Бюджет

Бюджет (ағыл. budget – қоржын) – орталықтандырылған ақша қорының құралу көздері мен жұмсалу бағыттарын сипаттайтын экономикалық категория, ақшалай кіріс пен шығыстың балансы[1].

Мемлекеттің заңмен немесе жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітілетін, мемлекеттің өз міндеттерін қамтамасыз етуіне арналған және салықтар, алымдар, басқа да міндетті төлемдер, капиталмен жүргізілетін операциялардан алынатын кірістер, салыққа жатпайтын және заң актілерінде көзделген өзге де түсімдер есебінен құрылатын орталықтандырылған ақша қоры.

Бюджеттің пайда болуы мемлекеттің дамуы мен оның қаржы ресурстарына деген сұранысының артуымен тікелей байланысты. Орталықтандырылған ақша қорының құралуы және жұмсалуы бюджеттің кірісі мен шығысының ыңғайласа жұмыс істеуі арқылы жүзеге асады. Мемлекетке қажетті ақша қаражаттарын "кіріс" жинақтаса, жалпы мемлекеттік қажеттіліктерге орталықтандырылған қордан бөлінетін қаржы "шығыс" болады.

Мемлекеттік бюджеттің "кірісінің" ең қомақты бөлігі салықтық түсімдерден, ал қалғаны басқа түсімдерден, капиталды айналымға қосудан түсетін табыстардан және гранттар мен өтемдерден құралады. Бюджеттің шығысы кіріс бөлігінің және бюджет тапшылығының деңгейіне, оның орындалуына қарай реттеледі. Бюджет бойынша шығыстың кірістен асып түсуі бюджет тапшылығын туындатады, ал оның көлемі жалпы ішкі өнімге не ұлттық валютаға шағып көрсетіледі. Бюджет тапшылығын қаржыландыру (жою) көздеріне мемлекеттік құнды қағаздарды сатудан түскен табыстар, ішкі және сыртқы капитал нарығынан алынған қарыздар, Ұлттық банктің кредиттері жатады.

Мемлекеттік бюджетте жалпы ішкі өнім көлемінің 2-3% шамасындағы тапшылыққа ғана жол беріледі. Көрсетілген шамадан асып кеткенде, бюджет тапшылығын ішкі және сыртқы заемдар жаба алмайды. Сондықтан мемлекет айналымға еріксіз қосымша ақша шығаруға мәжбүр болады. Бұл ақшаның құнсыздануына, инфляцияның өршуіне және халықтың тұрмыстық деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ҚР Президентінің тікелей басшылығымен құрылған бюджеттік комиссия Үкіметтің парламентке ұсынған заң жобаларын алдын ала қарап, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, сондай-ақ, бюджеттің кірісі мен шығысы арасындағы сәйкестіктің бұзылмауын назарда ұстап, оның орындалу барысын үнемі қадағалап отырады.

Дереккөздер

Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6

Дереккөздер

  1. "Қазақ телевизиясы". Энциклопедия. - Алматы: "ҚазАқпарат", 2009, 1-т. - 640 б. ISBN 978-601-03-0070-5


Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!