Өмір сапары

Томас Коул

«Өмір сапары» (ағылш. The Voyage of Life) — 1842 жылы Томас Коул салған, адам өмірінің төрт кезеңін бейнелейтін суреттер топтамасының жалпы аты.

Суреттерді сатып алған тұлғалар оларды көрмеге қоюға шектеу салғандықтан, Томас Коул топтаманың көшірмесін жасап алған болатын. Бүгінгі күндері топтаманың бірінші нұсқасы Нью-Йорк штатындағы Утикада сақтаулы тұрса, екінші нұсқасы Вашингтондағы Ұлттық өнер галереясында орналасқан.[1]

Суреттер

«Балалық шақ» (Childhood), «Жастық шақ» (Youth), «Есейгендік» (Manhood) және «Кәрілік» (Old Age) деп аталатын төрт суреттің әрқайсысында өзен бойымен қайықта жүзген адам және оның қамқоршы періштесі бейнеленген. Әр суретте қоршаған орта мен өзен ағысы, сондай-ақ адамның өзі өзгеріп отырады. Суреттердің ұзындығы 194-198 см, биіктігі 133-134 см.

Балалық шақ

Бірінші суретте басты кейіпкер бала кейпінде бейнеленген. Қайық қараңғы жартасты үңгірден шығып келе жатыр, су беті тегіс, айнала гүлденіп жатыр. Қайықтың алдыңғы жағында алтын мүсіншелер бар, ілгерідегісі құм сағатын ұстап тұр. Суретте жарқын түстер пайдаланылған.

Жастық шақ

Екінші суретте көрініс кеңейтіліп көрсетілген. Санасы өскен бас кейіпкер қайықтағы румпельді енді өзі ұстап тұр, ал періште оның сапарын жағадан бақылап жатыр. Адамның тұрысында жігерлілік байқалады, оның зейіні алыстағы ақ бұлттардан құралған қамалға бағытталған. Кейбір өнертанушылардың пікірінше, суреттегі адам Американы кейіптейді деп түсінген.

Есейгендік

Үшінші суретте бұлыңғыр бояулар басым келеді. Өзен ағысы қарқынды болып, айнала дауылдатып кеткен, аспанды қара бұлттар басқан. Жағасы өскен шөп-ағаштан айырылып, жартастарға толы болып кеткен. Алыста аспаны ашықтау бір жер көрініп тұр, оған шатқалдан өтіп жетуге болатын сияқты. Адам жиған мүлкісімен сапарын жалғастыруда, ол дұға қылып, аспаннан дұрыс жол сілтеуді сұрайды.

Кәрілік

Төртінші суретте құм сағат ұстаған мүсінінсіз де, румпельсіз де қалған қайықта қатты қартайған адам бейнеленген. Өзен тынышталып, "мәңгілік суларына" құйып келеді. Қартқа жақындаған періште оны жұмаққа шақырып жатыр. Артында жалаң тастар қалды, алдыда тек жарықтық бар. Сапары аяқталуға шақ қалған қарттың жүзі де жарқын әрі тынық.

Дереккөздер

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!