Мимика (гр. μιμιχοζ,mіmіkos - еліктеушілік) – бет әлпеттің қозғалысы, адам сезімін білдірудің бір формасы, адамның ішкі сезімін, көңіл-күйінің әр алуан сәттерін (көңілдену, қайғыру, ашулану, т.б.) білдіретін бет - әлпеттің мәнерлі қимыл-өзгерісі.[1]
Театрда кәсіби мақсаттағы Мимика актерден қоршаған ортаны, адам мінезін әрдайым зерделеп, зерттеп, меңгеруді талап етеді. Мимиканың бейнелілігі актердің ұзақ шығарм. ізденісінен туады. Актерлік өнердің маңызды құралы Мимика көз, бет - әлпеттің ойнақы қимылы арқылы кейіпкердің әр алуан көңіл - күйін көрсете алуымен сипатталады.
Кейіпкердің келбетін айқындай түсу үшін Мимиканы гриммен күшейтеді. Өте жақсы жасалған Мимика сахна сөзінің мағынасын тереңдете түседі. Әсіресе актер кейіпкердің ішкі сезімін үнсіз білдіргенде және басқа кейіпкерлердің сөздеріне немесе әрекеттеріне орай үндемей әрекет жасаған сахналық көріністерде Мимика ерекше айқын көрінуі тиіс.[2]
Мимика өнерінің танымал шеберлері деп Д. Каррик (Англия), Б.К. Коклен, Сара Бернар (Франция), Э.Дузе (Италия), М.С. Щепкин, Ф.И. Шаляпин, В.И. Качалов (Ресей), ұлттық театр өнерінің шеберлері Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Сұлтанбаевтарды, т.б. айтуға болады. Пантомима орындаушыларының өнері де Мимикаға негізделеді.[3]
Кей жағдайда мұғалімнің Мимикасы оқушыларға оның сөзінен гөpi қатты әсер етеді. Балалар мұғалімнің бетінен оның көңіл-күйін, қарым-қатынасын біледі. Сондықтан педагог балаларға мимика арқылы іске қатыстыны ғана білдіре алуы қажет.