Азамат соғысы — мемлекет ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар, діни ағымдар мен кландар арасындағы өкімет билігі жолында жүргізетін қарулы күрес.[1]
Дүние жүзіндегі азамат соғыстары
Тарихта белгілі бір ел шеңберінде халықтың демократиялық бостандықтар жолындағы ұйымдасқан күресінің не болмаса көпұлтты елдерде ұлттық езгіге қарсы қарулы көтерілістерінің азаматтық соғысына ұласқаны белгілі. Мысалы: Англияда “Алқызыл мен Ақ раушан соғысы” (1455–1458), АҚШ-та буржуазиялық Солтүстік пен құл иеленуші Оңтүстік (1861–1865 жылдары), Франциядамонархистер мен республикашылдар (1871 жылы), Испанияда фашистер мен демократтар (1936–1939 жылдары) арасындағы азамат соғыстары болып өтті. 1918–1920 жылдары Кеңестік Ресейде орын алған азаматтық соғыс Қазақстанды да қамтиды. Ол іс жүзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалғасы болды. Азаматтық соғыс жылдарында қарулы күрестің бір жағында Қазан төңкерісі жеңісі нәтижесінде жеңіліс тауып, саяси және экономикалық биліктен айырылған күштер тұрды. Оларға АҚШ, Англия, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер үкіметтері жан-жақты көмек көрсетті. Күрестің екінші жағында Қазан төңкерісі нәтижесінде өкіметті өз қолына алған большевиктер партиясы бастаған күштер тұрды. Олар большевиктік ұрандар мен Кеңес өкіметі жариялаған социализм идеяларына сенген жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінен қолдау тапты. Большевиктер мен Кеңес өкіметін жақтаушылар “қызылдар” деп аталса, оларға қарсы тұрғандар “ақтар” деп аталды.
Қазақстандағы азамат соғысы
Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде Ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды (кадеттер, эсерлер, ұлттық және діни саяси ұйымдар). Алашорда үкіметі азамат соғысының алғашқы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы күштермен байланысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты. Үкімет мүшелері Қазақстанға жақын қалаларға орналасқан Кеңес үкіметіне қарсы құрылған үкіметтермен — Самарадағы құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен, одан кейін Колчак диктатурасымен, Орынбор және Орал казак әскерлерінің басшылығымен келісімге келуге ұмтылды. 1918 жылы жазда төңкеріске қарсы күштер Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының көптеген аудандарын, соңынан Жетісу облысының бірқатар аудандарын басып алып, Кеңес өкіметін құлатты. Кеңес өкіметі Батыс Қазақстанның кейбір аудандары мен оңтүстік өлкесінде сақталды. Қазақстанда азамат соғысының Ақтөбе (немесе Солтүстік Түркістан), Орал және Жетісу майдандары құрылды, олардағы соғыс әрекеттері Азамат соғысының ірі майдандарындағы, ең алдымен Колчак әскерлеріне қарсы құрылған Шығыс майдандағы қимылдарға тығыз байланысты жүргізілді. Сондықтан Қазақстандағы азамат соғысының тағдыры негізінен Қызыл Армияның Шығыс майданындағы күресіне тәуелді болды. Қазақстан жеріндегі соғыс қимылдары өз кезегінде Кеңес еліндегі жалпы жағдайға әсер етті. Қазақстан азаматтары Қызыл Әскер қатарында да, “ақтар” басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да азамат соғысына қатысуға мәжбүр болды. Қазақстандағы шешуші соғыс қимылдарына “қызылдар” жағынан М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, В.И. Чапаев, И.П. Белов, И.С. Кутяков т.б., ал “ақтар” жағына А.И. Дутов, С.П. Толстов, Б.В.Анненков т.б. басшылық етті. Торғай далаларында “ақтарға” қарсы күресте А. Иманов, Батыс Қазақстанда Хамит Чурин, Бейсен Жәнекешев т.б. көзге түсті. Ал Әліби Жангелдин азамат соғысы қызу жүріп жатқан кезде (1918 ж. күзі) Мәскеуде жасақталған қару-жарақ керуенін Түркістан майданына жеткізді.
1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.[2][3]
Дереккөздер
↑Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
↑Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9
↑“Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Қосымша мәліметтер
[1]Мұрағатталған 14 ақпанның 2016 жылы. — Революция және Азамат соғысы (1917-1920 ж.ж.)
Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!