Махмұд Ибн Уәли, Махмұд бин Әмір Уәли (1595/96, Балх — ө.ж.б.) — тарихшы, әдебиетші. 17 ғасырдың 1-жартысында өмір сүрген. Өз заманының жан-жақты білімді адамы болған. Орта ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азия тарихы жөніндегі аса құнды деректеме саналатын “Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар” (“Мейірбан адамдардың ізгі қасиеттері жайлы телегей-теңіз құпия сырлар”) және т.б. шығармалар жазған. Оның “Махаббатнаме”, “Наджм-и сакиб”, “Ахлақ-и Хусайни” атты қасидалар мен ғазелдер жинағы және “Равайих-и тайиба” атты сопылық танымдағы шығармасы бар.1625 — 1630 ж. Үндістанға(Пәкістан) саяхат жасап, Кабул, Пешавар, Лахор, Дели, Аллахабад, Бенарес, Калькутта және т.б. қалаларда болды. Үндістаннан қайтып оралған соң Аштархан әулетінен шыққан Нәдір Мұхаммед ханның сарайында қызмет істеп, әуелі Балхта, сонан соң Бұхарада тұрды. Жоғарыда аталған негізгі еңбегін Нәдір Мұхаммедтің тапсыруы бойынша 1634 ж. 24 қыркүйекте бастап, 1640/41 ж. аяқтаған. “Бахр әл-асрар” — энциклопедиялық көлемді шығарма (7 том). Махмұд ибн Уәли бұл шығармасын жазуда араб, парсы-тәжік және түрік тілдерінде бұрынырақ түзілген (Ибн әл-Факих, Табари, әл-Истахри, Әбу Райхан әл-Бируни, Ата Мәлік Жуайни, Фазлаллах Рашид әд-Дин, Шараф әд-Дин Әли Йезди, Масуд бин Осман Кухистани, Әмин Ахмед Рази, Зайн әд-Дин Махмуд Васифи, т.б. ғалымдар шығармаларын) еңбектерді пайдаланған. Сонымен қатар бұл еңбекте қазақ хандарының шығу тегі, Ақ Орда, Әбілхайыр хан мемлекеті, Қазақ хандығының тарихына қатысты, 16 — 17 ғ-лардың басындағы қазақ, Орта Азия халықтары, қазақ-моғол қатынастары, Есім және басқа қазақ хандарының Шығыс Түркістандағы Шағатай әулетінің өзара талас-тартысына қатысуы жайлы да мәліметтер бар[1].
Дереккөздер
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы; Ахмедов Б.А., Махмуд бен Уали, Таш., 1966; Материалы по истории казахских ханств XV — XVІІІ вв., А.-А., 1969; Қазақстан тарихы, 2-т., А., 1998. Абусейтова М.Х., Баракова Ю.Г., Письменные источники по истории и культуре Казахстана и центральной Азии в XІІІ — XVІІІ вв (биобибилиографические обзоры), А., 2001. Н. Атығаев
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том