Мемлекеттің қаржысын басқару.
Қаржыны басқару стратегиялық және оперативтік басқару болып ажыратылады. Стратегиялық басқаруды дәстүр бойынша мемлекеттік биліктің және басқарудың жоғары органдары - Парламент, Президент аппараты, Үкімет, Қаржы министрлігі, Экономикалық даму және сауда министрлігі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы индустрия және жаңа технология министрлігінің Инвестиция жөніндегі комитеті басым инвестициялық жобалар бойынша инвесторлардың ұсыныстарын қарайды, оларды сараптау, тиімділігін анықтау, салықтық және кедендік преференциялардың мөлшерлері, іске асыру ұсыныстары, контракттарды дайындау жөнінде басқа мүдделі ұйымдармен жұмысты үйлестіреді. Сөйтіп, инвестициялық жобалар қаржылық ілеспемен, оларды іске асыру, жүзеге асыруға бақылаумен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасында қаржыны басқару негізінен бюджет жүйесін және салық жүйесін ұйымдастыру бағыттарында жүзеге асырылады.
Жалпы мемлекеттік қаржыны мемлекеттік уәкілетті органдар - Қаржы министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі басқарды.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі туралы қағидаға сәйкес Министрлік басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте өзінің құзырына жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
Министрліктің негізгі міндеттерін және функцияларын жүзеге асыру үшін заңдарда белгіленген тәртіппен Қаржы министрігіне үлкен құқықтар берілген.
Министрліктің мынадай ведомстволары бар: Қазынашылық комитеті, Кедендік бақылау комитеті, Қаржылық бақылау комитеті, Салық комитеті, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті, Қаржы мониторингі комитеті. Қаржы министрлігінің орталық аппаратында департаменттер маңызды орын алады.
Департаменттер мен комитеттер өз кезегінде нақтылы функциялық міндеттерді орындайтын басқармалардан, ал олар бөлімдерден тұрады. Бөлімдер басқармалар орындайтын функцияларды нақтылайды. Министрліктің құрылымында сондай-ақ Мемлекеттік сатып алуды үйлестіру басқарамасы және Ақпарат пен жұмылдыру жұмысын қорғау бөлімі бөлінген.
Қазынашылық комитетінің ұйымдық құрылымы Қаржы министрлігі құрамындағы Қазынашылықтың орталық аппаратынан және облыстар, қалалар бойынша оған бағынышты аумақтық бөлімшелерден тұрады. Қазынашылық комитеті Қаржы министрлігінің құзыры шектерінде арнайы атқарушы және бақылау қадағалау функцияларын, сонымен бірге республикалық бюджеттің атқарылуына қызмет көрсету, мемлекеттік бюджетке, мемлекеттік мекемелерге есепқисаптық-кассалық қызмет көрсету және мемлекеттік бюджеттің қаражаттарын мақсатты пайдаланылуына алдын ала және ағымдағы бақылау жасау жөніндегі салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
Қазынашылық жұмыскерлерінің мемлекеттің қаражаттарын пайдаланатын мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік билік пен басқару органдарының, мемлекеттік банктердің қаржылық-бухгалтерлік службалары тексеруге құқы бар. Олардың лауазымды адамдардан қаржы заңнамасын бұзуды жоюды талап етуге құқы бар. Қазынашылық службаларына қазынашылық төлем операцияларының орындалуын тоқтата тұруға, бюджет ақшасын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда оны қайтарып алуға және жұмсауға тыйым салуға, ақшаны бюджетке өндіріп алуға (қайтарып алуға) құқық берілген, сонымен бірге қазынашылық бюджеттік қаражаттарды үнемді жұмсауға мүмкіндік туғызуы тиіс.
Кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыра отырып, сыртқы экономикалық қызметте, кедендік саясаты жүргізгенде кеден службасының органдары арқылы мемлекеттің қаржылық ресурстарының айтарлықтай үлесін құрайтын кеден баждары мен төлемдерін төлетуді ұйымдастырады.
Кеден органдарының құрылымы облыстық кеден басқармаларын, кедендерді, кеден бекеттерін кіріктіреді.
