Сарысу-теңіз көтерілімі, солт-нде Теңіз ойысымен, батысында Ұлытау антиклинорийімен, шығысында Қарағанды алабымен және оңт-нде Жезқазған ойысымен шектеледі. Сарысу-теңіз көтерілімі Шығыс Сарысу-Теңіз және Батыс Сарысу-Теңіз құрылымдық-формац. белдемдері деп екіге бөлінеді. Шығыс Сарысу-Теңіз құрылымы шамамен ұз. 350 — 400 км, ені 100 — 125 км аралықты алып жатыр. Ол солт.-батысында Теңіз ойысының шекарасымен шектелсе, оңт.-шығысында герциндік Нұр-Айнасу құрылымымен, каледондық Жайылма мульдасымен және Атасу құрылымдық-формац. белдемімен терең жарылымдар арқылы жапсарласады. Көтерілімнің геол. қимасы кембрийге дейін тұрақтанған жаралымдардың біршама қалың қабатынан басталады. Бұл жаралымдардың жалпы қалыңд. 2000 — 4800 м аралығында. Жоғ. протерозойдың төм. бөлігін қамтитын (R1-2) мәрмәр тақтатастар, порфироидтар, кварциттер Қараменде және Қожамсейіт свиталарына біріктірілген (қалыңд. 3500 м-ге дейін). Кембрийге дейінгі жаралымдар қимасы венд жаралымдарының братолюбов сериясымен (қалыңд. 1000 м-ге жетеді) аяқталады. Төм.-ортаңғы кембрий жаралымдары (e1l–e2) Қарымбай свитасына топтастырылған. Андезиттерден, андезит-базальттардан, олардың туфтарынан тұратын бұл свитаның қалыңд. 1700 м-ге дейін жетеді. Ақкелін свитасына топтастырылған жоғ. кембрий (e3) терригендік шөгінді тау жыныстарынан тұратын түзілімдердің қалыңд. 1400 м-ге дейін жетеді. Ордовик түзілімдерінің қимасы шартты түрде екі бөліктен тұрады: төм. ордовик (О1) негізінен терригендік шөгінді тау жыныстарынан құралса (қалыңд. 2200 м-ге дейін), орт. және жоғ. ордовик (О2-3), керісінше, эффузиялар мен туфтардан құралады (қалыңд. 2500 м-ге дейін). Ордовик түзілімдерінің осы сипатты қимасы Батыс және Шығыс Сарысу-Теңіз құрылымдарының екеуіне де тән. Силур түзілімдері (S) Батыс Сарысу-Теңіз құрылымында ұшыраспайды, ал Шығыс Сарысу-Теңіз құрылымында бұл деңгей түзілімдері қимасының қалыңд. 3000 м-ге жетеді. Бұл қиманың жоғ. бөлігі андезиттерден, дациттерден, липариттерден (риолиттерден) және солардың туфтарынан құралса, ал төм. бөлігі терригендік тау жыныстарынан тұрады. Сарысу-теңіз көтерілімі. аумағының басым бөлігі континенттік саяз сулы алаптарда түзілген девон-карбон түзілімдерінің ашылымдарымен сипатталады. Девон-карбон түзілімдерінің қимасы Сарысу-теңіз көтерілімінің екі құрылымында да ұқсас болып келеді; девон түзілімдерін қызыл түсті жанартаутекті-шөгінді моласса формациясының өкілдері құрайды; төм. карбон түзілімдері (С1) карбонатты-терригендік құраммен сипатталады, тек Шығыс Сарысу-Теңіз құрылымы ауқымынан ғана көрініс беретін орт. және жоғ. карбон (С23) түзілімдері Тасқұдық пен Жезқазған свиталарына біріктірілген, олар қанық бояулы және қызғылт түсті терригендік тау жыныстарынан тұрады. Бұл түзілімдер қимасының қалыңд. 2700 — 3000 м-ге жетеді. Батыс Сарысу-Теңіз құрылымында төрт түрлі, Шығыс Сарысу-Теңіз құрылымында үш түрлі интруз. кешен оқшауланады. Сарысу-теңіз көтерілімі пайдалы қазба кенорындарына аса бай емес. [1]
Пайдаланылған cілтемелер
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы, 7 том