Казактар

Казактар немесе козактар (орыс. казаки; укр. козаки) — XIV-XV ғасырларда Украина және оңтүстік Ресей далаларында қалыптасқан әскери топ. Украин казактары - басыбайлы XVII-XIX ғасырларда пайда болған, олар - бүгінгі украин халқының бабалары.

XVIII ғасырдан 1917 жылға дейін Ресей империясында болған әскери әлеуметтік топ. XIV – XVII ғасырларда Еділ-Жайық, Дон, Солтүстік Кавказ далаларында жалданып жұмыс істеген, шекаралық аудандарда әскери қызмет (полиция және күзетші казактар) атқарған ерікті адамдар. “Казак” сөзі түркі тілінен шыққан, өз ортасынан бөлініп шыққан, ерікті адам деген ұғымды білдіреді.

Тарихы

XIV-XVI ғасырлар

Осман түріктерінің казактармен шайқасы (1592)

XIV – XV ғасырларда Алтын Орда ыдырағаннан кейін бөлініп шыққан ұлыстар өзара үздіксіз соғыс жүргізді. Осы соғыстардан жекелеген адамдар Дон, Еділ-Жайық өзендері бойындағы далаларға қашып барып, топтасып өмір сүре бастады. Алғашқы казактар осы адамдар болатын. Олар, негізінен, түркі тектес тайпалардан шыққандар еді. XV – XVI ғасырларда Шығыс Еуропада бір орталыққа бағынған Ресей және Поляк-Литва мемлекеттері құрылып, әлеум. езгі қатты күшейді. Крепостнойлық (басыбайлы) тәуелділіктен қашқан орыс-украин шаруалары жаппай жоғарыдағы Қиян Далаға қаша бастады. Қашқындардың көбейгені сонша, олар енді өздерінің әскери ұйымдарын құруға кірісті. Сөйтіп, XVI ғасырдың бас кезінде Дон, Еділ, Днепр (черкестер), Гребен, Жайық Казактары құрылды. XVI ғасырдың ортасында Запорожье және Терек казактары пайда болды. Казактардың бір бөлігі Ресей және Польша-Литва мемлекеттеріне қалалар мен шекарадағы күзет бекеттерін қорғауға жалданды. Ресей мемлекетіне қызметке тұрғандар есебінен XVI ғасырдың 2-жартысында Сібір казактары жасақталды.

XVII-XVIII ғасырлар

Украин казак Мамай

Украин казактары XVII ғасырдың бас кезінен бастап Польша үкіметі мен католик шіркеуі езгісіне қарсы бас көтерді. Көтеріліс, әсіресе, 1648 – 1654 жылдары Б.Хмельницкий тұсында қатты күшейді. XVIII ғасырдың орта тұсында Украинаның казактар билеген шығыс бөлігі Ресейге қосылды. Казактардың негізгі кәсібі аң аулау, балық аулау, мал шаруашылығы болды. Егіншілік оларда кейін, шамамен XVII ғасырдың 2-жартысында пайда болды. XVI – XVII ғасырларда казактардың негізгі табыс көзі жорықтар кезінде тонаудан түскен табыстар мен үкіметтің шекара күзеті үшін беретін жалақылары болды. XVI ғасырдың аяқ кезінен бастап күшейіп алған Ресей империясы Казактарды ауыздықтау орнына, оларды жаңа жерлерді жаулап алу үшін пайдалана бастады. Патша өкіметі Казактарды жалдау арқылы өздеріне оңтүстікте Қиян Даланы (Дикое поле) және шығыста Сібірді толығымен бағындырды (қ. Ермак). XVII ғасырда Ресей империясы Сібір мен Қиыр шығысты одан әрі игеру үшін Казактардан С.И. Дежнев, В.Д. Полярков, Е.П. Хабаров, т.б. басқарған арнайы экспедициялар ұйымдастырды. Бірте-бірте XVIII ғасырдан бастап казактар Ресейдегі айрықша әскери құрылымға айналды. XIX ғасырдың бас кезінен бастап казактардың жоғарғы тобы (старейшина – ақсақалдар) дворяндармен теңестірілді. XVI – XVII ғасырларда казактардың әскери-әкімшілік, сот, сыртқы саясат жүйелері біршама тәуелсіз саясат жүргізді (рада, круг, т.б.). Бірақ, XVIII ғасырдан бастап патша үкіметі оларды орталыққа толық бағындырды. XVII – XVIII ғасырларда Казактардың орталыққа бағынғысы келмеген бөліктері аса ірі көтерілістер (С.Разин, К.Булавин, Е.Пугачев көтерілістері, т.б.) ұйымдастырды. XVIII ғасырдың бас кезінен бастап казактар әскерлері құрылды. Е.Пугачев көтерілісі талқандалғаннан кейін Жайық казактарның атауы Орал казактары деп өзгертілді, Запорожьедегі казактар қауымдастығы жойылды, барлық Казактар әскерлері Ресейдің әскери мекемелеріне бағындырылды.

