Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі — Қазақстан президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Президенттің қызметін ақпараттық-талдамалық, құқықтық, хаттамалық-ұйымдастырушылық, құжаттамалық жағынан қамтамасыз ететін мемлекеттік орган.[1]
Тарихы
Қазақстан Республикасы Президентінің аппараты (1994 жылы 13 сәуір) негізінде құрылып, 1995 жылы 20 қазаннан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі деп аталды.
Қызметі
Негізгі міндеттері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кеңесші органдардың қызметін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың қызметіне жалпы бақылау, соның ішінде мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуын қадағалау, Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдерін сөзсіз, мүлтіксіз және дер кезінде орындауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының Президентін елдегі және шет елдегі жағдай туралы дер кезінде әрі толық хабардар ету болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мемлекет басшысының халық пен мемлекет биліктің бірлігін, конституциялық заңдылықтың мызғымай сақталуын, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттік егемендікті, конституцияны. құрылысты қорғау және нығайту, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі саясатын іске асыруға, елдің әлеуметтік-экоомикалық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуге қатысады, Елбасының Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын даярлауға қатысады. Ол мемлекет басшысы айқындайтын еліміздің сыртқы саяси стратегиясын әзірлейді, сыртқы экономиялық мәселелер бойынша ұсыныстарды тұжырымдайды, Қазақстан Республикасының Президентінің сыртқы саяси құзыретін протоколдық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Құқық қорғау және өзге мемлекет органдардың қылмысқа қарсы күресін, ұлттық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді және бақылау жасауды жүзеге асыра отырып, Президентке мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттары жөнінде ұсыныстар енгізеді. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Парламентіне қатысты өкілеттіктерін қамтамасыз ету мақсатында оны Парламенттегі заң шығарудың жай-күйі және онда қаралатын мәселелер туралы ұдайы хабардар етіп отырады.
Қазақстан Республикасы Президентіне: Парламент Мәжілісіне заң жобаларын енгізу туралы, Үкімет актілерінің күшін жою не толық немесе ішінара тоқтата тұру, Үкіметтің аса маңызды мәселелер жөніндегі отырыстарында мемлекет басшысының төрағалық етуі, мемлекеттің орталық атқарушы органдарын құру, тарату және қайта ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Кеңеске өтініштерін және оның шешімдеріне мемлекет басшысының қарсылықтарын дайындауды жүзеге асырады, мемлекет басшысының оған тікелей бағынатын әрі есеп беретін мемлекеттік органдарға және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші органдарға қатысты өкілеттіктерін қамтамасыз етеді. Әкімшілік елдің аймақтық саясатының стратегиясы, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың сындарлы түрде бірлесіп жұмыс істеуі, олардың елдің орталық органдарымен, көршілес мемлекеттердің шекара маңындағы аймақтарымен өзара іс-қимылдары жөнінде болжам жасауды және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар тұжырымдауды жүзеге асырады, мемлекет басшысының әкімдермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Президентінің актілері мен тапсырмаларын барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттің лауазымды тұлғаларының сөзсіз және мүлтіксіз орындауына, Үкіметтің, орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың актілерінің Конституцияға, ел заңдарына, Президент актілеріне сәйкестігіне бақылау жасауды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізетін тексерулердің нәтижелері мен олар бойынша жасалынған қорытындылар ұдайы Қазақстан Республикасының Президентіне баяндалып отырады. Мемлекет басшысының қызметін ақпараттық-талдау тұрғысында қамтамасыз етуді жүзеге асыра отырып, ішкі және сыртқы саяси ахуалға талдау жүргізеді, Қазақстан Республикасының Президентінің БАҚ-мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, мемлекет басшысының қарауына республикадағы мемлекеттік қызметтің заңдары мен жүйесін жетілдіру, кадрларды іріктеу және орналастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді, қызметке тағайындау және қызметтен босату кезінде материалдарды рәсімдейді. Елбасының өзге өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Президенттің азаматтық, саяси баспана беру мәселелері жөніндегі шешімдерінің жобаларын әзірлейді, Президентке мемлекеттік наградалармен марапаттау әрі құрметті, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді беру жөнінде ұсыныстар енгізеді, Президенттің азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асыруын қамтамасыз етеді, Елбасы бекітетін мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысады. Президент әкімшілігі Қазақстан Республикасынң Президенті жанындағы кеңесші органдарға тапсырмалар беруге хақылы, көзделген өкілеттіктерін іске асыру үшін мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге материалдарды сұратуға және алуға хақысы бар.[2]
Құрылымы
Президент Әкімшілігінің 2024 жылғы құрылымы:
- Басшылық
- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі
- Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы
- Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі
- Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі
- Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі
- Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшілері
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасарлары
- Құрылымдық бөлімшелер
- Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі
- Цифрландыруды дамыту бөлімі
- Әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі
- Жалпы бөлім
- Ішкі саясат бөлімі
- Коммуникациялар бөлімі
- Құқық қорғау жүйесі бөлімі
- Мемлекеттік құқық бөлімі
- Мемлекеттік бақылау бөлімі
- Мемлекеттік қызмет бөлімі
- Сыртқы саясат бөлімі
- Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің хатшылығы
- Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі
- Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі
- Қазақстан Республикасы Президентінің Протокол қызметі
- Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Өкілдігі
- Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығы
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бөлімі
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімі[3]
- Қарамағындағы мемлекеттік мекемелер
Басшылары
- Нұртай Әбіқаев (1990—1995)
- Сағынбек Тұрсынов (1995—1996)
- Ахметжан Есімов (1996, м.а.)
- Оралбай Әбдікәрімов (1996—1997)
- Сарыбай Қалмырзаев (1997—1998)
- Владимир Шепель (1998, м.а.)
- Ахметжан Есімов (1998)
- Әлихан Бәйменов (1998—1999)
- Сарыбай Қалмырзаев (1999—2002)
- Нұртай Әбіқаев (29 қаңтар 2002 — 10 наурыз 2004)
- Иманғали Тасмағамбетов (10 наурыз — 9 желтоқсан 2004)
- Әділбек Жақсыбеков (19 желтоқсан 2004 — 23 қаңтар 2008)
- Қайрат Келімбетов (23 қаңтар — 13 қазан 2008)
- Аслан Мусин (13 қазан 2008 — 21 қыркүйек 2012)
- Кәрім Мәсімов (24 қыркүйек 2012 — 3 сәуір 2014)
- Нұрлан Нығматулин (3 сәуір 2014 — 21 маусым 2016)
- Әділбек Жақсыбеков (21 маусым 2016 — 10 қыркүйек 2018)
- Әсет Исекешев (10 қыркүйек 2018 — 24 наурыз 2019)
- Бақытжан Сағынтаев (24 наурыз 2019 — 28 маусым 2019)
- Қырымбек Көшербаев (28 маусым 2019 — 18 қыркүйек 2019)
- Ерлан Қошанов (18 қыркүйек 2019 — 1 ақпан 2022)
- Мұрат Нұртілеу (1 ақпан 2022 - 3 сәуір 2023)
- Олжас Бектенов (3 сәуір 2023 - 6 ақпан 2024)
- Айбек Дәдебаев (6 ақпан 2024 бастап)
Дереккөздер