Сергей Бөкейханов

Сергей Әлиханұлы Бөкейханов (Үгедей) (1905-1957) - инженер-геолог. Мәскеу кен академиясын бітірген (1929). Еңбек жолын Қарсақбай мыс комбинатында бастап, 1935 жылдан кейін Ресейдің Орал тауы атырабында мамандығы бойынша еңбек еткен. Соңғы жұмысы - Хакас автономия облысының Сор қаласындағы геологиялық барлау экспедициясының бас инженері. Мыс және уран кендерінің сипаты жөнінде бірнеше ғылыми еңбектер жариялаған.

Қазақтың көрнекті білімпазы, Алаш қозғалысын бастаушы һэм Алаш партиясын құрушы, өз заманында ұлт көсемі атанған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың отбасында дүниеге келіп, жас күнінен зиялы ортада, дәстүрі озық мектептерде білім алған Бөкейханов 30-жылдарда саусақпен санарлық инженер-геологтардың бірі болды. «Бөкейхановты Қарсақбайға баруға біржола көндірген сияқтымын...» - депті Қаныш Сәтбаев 1929 жылы 25 желтоқсанда Мәскеуден жұбайы Т.А.Кошкинаға жолдаған хатында. Бұл Сәтбаевтың Жезқазғанда кен барлауды дербес жүргізуге қам жасап, жер-жерден инженер-техниктер, бұрғылау мамандарын іздеген қысылтаяң кез еді.

Бөкейханов 1930 жылдың басынан Ұлытауға келіп, Қарсақбай комбинатының геологиялық бөлімінде аудандық геолог болып жұмысқа кіріскен. Байырғы жезқазғандықтар оны Ақтай деп атаған. Жас геолог өз міндетін тиянақты атқарған. КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Жезқазған мәселесін жан-жақты талқылаған 1934 жылдың қараша айындағы төтенше ғылыми сессиясында Сәтбаевтан кейін (бес түрлі тақырып бойынша баяндама жасаған) мінбеге көтеріліп, Бөкейханов «Жезқазғанның кен аймағы және структурасы» деген тақырып бойынша (1935 жылы Мәскеуде жарық көрген «Большой Джезқазған» жинағында жарияланған) баяндама жасаған. Бөкейханов кейіннен Оралдағы Блява мыс өндірісіне ауысқан. Өйтуіне әкесінің Мәскеуден шығуға құқы болмай, саяси қуғын-сүргін көруі түрткі болған.[1]

Дереккөздер

  1. Қаныш Сатпаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. — Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. ISBN 9965-893-74-8


Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!