Мұстанбаев Ыдырыс (1902, Семей уезі, - 1937) - әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері. 1919 жылдан бастап КОКП мүшесі. Семей гимназиясын ұздік бітірген (1919). Семей, Өскемен, Аякөз өңірінде Совет өкіметін орнату және нығайту ісіне белсене қатысты. Оралда және Семейде губ. прокурор қызметін атқарды. 1925 - 27 ж. Қаз АССР Байланыс халық комиссары болды. Одан кейін Қазақстан Өлкелік партия комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Мұстанбаев мемлекеттік және қоғамдық жұмыстармен бірге әдебиетпен де шұғылданды. Бірнеше әңгіме, очерк, сынмақалар жазды. Олардың ішінде «Ұлы ақын Абай» («Қазақ тілі» газеті, 1924 ) «Сыбан Сабырбай ақынның Сотанбай төреге айтқан өлеңі» («Таң» журн. 1925 ), «Көркем әдебиет туралы» («Қызыл Қазақстан»,1927 ), «Сын мен баспасөз туралы» («Еңбекші қазақ», 1928 ) «Түйеден Түрксібке» («Социалды Қазақстан», ) т.б. туындылары назар аударды.[1]
- ↑ Қазақ совет энциклопедиясы 1976 жыл. / М.Қ.Қаратаев