49 жас)

Туған жері

Лондон,
Ұлыбритания

Азаматтығы

Англия Англия

Бойы

180 см[1]

Позиция

жартылай қорғаушы

Клуб жайлы ақпарат
Клуб

футбол карьерасын аяқтады

Жастар клубы
1987—1991 Англия Тоттенхэм Хотспур
1989–1991 Англия Бримсдаун Роверс
1991—1993 Англия Манчестер Юнайтед
Клуб карьерасы[* 1]
1993—2003 Англия Манчестер Юнайтед 265 (62)
1995   Англия Престон Норт Энд (аренда) 5 (2)
2003—2007 Испания Реал Мадрид 116 (13)
2007—2012 Америка Құрама Штаттары Лос-Анжелес Гэлакси 98 (18)
2009   Италия Милан (аренда) 18 (2)
2010   Италия Милан (аренда) 11 (0)
2013 Франция Пари Сен-Жермен 10 (0)
1993—2013 Барлығы карьерасында 540 (97)
Ұлттық құрамы[* 2]
1992—1993 Англия Англия-18 3 (0)
1994—1996 Англия Англия-21 9 (0)
1996—2009 Англия Англия 115 (17)
  1. Кәсіби клубтарда соққан голдары мен ойындары тек әртүрлі ұлттық лига чемпионаттарында ғана саналады.
  2. Ресми матчтарда ұлттық құрамда болған ойындары мен голдар саны.

Дэвид Роберт Джозеф Бекхэм (ағылш. David Robert Joseph Beckham; 2 мамыр 1975, Лондон, Ұлыбритания) — ағылшын футболшысы, жартылай қорғаушы. Карьерасында «Манчестер Юнайтед», «Престон Норт Энд», «Реал Мадрид», «Милан», «Лос-Анжелес Гэлакси» және «Пари Сен-Жермен» клубтарында және Англия Ұлттық футбол құрамасында ойнаған. Айып добын керемет орындайтын шеберлігімен танылды. Айып добынан көптеген маңызды голдарды соқты. 2011 жылы ең жоғары жалақы алатын футболшы атанды.

Өмірбаяны

Бекхэмнің ата-анасы "Манчестер Юнайтедтің" жанкүйері болған, клубтың әрбір ойынын Лондоннан қатынап жүріп тамашалапты. Бекхэм де ата-анасының жолын қуып, манчестерлік клубтың жанкүйері болды. Бобби Чарльтонның Манчестердегі футбол мектебіне қабылданып, клубтың жастар командасында ойнай бастайды.

14 жасында клубтың академиясымен келісім шарт жасасты. 1992 жылы клуб сапында Англия жастар кубогының иегері атанды.

Клубтық карьерасы

1993 жылы клубпен кәсіби футболшы ретінде келісім шарт жасасты. 1994 жылы 7 желтоқсанда УЕФА Чемпиондар Лигасындағы тұңғыш кездесуін "Галатасарайға" қарсы өткізіп, тұңғыш голын да соқты. Бұл ойында "Манчестер Юнайтед" 4:0 есебімен жеңіске жетті.

1994/95 жылғы маусымды "Престон Норт Енд" клубында арендада өткізді. Бес кездесуде алаңға шығып, екі гол соқты, соның бірін бұрыштамадан тікелей қақпаға теуіп енгізді.

1995 жылы көктемде туған клубына оралды. 2 сәуір күні "Лидс Юнайтедке" қарсы ойында Англия Премьер лигасындағы тұңғыш ойынын өткізді. 1996/97 жылғы маусымды алаң ортасынан соққан керемет голымен бастады ("Уимблдон" қақпасына). Осы жылдан бастап құрамаға шақырылып тұратын болды. Көп ұзамай клубтағы негізгі құрамға да орнығып алды.

1998/99 жылғы маусым Бекхэм үшін жетістіктер мен жүлделер жылы болды. Англия чемпионы, УЕФА чмепиондар лигасының жеңімпазы, Англия кубогы секілді командалық жетістіктерге қол жеткізді.

2003 жылы жазда "Бекхэм "Реал Мадридке" ауысады екен" деген жыл сайын қаулайтын қауесет расқа айналды. Испандық клубтағы карьерасы Испания суперкубогын жеңіп алумен басталды. Кубок жолында "Реал" "Малоркамен" ойнады да, Бекхэм тұңғыш голын да соғып үлгерді.

2003-2007 жылдары "Реал" жүлделер дағдарысына ұшырады, осы аралықта клубқа жиналған Зидан, Фигу, Оуэн, Роналдо секілді кіл жұлдыздар клубқа оншалық пайда әкелмеді. 2006 жылы клуб президенті боп Рамон Кальдерон тағайындалды да, клуб құрамын жаңарту және жасарту мақсатына көшті. Нәтижеде 2007 жылдың жазына дейін корольдық клубта жоғарыда аталғандарың ешқайсысы қалмады, Бекхэм де 2006/07 жылғы маусымнан соң клубты тәрк етті. Кетерінің алдында көптен күткен Испания чемпиондығына қол жеткізді. 2007 жылы 17 маусымда "Мальоркаға" қарсы "Реал" сапындағы соңғы ойынын өткізді.

2007 жылы жазда "Лос-Анжелес-Гэлакси" қатарын толықтырды. 2007 жылы 15 тамызда "Ди Си Юнайтедке" қарсы Солтүстік Америка суперлигасында клуб капитаны ретінде алаңға шықты.

2008 жылы қаңтар айында "Арсенал" (Лондон) клубының жаттығу базасында клуб мүшелерімен бірге жаттықты. "Бекхэм "Арсеналға" ауысады екен" деген сыбыстар тарағанымен, бәрі бос әңгімеге айналып, Бекхэм АҚШ-қа қайта оралды.

2009 жылы қаңтарға Еуропаға оралып, "Миланға" жалға берілді. Ұзамай-ақ, 11 қаңтарда россонерилер сапындағы тұңғыш ойынын өткізді, екі аптадан соң, 25 қаңтарда "Болонья" қақпасына тұңғыш голын соқты.

2009 жылы жазда "Лос-Анжелес-Гэлаксиге" қайта оралды. Бірақ алаңға көп шыққан соң, мұнысы клубтың жанкүйерлерінің ызасын тудырды. Соған қарамастан Бекхэм 2009 жылдың екінші жартысын жоғары деңгейде өткізді. Капитандық міндетке енді бұл емес, АҚШ Ұлттық құрамасының мүшесі Лэндон Донован тағайындалғанымен, Бекхэм оған ренжи қоймады, жап-жақсы ойнады. Бірақ 2010 жылдың басында тағы да "Миланға" жалға берілді.

2010 жылы жазда "Лос-Анжелес-Гэлаксиге" тағы да қайта оралды.

2013 жылдың басында клуб 37 жастағы футболшымен келісім шартты одан әрі созғысы келмеді.

2013 жылы "Пари Сен-Жермен" клубына ауысып, маусым соңына дейін ойнады. Сол жылы мамыр айында футболмен қоштасты. Осы маусымда Франция чемпионы атанды.

Ұлттық құрамада

Англия құрамасы сапында 1996 жылы 1 қыркүйекте Молдоваға қарсы ӘЧ-1998 іріктеу ойынында тұңғыш рет алаңға шықты. 1998 жылғы әлем чемпионатына қатысып, топтық кезеңнің соңғы турында Колумбия қақпасына бір гол соқты. 1/8 финалда Аргентинамен ойында жоқ жерден алаңнан қуылды: өзін қайта-қайта шалып құлата берген Диего Симеонеге рұқсат етілмеген соққы жұмсаймын деп жазаланды.

2000 жылғы Еуропа чемпионатының бірінші турындағы Португалиямен ойында екі нәтижелі пас шығарды, Англия 2:0 есебімен алға шыққанымен, 2:3 есебімен ұтылып қалды.

2002 жылғы әлем чемпионатының қарсаңында ауыр жарақат алды: додаға екі ай қалғанда УЕФА чемпиондар лигасындағы "Манчестер Юнайтед" - "Депортиво Ла-Корунья" кездесуінде аргентиналық Альдо Душер мұны оңдырмай құлатып, сол аяғын сындырды. Дәрігерлердің "әлем чемпионатына бара алмайды" деген қорытындыларына қарамастан, Бекхэм толық болмаса да айықты да, чемпионатқа қатысты. Топтық турнирдің бірінші матчында оның бұрыштан асырған добын Сол Кэмбелл баспен ұрып Швеция қақпасына гол соқты. Екінші турда Аргентина қақпасына пенальтиді дәл соғып, матч тағыдырын шешкен жалғыз голдың авторы атанды.

2004 жылғы Еуропа чемпионатының бірінші кездесуінде Францияның қақпасына пенальтиді соға алмай, Англия 1:2 есебімен ұтылып қалды.

2006 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финалда Айып добынан Эквадордың қақпасын дәл көздеп, Англия 1:0 есебімен жеңіске жетті.

2009 жылдан кейін оны құрамаға ешкім шақырмады. Оған футболшының жасының ұлғайып қалғаны себеп болды.

Жеке өмірі

Spice Girls тобының солисі Виктория Адамсқа үйленген. Бруклин Джозеф (1999), Ромео Джеймс (2002) және Круз Дэвид (2005) атты үш ұлы және Харлен Севен (2011) атты қызы бар.

2017 жылы "Артур Падищаның семсері" атты фильмге түсті.

Жетістіктері

Командалық

Манчестер Юнайтед
  • Англия чемпионы (6): 1995/1996, 1996/1997, 1998/1999, 1999/2000, 2000/2001, 2002/2003
  • Англия кубогы (2): 1996, 1999
  • УЕФА Чемпиондар Лигасы: 1999
  • Құрлықаралық кубок: 1999
  • Англия суперкубогы (2): 1996, 1997
Реал Мадрид
  • Испания чемпионы: 2006/07
  • Испания суперкубогы: 2003
Лос-Анджелес Гэлакси
  • MLS чемпионы (2): 2011, 2012
  • Supporters' Shield MLS иесі (2): 2010, 2011
Пари Сен-Жермен
  • Франция чемпионы: 2012/13

Жеке

  • Ағылшын премьер лигасының үздік жас ойыншысы: 1996/1997
  • Мэтт Басби атындағы жылдың жас ойыншысы жүлдесі: 1996/1997
  • 1999 жылдың ең құнды ойыншысы (UEFA)
  • «Би-би-си» сауалнамасы бойынша жыл спортшысы: 2001
  • «ФИФА 100» тізіміне ілінген

Дереккөздер

  1. David Beckham  (ағыл.). Тексерілді, 20 қазан 2020.

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!