Тіркеме – (ағыл. trailer) ауыр жүк тартатын автомобильге, тракторға тіркелетін бір, екі немесе көп осьті дөңгелекті, моторсыз көліктік құрал.
Кәдімгі тіркеме жабық шанақпен немесе борттық платформамен жабдықталады, арнаулы тіркемелерге белгілі бір жүкті тасымалдауға арналған шанақ орнатылады. Өлшемі ұзын жүктерді тасымалдау үшін тартқышқа жүктің өзімен қосылатын бір (сирек жағдайда екі) осьті шағын тіркеме қолданылады. Онда шанақтың орнында жүкті бекітуге арналған арнайы бұрылмалы тетік болады.
Тіркемеге сондай-ақ әр түрлі машиналар, аппараттар немесе құрал-жабдықтар (мыс., компрессорлық станция, тіркеме шеберхана, автодүкен, т.б.) орнатылады. Бір осьтік тіркемелердің жүк көтергіштігі әдетте 2 т-дан, екі осьтік тіркемелерде 8 т-дан аспаса, аса ірі, бөлінбейтін жүктерді тасымалдауға арналған көп осьті тіркемелерде 20 – 50 т және одан да жоғары болады. Тіркемені тартатын көлікке жалғастыру үшін терте қолданылады.
Жүк тиеу биіктігін төмендету және тіркеменің орнықтылығын жақсарту үшін кейде тіркеменің қаңқасын аласа етіп жасайды. Тіркеме жарық беретін аспаптармен жабдықталады.[1]