Әскери ғылым

Әскери ғылымәскери өнері мен жауынгерлік даярлық мәселелерін зерттейтін ғылымдар. Жалпы әскери істі, жүріп жатқан немесе болуы мүмкін соғыстың әскери-стратегиялық сипаты мен заңдылықтарын, соғысушы немесе соғысуы мүмкін қарсылас жақтардың мақсатын, әскери күш-қуатын, құрамын, әскери-техникалық, саяси-моральдық ахуалы мен соғыс жүргізу тәсілдерін тағы басқа әскери мәселелерді зерттейді.[1] Ол, сондай-ақ, Қарулы Күштер құрылымының теориялық негіздері мен тәжірибесін қалыптастырады, соғыс өнерінің даму бағдарын анықтайды, Қарулы Күштер түрлері әскери іс-қимылдарының мейлінше тиімді әдістері мен формаларын іздестіреді және олардың жан-жақты қамтамасыз етілу мәселелерін қарастырады. Саяси мақсат-мүдделерге байланысты қарсыласқа айналуы ықтимал жақтың және өз Қарулы Күштері мен одақтастарының әскери күш-қуатын, ғылыми-техника жетістіктері мен экономика мүмкіндіктерін сараптайды. Қазіргі әскери ғылымның негізгі құрамдас бөліктері мыналар болып табылады: ұрыс қимылдарын жүргізудің, әскери техникаларды қолданудың теориясы мен іс-тәжірибесін қамтитын әскери өнері [2](тактика, стратегия тағы басқа); қарулы күштердің ұйымдастырылуы және азаматтардың әскери даярлығы мәселелерімен шұғылданатынәскери құрылыс теориясы; Қарулы Күштердің жауынгерлік құрамын әскери оқыту-үйрету және тәрбиелеу теориясы (әскери педагогика, әскери психология); Қарулы Күштерді материалдық-техника жағынан жабдықтау және қаржымен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын әскери экономика теориясы; соғыстар мен соғыс өнерінің тарихын зерттейтін әскери тарих; әскери іс-әрекеттер аймағы, кейбір елдердің географиялық орналасу ерекшеліктерінің соғыс қимылдарын жүргізудегі маңызын, әскери топография мәселелерімен шұғылданатын әскери география; әскери қызметшілер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау, соғыста жараланған және ауырған адамдарға көмек беру, Қарулы Күштерді медицина жабдықтау және оның жауынгерлік құрамына медициналық жәрдем беру ісін ұйымдастыру, әскери денсаулық сақтау саласының теориясы мен іс-тәжірбиелерін зерттеу және жетілдіру ісімен айналысатын әскери медицина; әскери іс-қимылдардың демографиялық дамуға қатысты мәселелерін қарастыратын әскери демография және тағы басқа әскери ғылымның жетістіктері мемлекеттік әскери доктринасын жасау барысында пайдаланылады. Қазақ халқының дәстүрлі әскери өнерінен және қазіргі заманғы отандық қолбасшылар мен ғалымдар (қ.Бауыржан Момышұлы, Л.Қ. Бақаев) еңбектерінен бастау алатын қазақ отандық төл әскери ғылым 20 ғасырдың ақырында ғана қалыптаса бастады. Республикада ғалым Л.Қ. Бақаев әскери ғылым саласында алғашқылардың бірі болып, докторлық диссертация қорғаған (1997).[3]

Әскери ғылым (Военная наука) — соғыс кимылдарын жүргізу құралдары мен тәсілдерін, соғыс өнері мен заңдарын зерттейтін ғылым саласы. Ол Қарулы Күштердін құрылысы мәселелерінің теориялық негіздерін және практикалық нұсқамаларын жасайды, әскери өнердің принциптерін анықтайды. Қазіргі заманғы әскери ғылымның құрамдас бөлімдері соғыс өнерінің теориясы (стратегия, оперативтік өнер және тактика), Қарулы Күштер құрылысының теориясы, саяси жұмыс теориясы, әскери экономика теориясы және т.б. болып саналады.[4]

Әскери ғылымдар докторы

Әскери ғылымдар докторы (Доктор военных наук) 20.3.1937 ж. КСРО ХКК қаулысымен бекітілген, әскери ғылым саласында жұмыс жасайтын адамға берілетін жоғары ғылыми дәреже. Ғылыми кеңес ұсынысы бойынша КСРО Жоғары Аттестациялық Комиссиясы Президиумының шешіміне сәйкес ғылым кандидаты деген ғылыми дәрежесі бар, әдетте, әскери сала бойынша диссертация қорғаған, ғылыми жұмыстар жариялаған немесе жоғары оқу орындары үшін оқулық жазған адамға берілді. 1979 жылға дейін әскери-теңіз ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі де беріліп келген.

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2. Қазақ энциклопедиясы
  3. Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6
  4. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Әскери іс. Алматы: «Мектеп» ААҚ , 2001 жыл



Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!