XIX ғасыр

Қазақтар мен казактардың шайқасы (А.О. Орловский, 1826)

1827 жылдан бастап бүкіл Казактар әскерлерінің атаманы болып тақ мұрагері тағайындалды. XX ғасырдың бас кезінде Ресейде 11 казак әскерлері болды (Дон, Кубань, Терек, Астрахан, Орал, Орынбор, Жетісу, Сібір, Забайкал, Амур, Уссурий). 1917 жылы Енисей казак әскерлері құрылды. Казактар әскерлері Ресейдің Бас штабына бағындырылды. Әрбір казактар әскерлерінің өз наказной (тағайындалған) атаманы болды. Станицалар мен хуторлардағы атамандар жиналыстарда (сход) сайланды. 18-ге толған әрбір казак 20 жыл әскери қызмет атқаруға әрі ол өз бөліміне әскери формасымен, қару-жарағымен, мініс атымен келуге міндетті болды. Казактар Ресейдің барлық соғыстарына белсене араласты және бейбіт уақытта полицейлік қызмет атқарды. Олар, әсіресе, шет аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалыстарын басу кезінде ерекше қатыгездіктермен көзге түсті. Қазан төңкерісінен кейін Казактар Кеңес үкіметіне қатты қарсылық көрсетті. Ақ гвардияшылар әскерлері (Л.Корнилов, А.Колчак, А.Деникин, т.б.), негізінен, Казактардан жасақталды. Дегенмен Қызыл Армия қатарында казактар да көп болды. (С.Буденный, Б.Думенко, Ф.Миронов, т.б.) 1920 жылы 25 наурызда Кеңес үкіметі казактардың әскери құрылымдар құруына тыйым салды.
Казактар Ресейдің Қазақстанды отарлауында шешуші рөл атқарды. Патша өкіметі қазақ жерін толығымен бағындырып ұстау үшін оның батыс, Солтүстік, Оңтүстік-шығыс шекараларында 4 казак әскерлерін ұстады. Олар: 1591 жылы құрылған Жайық (Орал), 1734 жылы құрылған Орынбор, 1808 жылы құрылған Сібір, 1867 жылы құрылған Жетісу Казактар әскерлері еді. Жайық (Орал) К. әскері 16 ғасырдың аяғында патша үкіметінің Еділ Казактарын талқандап, қуғындауы салдарынан құрылды. Олар 1580 жылы бұрынғы Алтын Орданың, одан Ноғай Ордасының астанасы Сарайшық қаласын талқандады, осы өңірлерге орныға бастады. Михаил Романов билік еткен кезден бастап (1613 – 1645), Жайық казактары Ресей патшасына бағынып, одан жалақы алып тұрды және Кубань мен Қырымға, Хиуа мен Қазақ хандығына жиі-жиі жорық жасап тұрды, башқұрттардың, қалмақтардың, ноғайлардың көтерілістерін басуға белсене араласты. XX ғасырда Жайық казактары Кіші жүздегі көтерілістерді басуда шешуші рөл атқарды. 1917 жылы оның құрамында 174 мыңға жуық әскер болды және оларға Жайық бойындағы аса құнарлы 6,4 млн. десятина жер тиесілі болды. Орынбор Казактар әскерлері Қазақстанның Ресейге қосыла бастауына байланысты құрылды. XIX ғасырдың 2-жартысында Орынбор Казактарының саны 158 мың адамға жетіп, олар Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияны басып алуына үлкен еңбек сіңірді. Сібір әскерлері 16 ғасырдың аяғында Ермактың Көшім хандығын талқандауына байланысты пайда болды. XVII – XVIII ғасырларда Казактар Сібірде көптеген бекініс-қамалдар тұрғызып, ішкі өлкелерді бағындыруға кірісті. 1808 жылы Ертіс өз. бойындағы Казактардан Сібір әскерлері құрылып, Оңтүстік Қазақстан мен Солтүстік Қырғызстанға арнайы экспедициялар жібере бастады. XIX ғасырдың 60-жылдары Сібір әскерлері 12 атты әскер полкі, 3 жаяу әскер батальоны және құрамында 3 батареясы бар атты-артиллерия бригадасынан тұрды. 1867 жылы Сібір әскерлері құрамынан Жетісу Казактар әскерлері бөлініп шықты. Бұл әскер Қытаймен арадағы шекараны күзетті және Орта Азияға жасалған барлық жорықтарға қатынасып отырды. XX ғасырдың бас кезінде оның құрамында 36 мыңнан аса жауынгер болды. Жалпы Қазақ жерінде Казактарға патша үкіметі аса құнарлы өңірлерден 10 млн-нан аса десятина жер бөліп берді. Казактар әскерлері Исатай Тайманұлы бастаған (1836 – 38), Кенесары Қасымұлы бастаған (1837 – 1847), Сырым Датұлы бастаған (1783 – 1797) көтерілістерді және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін басу кезінде империя сойылын соққан қатыгездіктерімен ерекше көзге түсті.

XX ғасыр

Кубань казактары - Украина далаларынан кеткен казактар

Азамат соғысы жылдарында (1918 – 1920) Қазақстандағы казак әскерлері ақ гвардияшылар жағында шайқасып (Дутов, Анненков, Толстов, т.б. атамандар), жергілікті халықты қанға бөктірді. 1920 – 1922 жылдары қазақ жеріндегі кеңестік органдар үкіметі казактар әскерлерін жою үшін кейбір шараларды жүзеге асыруға кірісті. 1921 жылдың 4 ақпанында Түркістан Республикасы, Жетісу облысы революциялық кеңесі казактар әскерін жойып, 1 млн. десятинадан аса жерді қазақ еңбекшілеріне қайтаруға шешім қабылдады. 1921 жылдың 19 сәуірінде Қазақ АКСР Атқару Комитеті Сібір және Орал казак әскерлерінің жерлерін қазақ еңбекшілеріне қайтарып беруге шешім шығарды. КСРО-ның ыдырауы қарсаңында (1980) казактардың дәстүрлерін, мәдениеті мен тұрмысын жаңғырту жұмыстары басталды. Казактартардың мәдени ұйымдары (әскери құрылымдар жасақтауға тыйым салынған) Қазақстанда пайда болды.[1]

Қараңыз

Дереккөздер

  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!