I Николай (орыс. Николай I; 6 шілде 1796 жыл — 2 наурыз 1855 жыл) — 11-ші Бүкілреселік император.
Өмірбаяны
I Николай 1796 жылы Царское Селода дүниеге келді. Әкесі I Павел және ағасы I Александр I Николайға дейін бүкілресейлік императорлар болған, яғни оның ізашарлары болды.
Билеген жылдары
Ағасы I Александрдың кенеттен қайтыс болуына байланысты таққа отырып, билігін декабристер көтерілісін басып-жаншудан және оның басшыларын жазалаудан бастады. I Николай билік еткен кезде Ресейдегі шексіз монархия өзінің шарықтау шегіне жетті. Бюрократтық аппарат пен оның орталықтануы күшейе түсті. Құпия саяси полиция басқармасы — "Үшінші бөлім" құрылды. 1835 жылы "Ресей империясы заңдарының жинағы" атты кодекс құрастырылды. Халық ағарту саласында дворяндарға артықшылық жағдайын жасаған, сословиелік бөлінуді қатаң қағидамен жүзеге асыратын заңдар қабылданды. Әдебиетке мемлекеттік бақылау күшейтілді. Ресейдің озық ойлы қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырады. I Николай төңкерісшіл ұйымдарды талқандап, ұлт-азаттық қозғалыстарды (Шәміл бастаған тау халықтарының көтерілісі, 1830–1831 жылдары поляк көтерілістері, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс пен басқа көтерілістерді) қатал басты. Өзге ұлттарды орыстандыру мен шоқындыру күшейтілді. Сыртқы саясаттағы басты бағыт — Шығыс мәселесі болып, ол Қырым соғысының басталуына әкеп соқты. I Николай Еуропадағы төңкерістік қозғалысқа қарсы күресті. 1848 жылы Франциямен мәмілегерлік қарым-қатынасты үзіп, Мажарстанда болған 1848–1849 жылдардағы төңкерісті қатал түрде басты. Қазақстан мен Орта Азиядан жаңа жерлер басып алу саясатын жүргізді.
Ажалы
Қырым соғысындағы жеңіліс I Николайдың саяси жүйесінің күйреуіне және оның өліміне әкеп соқты.[1]
Дереккөздер
- ↑ А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х
Сілтемелер