Құмықтар - Дағыстанның байырғы түркі тілдес халқы. Құмықтардың қазіргі жалпы саны 500 мыңнан астам. Негізгі бөлігі Ресей Федерациясының, Дағыстан Республикасында (Хасавюрт, Бабаюрт, Қызылюрт, Буйнақ, Дербент, Қайтағ, Қаякет, Қарабудағкент ауданында), қалғандары Ичкерия, Солтүстік Осетия мен Ставрополь өлкесінде қоныстанған. Өте шағын диаспора ретінде Иран, Сирия және Түркия мемлекеттерінде де өмір сүреді.[1]
Тілі
Үлкен европеид нәсілінің құрамындағы балқан — кавказ нәсілінің кавкасион тобына жатады. Түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын құмық тілінде сөйлейді. Әдеби тілі буйнақ және хасавюрт диалектілерінің негізінде қалыптасқан. Құмық жазба ескерткіштері 16-ғасырдан белгілі. 17-ғасырдан бастап Солтүстік Кавказдағы орыс әкімшілігімен қатынаста ресми тіл қызметін атқарған. Құмықтар ертеден араб жазуын пайдаланып келеді. 1928 ж. латын, 1938 ж. кирилл әліпбиіне көшірілген. Грамматикасында оғыз, Кавказ халықтары тілдерінің әсері байқалады.
Құмық тілінде бес диалект бар: хасавюрт, бұйнақ, қайтақ, таулы және тер. Олар аймақтық диалектілер болып есептеледі, себебі олардың шекарасы бұрынғы феодалдық және аймақтық-әкімшілік шекарасымен сәйкес келеді. Құмық тілінде – араб, парсы, кавказ (негізінен даргин, авар және шешен) және орыс тілдерінен енген сөздер кездеседі. Нақты айтар болсақ, араб тілінен енген сөздер негізінен қоғамдық-саяси, мәдени және діни салаларға жатады (жамият «қоғам», китап «кітап», дин «дін»). Иран сөздері құрамында саудамен, қолөнер, қоғамдық қатынастардың түрлі жақтарымен, тұрмыстық қажеттерге байланысты сөздер көбірек кездеседі (савдюгер «саудагер», шайы «бақыр», дарай «төсек», дос «дос», каманча «ысқымен ойналатын музыкалық аспап», тахча «сөре, полка»). Орыс тілінен енген сөздердің ішінде негізінен тұрмыстық және әкімшілік лексикасы саласына ерте кезде енген сөздер (педире «бедіре, шелек», сумавар «самаурын», кансарал «кеңсе») және қоғамдық-саяси терминдерден шаруашылық, мәдениет, ғылым, техника дамуын бейнелейтін ұлтаралық сөздерден тұратын кеңестік дәуірде пайда болған кейін енген сөздер кездеседі.[2]
Діні
Құмықтардың көпшілігі ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады.
Тарихы
Құмықтардың халық ретінде қалыптасуы 10-11 ғасырдан басталады. Олардың этнографиялық негізін Дағыстан жазығындағы жергілікті тайпалар мен осында келген түркі тілдес тайпалар (әсіресе қыпшақтар) құрайды. Құмықтар басқа да тау халықтарымен біріге отырып, 13 ғасырда моңғол шапқыншылығына қарсы күресті. Құмыктар мекендеген аумақта бірқатар ортағасырлық мемлекеттер өмір сүрді. Олардың ішіндегі ең ірісі — Тарковск княздігі болды. Құмықтар Ресей отаршыларына қарсы Шәміл бастаған ұлт-азаттық күреске (1847 — 1864) де қатынасты.
Кәсібі
Құмықтардың дәстүрлі кәсіптері — егіншілік (бидай, арпа, тары, күріш, жүгері), мал өсіру, бау-бақша, көкөніс, жүзім өсіру, омарташылық. Жайылымдық шабындықтардың көптігіне байланысты мал шаруашылығы кеңінен дамыған: буйвол мен қой өсірілді, жылқы шаруашылығымен айналысты.
Үй кәсіптері мен қолөнерден шұға, кілем тоқу, тері, ағаш, металл мен тас өңдеу дамыған. Үйлерін шикі кірпіштерден, тастан салған.
Ауылдары қатар салынған, дәстүрлі тұрғын-үйі саманнан, тастан төбесі жалпақ 1-2 қатарлы үйлер.
Мәдениеті
Құмықтардың салт-дәстүрлері, мәдениет мен тұрмыс-тіршілігі жөнінен өздерінің ең жақын көршілері ноғай, қарашай, балқарларға ұқсас болып келеді. Құмық халқының бай ауыз әдебиеті, саз, би өнері сақталған. Фольклоры, әдеби, өлең, ән, ертгі, жыр, музыкалық шығармалары дамыды.
Ер адамдардың ұлттық киімдері — бешмет, сеңсең жамылғы, сеңсең бөрік, домалақ бөрік, теріден тігілген аяқ киім. Әйелдердің ұлттық киімдерінің қатарына бүкіл денені жабатын көйлектер (арсар, қос жеңді қабалай, т.б.) орамалдар, чутку (бас киім) жатады. Әйелдері арты ашық, теріден тігілген башмақтар киіп, киімдері ою-өрнек, әшекейлермен безендірілетін болған.
Құмықтардың сан алуан ұлттық тағамдарына хинкал, курзе (тұшпара), долма, аш (палау), чишлик (кәуап), бозбаш, чуду, гюлеме, этмек, т.б. ет, қамыр, сүт өнімдерінен жасалған тағамдар жатады. Жүзімнен сусын, шарап жасайды. Құмықтар елді мекендерді юрт, кент деп атайды.
Қазақстандағы құмықтар
Қазақстандағы құмықтардың саны - 461 адам (2013).[3]
Дереккөздер
↑Кумыки, М., 1961; Гаджиева С.Ш., Современная культура и быт народов Дагестана, М., 1971.