Әмудария, Әмудәрия – Орталық Азиядағы ең ірі және суы мол өзен. Пяндж және Вахш өзендерінің қосылған жерінен Әмудария (ежелгі атаулары Әму, Оксус, Балх, Жәйхун) деп аталады. Ұзындығы 1415 км (Пяндж өзенінің бастауынан есептегенде 2540 км), алабының ауданы 309 мың км².
Бастауы
Әмудария Гиндукуш тауының (Ауғанстан және Пәкістан жеріндегі тау) солтүстік беткейінен бастау алады. Негізгі салалары: Гунт, Бартанг, Язгулем, Ванч, Қызылсу, Кафирниган, Сурхандария, Құндыз, Шерабад. Жазыққа шыққаннан кейін 1100 км бойы Тұран ойпатының шөлді аймағын басып ағады. Бұл бөлігінде өзенге бір де бір сала қосылмайды. Арал теңізіне құяр жерінде тарамданып (Талдық, Қазақдария, т.б.) кетеді де зор ауқымды атырау (7000 км²) құрайды.
Гидрологиясы
Ағыны таудағы мұз бен қар суынан түзіледі. Өзен көктем мен жазда тасиды және өте лайлы болып келеді. Ең төмен деңгейі қаңтар мен ақпан айларына келеді. Деңгейдің жыл ішіндегі ауытқуы 2 – 3 м-ге дейін барады. Булануға, сіңуге және жер суаруға пайдалануына байланысты Нүкістің тұсына барғанда ағын 40%-ға азаяды. Төменгі ағысында 2 – 2,5 ай қатады. Арнасы жұмсақ тау жыныстарынан құралған. Әмудариядан Қарақұм, Әму–Бұхара, Қаршы каналдары бастау алады. Төменгі саласында балық шаруашылығы дамыған. Чарджоу қаласы тұсынан бастап кеме жүзе алады. Әмудария бойындағы ірі қалалар: Термез, Керкі, Нүкіс. Өзен аңғарындағы Қызылқұм және Әмудария қорықтарында қабан, шиебөрі, қоян, қырғауыл, Бұхара елігі, қарақұйрық, т.б. сирек кездесетін жануарлар мекендейді.[1][2]