Әміре Дүрманұлы Айтбакин

Әміре Дүрманұлы Айтбакин, Дүрмұхаммед (1861, Семей губерниясы, Павлодар уезі, Ақбеттау болысының 2-ауылында туған – 1919 жылы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында қайтыс болды) - орысша білім алған қазақ дәрігері. Айтбакин Омбының оқытушылар семинариясын 1882 жылы тәмамдаған соң әскери прогимназияға оқытушы болған. Бір жылдан кейін генерал-губернатор кеңсесінің тілмашы қызметіне тағайындалады. Одан соң әскери губернатордың бұйрығымен Семейдегі облыс басқармада қазақ және татар тілдерінің тілмашы міндетін атқарады.

Мемлекет жұмысын ыждағатпен атқарған азамат уезд бастығының аға көмекшісі болып, Қарқаралыға ауысады. 1888 жылы 20 мамырда Семейге шақырылып, губернатор кеңсесінде жыл аяғына дейін еңбек етеді. 1889 жылы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Айтбакин университетті күміс медальмен аяқтап, 1894 жылы Қарқаралы уезіне дәрігер болып тағайындалады. Қарқаралыда 1896 жылға дейін істеп, сол күзде Павлодар уезінің 3-теліміне дәрігер болып барады.

1898 жылдың 11 мамырында Өскемен уезінің 3-теліміне ауысады. Сол жылдары ол айналасы 500 шақырым аймақта, яғни қазіргі Қатонқарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл, Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарында мекендеген жергілікті халыққа қызмет көрсеткен. Дәрігерлік міндетін атқарумен бірге білімпаз зиялы қазақ уездеріне тарайтын орыс тіліндегі басылымдарға, «Дала уалаяты» және «Қазақ» газетіне әр түрлі емдеу тәсілдерін, жұқпалы аурулардан сақтану жайында мақалалар жазған.

Айтбакин 1918 жылы Өскемен қаласындағы дәрігерлік қосынға ауысады. Уезд орталығына келген соң да ол әлеуметтік жұмыстарға белсене қатысады. Алайда 1919 жылдың күзінде осы өңірде айрықша өршіген жұқпалы індет сүзектен опат болып, Ертістің сол жағалауындағы Ахмер елді мекеніндегі мұсылмандар моласына жерленеді. Қаныш Имантайұлы жас күнінен үздік оқуымен, үлгі боларлық дәрігерлік қызметімен өз қатарынан дараланып алға шыққан Айтбакиннің өзін де, еңбегін де өнеге тұтқаны ауызекі естеліктер арқылы мәлім (мысалы, Халық жазушысы, баянауылдық Дихан Әбілевтің естелігінде бұл жайында кеңірек сөз болған).[1]

Дереккөздер

  1. Қаныш Сатпаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. — Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. ISBN 9965-893-74-8


Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!