Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Қазақ тілі» қоғамы — қазақ тілін, қазақ мәдениетін, қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым. Ұйым 1989 жылы Алматы қаласында өткен 1-құрылтайда құрылды.
Тарихы
1989 жылы Алматы қаласында өткен 1-құрылтайда құрылды. Онда «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, міндеттері айқындалды. «Қазақ тілі» қоғамыда өз жұмысын ҚР Ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы Заңы, өзінің Жарғысы және халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді.
«Қазақ тілі» қоғамының республикада және одан тыс жерлерде де бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санкт-Петербург, Саратов, Волгоград қаласында, Моңғолия, Түркия, Қарақалпақстан, Түркіменстанда «Қазақ тілі» қоғамыныңның бөлемшелері бар. Сондай-ақ Франция, Швеция, Америка, Қытайда тұратын отандастарымыз «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болып табылады.
1992 жылғы 26 қарашада Алматыда республикалық «Қазақ тілі» қоғамының 2-құрылтайы өтті. Оған Н.Ә.Назарбаев қатысты. 2-құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебеге иеленді. Соған сәйкес өзінің жаңа Жарғысын қабылдап, әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстар жайын айқындап алды. Жоғары аталған мемлекеттік тілге байланысты алуан түрлі шаралар 2- және 3- құрылтай аралығында да үздіксіз жүргізіліп отырды. 1993, 1994, 1995 жылдары Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Семей, Талдықорған, Шымкент қаласында көшпелі мәслихаттар өткізіліп, нақты шаралар белгіленіп отырды.
1996 жылғы 21 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 3-құрылтайы өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйымдар жөніндегі заңға сәйкес республикалық мәртебеге ие болып қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды. Осыған орай Жарғы да қайта түзіліп біраз жаңалықтар енгізілді. Әділет министрлігінің талабына сәйкес жазылған Жарғыда атап керсетілгендей, бұдан бұрынғы жерде барлық облыстар, халықаралық, аудандық ұйымдар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшілері болып саналды да, түскен қаржы-қаражаттар бір орталыққа шоғарландыру арқылы жұмсалатын болды. Ұйым өзінің халықаралық қоғам деген атын сақтап қалды.[1]
Қоғамның мақсаты
Қоғамның негізгі мақсаты мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, ұлттық мәдени орталықтар мен жеке азаматтарға қазақ тілін республикада және одан тыс жерлерде кеңінен қолдануға қолдау көрсету. Ғылыми-әдістемелік құралдар мен сөздіктер шығаруды ұйымдастырып, қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихаттау. Мемлекеттік тілді насихаттауға және түрлі мәдени шаралар өткізуге жәрдемдесу.
Эндаумент
2023 жылғы 12 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған анимациялық туындылар мен ғылыми-танымдық әдебиеттерді көбейту қажеттігін айтты. Президент «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру үшін жұмыс жүргізуге шақырды. Сонымен қатар, ол «Қазақ тілі» қоғамының қызметін одан әрі жандандыру мақсатында эндаумент қор құруды ұсынды және өз атынан үлес қосатынын мәлімдеді.[2]
Qazaq Tili Endowment Qory — бұл эндаумент қоры, қоғамның ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Қоғам басшысы Рауан Кенжеханұлының айтуынша, эндаумент қоры — әлемде кеңінен қолданылатын құрал. Әлемдегі ең ірі эндаумент қоры Жапонияның «Ғылым және технология қоры», оның көлемі 80 миллиард долларды құрайды. Гарвард университетінің эндаумент қоры 50 миллиард долларды құрайды. Бұл қаражаттар кәсіпкерлердің, ұйымдардың, жеке тұлғалардың осы қордың мақсаттары мен миссиясына сеніп, өз үлестерін қосуынан жинақталған. Басқа қорлардан айырмашылығы, эндаумент қорына түскен қаражат жұмсалмайды, олар басқарылады. Қаражат депозитке орналастырылады, ал тек пайыздардан түскен кіріс жұмсалады.
Қоғам жұмысты бастағанда, оның есепшотында 29 мың теңге болған. Мемлекет қоғамдық ұйымды тікелей қаржыландыра алмайды. Мемлекет басшысы алғашқы болып өз қаражатынан 7 миллион теңге аударды. Мемлекет басшысының бұл қадамы қоғамға үлкен қолдау көрсетті.
Эндаумент қорына түскен қаражаттарды басқару механизмдерін қамқоршылар кеңесі анықтайды. Қамқоршылар кеңесіне түрлі салалардың, соның ішінде лингвистиканың өкілдері кіреді. Қордың одан әрі кеңеюі үшін ең маңызды нәрсе —бедел. Бұл қамқоршылар кеңесінің мүшелерінің деңгейі мен жұмыс тәжірибесіне байланысты.[3]
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев эндаумент қорына алғашқы жеке жарнасын аударды, бұл қаражат 7 миллион теңгені құрады.[4]
2023 жылғы 11 желтоқсанда Kusto Group компаниясының басшылығы қазақ тілін қолдау эндаумент қорына 100 млн теңге аудару туралы жариялады. Аталған жарна Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Татишев пен директорлар кеңесінің мүшелері Даулет Нұржанов, Қанат Көпбаев, Мұрат Өтемісов, Талғат Тұрымбаев және Оразхан Қарсыбеков тарапынан Қазақстан Президентінің қазақ тілін дамыту бастамасын қолдау мақсатында жасалды.[5]
Дереккөздер