III Мехмет (осман. محمد ثالث — Mehmed-i sâlis; ақындық лақап аты — Әділ (түр. Adlî); 26 мамыр 1566 — 21 желтоқсан 1603) — Османлы мемлекетінің 13-ші сұлтаны, Ислам халифатының 78-ші халифі, ақын, қолбасшы.
Бұл сұлтанның тұсында Османлы мемлекетінің нағыз ыдырауы басталды. Қазына бос қалды, билік сыбайласқан, ал әскер тәртіпсіздендірілді.
III Мехмет 1568 жылы османлы елордасы Константинопольде дүниеге келді.
Таққа отырғаннан кейін өзінің 19 інісін өлім жазасына кесті. Бұл Османлы тарихындағы ең ірі бауыр өлтірушілік. Бұл өлім жазасының себебі: сұлтан өзінің інілерінің тарапынан болатын бүліктен қорықты. Және де бұл қорқыныш оның сарайдағы кафес (тор) атты павильонда шаһзадаларды ұстауына да себеп болды.
Дунайдағы аустриялықтардың әскери жетістіктеріне ыза болған жаңа шеріктер мен османлы халқы елордада наразылық шараларын ұйымдастырды. Соған байланысты 1596 жылы сұлтан Мажарстанға қарсы жорыққа аттанды. Жорық кезінде Хачова шайқасында Габсбургтардың әскерін жеңді, алайда сол жеңісін тиімді пайдалана алмай, елордадағы ойын-сауық өміріне қайтып келді.
III Мехметтің әкесі III Мұрат жаулап алған парсы жерлерінде төңкерістер орын алып, парсылар сол жерлерді қайтарып алды.
III Мехмет өзінің билеген жылдарын көбінесе гаремде өткізгендіктен, күңдері өте көп болды. Ол күңдерінен көп бала тапты, алайда балалар есімдерінің көбісі сақталмаған. Тек сақталғаны осылардікі: Сәлім шаһзада, Жиһангир шаһзада, Махмұт шаһзада, I Ахмет, I Мұстафа, Қадиша сұлтан, Ділруба сұлтан, Есра сұлтан және Айша сұлтан. Сәлім шаһзада 12 жасында қызамық ауруынан қаза тапты. Махмұт шаһзада сұлтанды тақтан тайдыру айыбымен 1603 жылы өлім жазасына кесілді. Ал I Ахмет пен I Мұстафа, сәйкесінше, 14-ші және 15-ші османлы сұлтандары болды.
Күңдерінің арасынан ең танымалдары: Халиме сұлтан және Хандан сұлтан. Халиме сұлтан — Махмұт шаһзада, Дилируба сұлтан мен I Мұстафаның анасы. Ал Хандан сұлтан — I Ахметтің анасы[1].