Шорманов Мұса (1819, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Баянауыл ауылы – 26 желтоқсан 1884, Омбы) – Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, би, шешен.
Өмірбаяны
Қаржас руынан шыққан атақты би Шорман Күшікұлының үлкен ұлы[1]. Шорман бидің Мұсадан басқа: Мұстафа, Иса, Аужан атты үш ұлы мен Зейнеп атты қызы болған. Шорманов өз заманы үшін жеткілікті білімді, көпке танымал және беделді адам болған. Александр Лукин деген офицердің қолында екі жыл оқып, орысша сөйлеу мен жазуды үйренген ол 1833 ж. Баянауыл сыртқы округі ашылғанда үмбетейлердің болысы болып сайланды, 1843 жылдан округтік қазысы болды. 1844 ж. Баянауылда мешіт құрылысын ұйымдастырып, медресе ашты. 1847 – 49 ж. Сібірден 60 мыңдай қазақтарды көшіріп әкеліп, округке таратып қоныстандырды. 1854 жылдан – аға сұлтан. Шорманов Мәскеу мен Петербургте екі рет: 1855 ж. Ресей патшасы Николай І қайтыс болғанда, 1856 ж. Александр ІІ патша таққа отырған салтанатына барған. Қоғамдық істермен белсене араласып, өзінің туған жиені, белгілі ғалым Ш.Уәлихановпен тығыз байланыста болды. Абайдың әкесі Құнанбай істі болып, Омбыға тергеуге шақырылғанда, Дала генерал-губернаторына кепілдеме беріп, қамаудан босатып алған. 1868 ж. жаңа басқару ережесі бойынша округтер жабылып, аға сұлтандық жойылғаннан кейін 1869 ж. Шормановқа полковник әскери атағы беріліп, жылына 350 сом жалақы төленетін демалысқа шығарылды. Енді ол елінің этнографиялық ерекшеліктерін зерттеумен айналысты. Сібірде шығып тұратын газеттерге материалдар ұсынып, Географиялық қоғам ұйымдастырған көрмелер мен оның Г.Н. Потанин, Н.И. Ядринцев, Н.Ф. Костылецкий сияқты мүшелеріне қазақ елі жөнінде материалдар дайындап тұрды. Орыстың кен іздеуші көпестері келе бастағанда оларға жол көрсетуші қазақтарға жер-су аттарын орысшаламау жағын қатаң тапсырған. 1882 ж. Дала генерал-губернаторы Г.А. Колпаковскийдің тапсыруымен Павлодар мен Семей уездерінің шекарасын белгілеуге қатысқан. Қазақ жастарының білім алуына үлкен көңіл бөліп, көшпелі дала гимназиясын ашу жөнінде Батыс Сібір басшыларына бірнеше рет хатпен өтініш білдірген. Шорманов Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Ақкелін қонысында жерленген.
[2]
Дереккөздер
- ↑ Серік Имантайұлы Жақсыбаев Қаржас ұрпақтары — Павлодар: ЭКО, 2008. — 400 б. — 1000 таралым. — ISBN 9965-08-265-0.
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том