Дүйсембин Қабдырахман (15.10.1931 жылы туған, Павлодар облысы Успен ауданы Үшкөл ауылы) — ғалым, биология ғылым докторы (1971), профессор (1985). Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент академигі (2003).
ҚазМУ-ді (қазіргі ҚазҰУ) бітірген (1953). 1953 — 81 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Физиология институтында (қазіргі Адам және жануарлар физиологиясы институты) кіші, аға ғылым қызметкер, лаб. меңгерушісі, 1981 — 90 жылы ҚазМУ-де адам және жануарлар физиологиясы кафедрасының меңгерушісі болды. 1990 жылдан Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры.
Дүйсембиннің негізгі ғылым еңбектері лактация (сүттену) физиологиясына арналған. Ол физиология саласында жаңа бағыт — лактацияның нейрогормондық реттелуінің негізін салды. Сүт бездері клеткаларындағы гормондар, жүйке медиаторлары мен рецепторларының байланысын зерттеді. Дүйсембин биені машинамен саууды физиология тұрғыдан негіздеп, оның сүттілігінің артуы — организмдегі пролактин, соматотропин гормондары мен витаминдер және әр түрлі микроэлементтерге байланысты екенін ашты. Әйелдің гипогалактиясының (сүтінің аз болуы) физиол. ерекшелігін зерттеу нәтижесінде оның алдын алу шараларын, емдеу жолдарын және гипофиз, қалқанша, бүйрек үсті бездерінде гормон түзілуінің динамикасын анықтады. Перзетханада Перзетхана ана мен нәрестені бірге орналастырудың олардың психикалық жағдайының қалыпты болуын және лактогенез процесінің дұрыс жүруін қамтамасыз ететінін дәлелдеді.
1970 ж. «Закономерности молокообразования и молокоотдачи у кобыл и некоторых видов жвачных животных» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.[1]
Дереккөздер
Қазақ энцклопедиясы
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы