Орта ғасырлардағы шаруалар
Шаруалардың ортағасырлық қоғамдағы орны- Шаруалардың қоғамда атқаратын рөлі орта ғасырларда қалыптасқан үш қауымдық топ теориясы бойынша анықталды. Ол теория қоғамды адам ағзасымен салыстыруға негізделді. Адамның өміріне жан қандай қажет болса, құдайға құлшылық етуші дінбасылар да коғамға сондай қажет делінді. Зиялы мырзалар мен ел басқарып жүрген атқамінерлер адамның колына теңестіріліп, «соғысушылар» рөліне ие болды. Ал шаруалар адамның аяғына теңестіріліп, жұмыс істеушілер деп танылды. Бұл теория бойынша адамның жаны, аяғы, қолы бір-біріне қандай қажет болса, дінбасылары да, зиялы мырзалар мен шаруалар да бір-біріне сондай қажет, олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды делінді. Сондықтан да олар әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста, ешқандай талас-тартыссыз, ынтымақта өмір сүруі керек. Себебі адамның аяғы қолына, қолы жанына қарсы қастандық жасамайды. Сөйтіп орта ғасырларда шаруалар қоғамның ең қажетті мүшесі саналды. Шаруаларға, олардың дене еңбегіне деген осындай озық көзкарас олардың коғамдық өндіріске ынтасын арттырып, шаруашылықтың өркендей түсуіне елеулі үлес қосты.
Шаруалардың жікке бөлінуі
Феодалдық құрылыс кезіндегі шаруалар басыбайлы және ерікті болып екіге бөлінді. Басыбайлы шаруалар феодалдарға толық тәуелді болды, олардың өз беттерімен шешім қабылдап, әрекет етуіне тыйым салынды. Феодалдар ондай шаруаларды сатуға, айырбастауға, сыйлауға ерікті еді. Басыбайлы шаруа қашып кетсе, қожасы оны тауып алып, өзіне қайтаратын. Басыбайлы шаруалар қатарына бірте-бірте бұрынғы құлдар да қосылды. Шаруалардың Бұл тобы Францияда «сервтер» деп аталды. Шаруалардың екінші тобына жататын жеке басы ерікті шаруалар Англияда «вилландар» еді. Олардың жағдайы біраз жеңілдеу болды. Олар өз қарамағындағы мүліктерін, еңбек құрал-жабдықтарын еркін жұмсай алды. Ерікті шаруалар өз жер үлесін мұрагерлік жолмен балаларына калдыруға құқылы болатын.
Шаруалардың міндеткерлігі
Шаруалар өз қожайындары мен корольдеріне көптеген міндеткерліктер өтеді. Ол кандай міндеткерліктер еді? Алдымен әскер қатарында қызмет істемейтіндердің соғыста жүрген ауылдастарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыру міндеткерлігі болды. Екіншіден, қақтығыстар кезінде ұсақ жер иелері мен шаруалар өз шаруашылығын, отбасын жалғыз өзі қорғай алмайтын. Ол мұндай жағдайда қуатты көрші феодалдың немесе монастырьдың қамқорлығына мұқтаж болды. Бірақ ол қамқорлық үшін куатты көршісіне келісілген міндеткерліктерін өтеп отырды. Сондай-ақ өз жері жоқ шаруалар феодалдардан алған жер үлестері үшін міндеткерлік атқарды.
- Шаруалардың феодалға өтейтін міндеткерліктері соғыста жүрген ауылдастарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыру Феодалдан алған жері үшін міндеткерлік:
- - барщина
- - оброк
Қоғамдық жұмыстар: тегін көпір салу, жол жөндеу жұмыстарын атқару міндеткерліктерді өтеудің бірнеше түрі болды. Басты түрі - еңбекпен өтеу. Ол «барщина» деп аталды. Шаруалар заттай алым-салық - «оброк» та төлеп отырды. Сонымен қатар «қоғамдық жұмыстар» атқару міндеткерлігі де болды. Мысалы, жылына бірнеше күн бойы тегіннен-тегін көпір салуға, жол жөндеуге қатысу, ылауға жүру сияқты міндеткерліктер атқарды.
Шаруалардың тұрмысы
Орта ғасырлардағы шаруалардың тұрмысы өте жұпыны болды. Өндірістің даму дәрежесінің төмендігіне байланысты олардың тұтынатын заттары өте аз әрі қарапайым болған. Өз тұрмысына қажетті төсек-орын, ыдыс-аяқты шаруалар өздері жасап алатын. Үйлерін де өздері салатын. Үйді ағаштан, тастан салып, төбесін қамыспен, сабанмен жабатын. Терезе орнына күн сәулесі әрең түсетін шағын тесіктер шығаратын. Тамақтанатын, жататын орындары бір бөлмеде болды. От жаққанда үй іші түтіндеп кететін. Себебі, пештің түтін тартатын мұржасы болмайтын. Түтін төбедегі тесіктен шығатын. Қатты суық түскенде шаруалар ұсақ малдарын да өздері тұратын бөлмелерге кіргізіп алатын.