Қаржылық бақылау комитеті бақылау саласындағы ұйымдық-әдіснамалық және талдамалық жұмыстарды жүзеге асырады. Оның органдары ұлттық шаруашылықтың барлық салалары мен қызметтер сферасының мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарына, әлеуметтік сфера мен халықты қорғаудың бюджеттік ұйымдары мен мекемелеріне, басқару органдарына, қорғаныс кәсіпорындары мен ұйымдарына және құқық тәртібін қорғауға тексеріс жүргізеді. Олар сонымен қатар кредиттік және валюталық ресурстарды пайдалануды, бағалы қағаздар бойынша заңнамалардың орындалуын бақылайды.
Мемлекеттің кірістерін жұмылдыру бойынша аса маңызды функцияларды Салық службасы орындайды. Салық службасының органдары уәкілетті мемлекеттік органнан - Салық комитетінен және органдарынан - облыстардың, қалалардың, аудандардың комитетінен тұрады.
Салық комитетінде салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің толық түсуін, міндетті зейнетақы жарналарының және Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорына аударылатын әлеуметтік аударымдардың толық және дер кезінде аударылуын қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындауына салықтық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі негізгі міндеттер жүктеледі.
Салық комитетінің аппараты мынадай басқармаларды кіріктіреді: салық салу әдіснамасы, салық аппеляциялары, ұйымдық қамтамасыз ету, ірі салық төлеушілердің әкімшілігі мен мониторингі, кірістерді талдау және ағымдағы болжау, салық төлеушілер монитрингі, халықаралық салық салу, ақпараттық технологиялар, ұйымдық-қаржылық қамтамасыз ету, заң және т.б. басқармалары.
Облыс, қала салық комитеттері: комитет төрағасын, оның орынбасарларын; салықтық тіркеу; ақпараттық технологиялар; салықтық әкімшілік ету; есеп және талдау; салық аудиті; қосылған құн салығы; акциздер; өндірістік емес төлемдер; салықтық берешекпен жұмыс жөніндегі; ішкі жұмыс; қаржылық-шаруашылық қызмет басқармаларын; заң; салық шағымдары белімдерін кіріктіреді.
Басқармалар бөлімдерден, соңғылар секторлардан (басқару функцияларының нақтылануына қарай) тұрады. Шоғырланумен немесе әртараптанумен байланысты комитеттер бөлімшелерінің атауларының түрленуі мүмкін: мысалы, қаржылық шаруашылықты қамтамасыз ету басқармасы, бухгалтерлік есеп және есептеме басқармасы, ұйымдық басқарма және басқалары болуы мүмкін.
Аудан бойынша салық комитеті: комитет төрағасын, оның орынбасарларын; заңи және жеке тұлғалар аудиті; есеп, жиынтық талдау және мониторинг; ақпараттық қамтамасыз ету; өндірістік емес төлемдер; өндіріп алу; жанама салықтар; заңи тұлғалардың, жеке тұлғалардың, дара кәсіпкерлердің салықтық есептемесін қабылдау және өңдеу; салықтық тіркеу; ұйымдық-кадрлық жұмыс және құжат айналымы бөлімдерін кіріктіреді.
Басқарудың бұл буынында бөлімдер мен секторлар атауларының да түрленуі мүмкін: салықтық әкімшілік ету, ұйымдық-құқықтық жұмыс және өндіріп алу және т.б. бөлімі. Бөлімдер бас мамандар, жетекші мамандар мен мамандар жұмыс істейтін секторларды кіріктіруі мүмкін.
Елімізде республикалық бюджеттін атқарылуын сыртқы бақылаумен байланысты мәселелермен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті айналысады, ол Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін республикалық бюджеттің атқарылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Есеп комитетінің құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен, сондай-ақ осы комитет туралы Қағида да айқындалған.[1]
Дереккөздер
- ↑ Құлпыбаев С., Ынтыкбаева С.Ж., Мельников В.Д. Қаржы: Оқулық / - Алматы.
Экономика, 2010- 522 бет ISBN 978-601-225-169-2