Теңіз – Теңіз-Қорғалжын алабындағы көл.
Ақмола облысы Қорғалжын ауданының оңтүстік-батысында. Көл ойыстың батыс бөлігіндегі тектоникалық қазаншұңқырда жатыр. Солтүстік және Орталық Қазақстандағы ірі тұзды су қоймаларының бірі, теңіз деңгейінен 304,4 м биіктікте орналасқан. Көл үлкен батыс бөліктен және солтүстік-шығыстағы шығанақты бөлігінен тұрады.
Теңізге құятын өзен суларының азаюына байланысты ауданы кейінгі жылдары 1161,5 км2 дейін кішірейді (бұрын 1590,0 км2 болатын), ұзындығы 74,4 км, ені 32 км (бұрын 40,2 км). Жағалау сызығы 488,0 км. Су жиналатын алабы 94900 км2. Негізгі бөлігінің тереңдігі солтүстігінде 6,75 м (бұрын 8 м), шығанағында 3 м. Көл түбі жайпақ, тегіс, негізінен қоймалжың сұрғылт қара түсті, емдік қасиеті бар тұнбадан тұрады. Солтүстік-шығыс бөлігінде балдыр өседі. Желтоқсанда қатады, мұзының қалыңдығы 1 м-ге жетеді, сәуірде ериді. Су деңгейі көктемде 0,5 м-ге көтеріледі, қазанда төмендейді. Көлде жыл бойы су болады. Теңізге Нұра, Құланөтпес өзендері, Еспесай, Үлкен және Кіші Тобылғысай, тағыда басқа жылғалар құяды.
Көлдің батыс жағалауы аласа төбешікті, басқа жағы жатық, түйетайлы, жазыққа ұласады. Жағасы гипсті саздан түзілген, батыс жағасы тастақты. Шығыс жағалауы шығанақтармен қатты тілімделген, мұнда үлкенді-кішілі 70 арал бар. Көлге су құстары ұя салады (жылына 50 мың жұпқа дейін), оның ішінде кәдімгі қоқиқаз (21 мың басқа дейін) бар. Суында мөңке, оңғақ, нәлім, алабұға, торта, шортан, аққайран сияқты балықтар мекендейді. Көл суы ашқылтым. Суы көп жылдары солтүстік-шығыстағы шығанағының тұздылығы 2,9%, суы аз жылдары 18,2% болады. Теңіз Қорғалжын мемлекеттік қорығының құрамына кіреді.[1]