Астық жинау
Шаруалардың киімдері де өте қарапайым болды. Киімді өздері тоқыған матадан, кенептен, иленген теріден тігіп киді. Аяқтарына да теріден, тіпті өсімдік сабағы мен ағаш қабықтарынан тоқылған шоқайлар киетін.
Шаруалардың феодалдармен күресі
Шаруалар аз еңбектеніп, мырзаларына, өкіметке неғұрлым аз салық төлеп отыруға, ал олардан өздеріне, керісінше, еңбегіне тұрарлық төлем алуға ұмтылды. Бірақ мырзалар шаруаларға салынатын салықты көбейте түсуге тырысып отырды. Ортағасырлық құжаттардан мырзалардың шаруаларды «жалқау», «топас», «дөрекі», «бұзық» деген айыптауларын кездестіруге болады. Ал шаруалар қожайындарын «сараң», «қатыгез», «тойымсыз» деп кінәлайды. Қожайынның талаптары, қатыгездігі мен әділетсіздігі шектен шығып кеткенде шаруалар өз наразылықтарын білдіріп отырды. Олар өз қожайындарына қарсы көтеріліске шығып, күш көрсетуге дейін барды, шаруашылыққа зиянкестік жасады, тіпті болмаса қашып кетті. Кейде шаруалар бірлесе, кеңесе отырып, қожайынға өздері дұрыс деп тапқан талаптарын қоятын. Шаруалардың осындай әрекеттері кейде қожайындарды салық мөлшерін азды-көпті жеңілдетуге мәжбүр ететін.
Орта ғасырлар тарихы
Орта ғасырлар тарихында Еуропа елдері үшін V-X ғасырлар, ал Азия елдері үшін ІІ-ХІ ғасырлар ерте орта ғасырлар дәуірі деп аталады. Бұл деуірде адамзат баласы тарихының дамуында көптеген тайпалар құлдық қоғамды аяқтап, жаңа қоғамдық қатынас - феодализмге енді. Ерте орта ғасырларда ірі жер иеліктері дамыды. Феодалдық қоғамның негізгі байлығы жер болды. Ерте ортағасырлық мемлекеттер өмірге келді. Солардың ішінде Франктер империясы мен Византия империясы құрылды. Азияда Араб халифаты дүниеге келді. Ислам дінітаралып, Азия елдерінде мұсылмандық кең етек алды. Ислам дінін уағыздаушы Мұхаммед пайғамбар ислам дүниесіне зор әсер етті. Шығыс Еуропа елдерінде ерте ортағасырлық деуірде славян тайпалары бірікті. Батыс, Оңтүстік және Шығыс славян тайпалары ІХ-Х ғасырлар аралығында өз мемлекеттерін құрды. Шығыс славян тайпаларының жерінде Киев Русі мемлекеті, Батыс славян тайпаларының жерінде Морав, Чех мемлекеттері, Оңтүстік славян тайпалары жерінде - Балқан түбегінде Бірінші Болгар патшалығы құрылды. Бұл славян мемлекеттері дүние жүзі халықтары тарихында ай-тарлықтай із қалдырды.
Ерте орта ғасырлар кезеңіндегі мемлекеттердің саяси құрылымы ерте феодалдық монархия болды. Ірі жер иелері мен дін басшылары феодалдардың мүддесін қорғап, үстемдік жасап отырды. Мемлекеттік аппаратта король, герцог, барон, кінәз бен боярлар феодалдық сатыны құрады. Ірі жер иеліктері феодалдық поместьелер болды. Ерте орта ғасырлар кезеңінің бір ерекшелігі - монархиялық империялар қандай күшті болғанымен, феодалдық қоғамның заңды дамуы - бытыраңқылықты бастан кешірді. Оның себебі, біріншіден, барлық феодалдық мемлекеттер байлық үшін, билік үшін әр уақытта бақталас- тықта болды. Екіншіден, феодалдық қоғамда тұйық табиғи шаруашылық дамыды. Мемлекеттер елді басқару мен шаруашылықты ұйымдастыру ісін өз мәнінде жүргізе алмады. Бұл тарихи процесс Франктер, Византия, Киев Русі мемлекеттерінің әлсіреуіне жене құлауына әкелді.
V-X ғасырлар аралығында шаруалардың жіктелуі күшейді. Яғни шаруалар кедейленіп, жерін ірі феодалдар тартып алған, жерсіз шаруалар көбейіп, олар феодалдарға еріксіз кіріптарлыққа түсті. Еріксіз шаруалар Еуропа және Азия елдерінде ірі феодалдарға қарсы күреске шығып отырды. Феодалдық қоғамның дамуы өндірістік күштердің дамуына, өндірістік қатынастың күшеюіне әкелді. Еуропа елдерінде жерге жеке меншік үстем болды. Азия елдерінде жерге иелік негізінен мемлекеттік меншік арқылы дамыды. Ерте орта ғасырлар кезеңінде феодализм дамып, феодалдық қоғам өз дамуының жоғарғы сатысына өтті.[1]
Дереккөздер
- ↑ Орта ғасырлардағы дүние жүзі тарихы. - Алматы: Атамұра,2007.ISBN 9965-34-625-9