Жауынқұрты, шұбалшаң - жерқұрттары, азқылтанды құрттар туыстасына жататын құрттар тобы, өз құрамына әдетте ірі топырақта мекендейтін түрлері енеді.
[1]
Сыртқы құрылысы
Тропикалық ірі түрлерінің дене ұзындығы 2,5 м дейін, (ТМД-да, 45 см дейін). Дене буылтықтарының саны 80 нен 450 дейін. Әр бір буылтықта жорғалауға көмектесетін 8 ден бірнеше оншақты қылтандар бар. Көбінесе тропикалық ормандарда мекендейтін 1500 аса түрі бар; ТМД-да, 100 шамасында түрі кездеседі, көбінесе люмбрицид, (Lumbricidae) туыстасына жататын түрлері. Топырақта мекендейді, ірі түрлері тереңдігі 8 м-ге жететіндей ін қазады. Жауынқұрты көбі жер бетіне түнде, күндізгі уақыттарда, жауыннан кейін ғана шығады, (осыдан аталуы). Гермафродиттер. [2]
Қоректенуі
Шіріген органикалық қалдықтармен қоректенеді. Асқорыту мүшесі бүкіл денесін бойлай созылған көлемді ішек. Ішектің алдыңғы бөлігі- ауыз қуысы, ол жұтқыншақпен жалғасып, қорек жұтқыншақтан жіңішке өңешке өтеді, одан жемсауға түседі де, бұлшықетті қарынға барып, қорытылмаған қорек ең ұзын ішек бөлігімен аналь тесігі немесе артқы тесік арқылы сыртқа шығарады.
Тыныс алуы
Шұбалшаңның арнайы тынысалу мүшесі болмағандықтан, денесін қаптаған ылғалды жұқа қабықша арқылы газ алмастырады.Барлық денесімен тыныс алады. Шұбалшаңның жауын жауғанда жер бетіне шығып қалуына осы қасиетті негізге алады. Жауынның суы шіріндіні көп ыдыратып, көмірқышқыл газдың мөлшерін арттыратындықтан, ол тыныс ала алмай, жер бетіне шығады.
Қан айналымы
Тұйық қан айналу жүйесі бар, (құрамында гемоглобины бар қанының түсі қызыл).Шұбалшаң түсінің қызғылт болуы, оның денесін қан жабдықтайтынын білдіреді. Құрттың негізгі екі қантамырлары ішектің үстіңгі және астыңғы жағынан өтеді. Дененің арқа бөлігін жабдықтайтын тамырлар арқа қантамыры, ал құрсақ жағын жабдықтайтын тамырлар құрсақ қантамыры деп аталады. Қантамырлардағы қанды арқа және құрсақ тамырларымен сақина тәрізденіп жалғасқан "жүрекше" бүкіл денеге айдайды. Қан дененің алдыңғы бөлігінен артқа қарай және артқы бөлігінен алға қарай жай жылдамдықпен жылжиды, қылтамырлар арқылы барлық мүшелерге таралады. Қанның дене қуысына таралмай, қантамыр арқылы үнемі айналуы тұйық қанайналым жүйесі деп аталады.
Зәр шығаруы
Шұбалшаңның әрбір буылтығында екі-екіден орналасқан кішкене ақ имек түтікшелер - зәршығару мүшесі. Имек түтікшенің бір жағы шұқырақ тәрізденіп дене қуысына, екінші жағы келесі буылтық арқылы сыртқа ашылады.
Жүйке жүйесі
Жүйке жүйесі құрсақ жүйке тізбегін құрайтын ірі жұтқыншақ үсті жүйке түйіндісінен және көптеген ұсақ түйінділерден тұрады.Шұбалшаңның бас пен құрсақ бөлігінде жүйке жүйесі болады. Құрт денесінің алдыңғы бөлігінде, жұтқыншақ маңында екі жұп жүйке түйіні бар, олардың үстіңгі екі түйіні жұтқыншақүсті жүйке түйіні немесе "ми" және астыңғы екі түйіні жұтқыншақасты түйіні деп аталады. Жұтқыншақасты жүйке түйінінен құрсақты бойлай қатарласа созылған жүйке бағанасы былтықтар сайын жүйке түйіндерінен құралып, құрсақ жүйке тізбегін түзеді.Жұтқыншақүсті және жұтқыншақасты жүйке түйіндері бірімен- бірі сақина тәрізденіп жалғасады. Әр буылтықтағы жүйке түйіндерінен дене мен мүшелерге жүйкелер тармақталып таралады.
Сезім мүшелері
Денесінде сезімтал жасушалар мол. Топырақта тіршілік етуіне байланысты шұбалшаңның сезім мүшелері жақсы жетілмеген. Алайда көзі болмаса да, олар жарықты жақсы сезінеді, шұбалшаң сондай-ақ иісті де ажырата алады. Ал сипап сезу жасушалары шұбалшаң денесіне жеке де, топтасып та орналасады, құрт бүкіл денесімен сезінедә. Сондай-ақ сипап сезу қызметін қылтаңдар да атқарады.
Көбеюі
Жұмыртқалары бар кокондарын топыраққа салады.Шұбалшаңдардың аталық және аналық жыныс жасушалары бір құртта болатындықтан, олар қосжынысты, яғни гермафродитті болып келеді. Шұбалшаңның жыныс мүшелері 9-15- буылтықтар аймағында орналасады. Жұмыртқаның ұрықтануы белбеушеде өтеді. Ұрықтану соңынан белбеушеден шырын бөлінеді де, белбеуше сыртындағы түзіліс біртіндеп құрт денесімен сырғанай отырып пілдеге айналады. Пілдеден ешқандай өзгеріссіз шұбалшаң шығады.
Шұбалшаңның регенерациясы
Регенерация құбылысы жақсы дамыған.Регенерация арқасында жыныссыз жолмен екіге бөліне алады.