Жағал шақшақ (лат.Saxicola rubetra) – торғайтәрізділер отряды шыбыншылар тұқымдасына жататын құс.
Қазақстанның солтүстік мен батыс аудандарының орманды далаларында, көбіне сазды шалғындықтар мен орман-тоғайларда мекендейді. Дене тұрқы 15 см, қанатының ұзындығы 8 см-дей, салмағы 15 – 20 г. Мекиені мен қоразының түсі бір-біріне ұқсас, арқалары теңбілді, қоңырқай сұр түсті, бауыры – ақшыл. Басқа сайрауық құстардан негізгі ерекшелігі – ересектерінде де, балапандарында да ақшыл түсті жалпақ қасының болуы. Даусы ашық, үні әуенді, оның көптеген сайрауық құстардың үндерін қайталай алатын қабілеті бар. Жағал шақшақ – жыл құсы. Қазақстанға сәуірдің аяғында ұшып келеді. Қалың шөп арасына шұңқыр жасап, ұясын жерге салады. Ұясын тайыз табақша тәрізді етіп, өсімдіктердің құрғақ сабақтары мен жапырақтарынан өріп жасайды. Оның түбіне майда өсімдік сабақтарын, кейде жүн мен қыл да төсейді. Ұясына 5 – 6 жұмыртқа (көк, жасыл түсті) салады. Оны мекиені 12 – 14 күн шайқайды. Балапандары ұядан 5 – 6 күнде ұшады. Ұсақ жәндіктермен және олардың жұлдызқұрттары, дернәсілдері, өрмекшілер, моллюскілер, жауын құртымен, т.б. қоректенеді. Қыркүйекте жылы жаққа ұшып кетеді. Жағал шақшақ зиянкес жәндіктерді жеп, орман шаруашылығына пайда келтіреді.[2]
Дереккөздер
↑BirdLife International (2008). Saxicola rubetra. In: IUCN 2008. IUCN Red List of Threatened Species. Downloaded on 10 мамыр 2009.