Жер жаңғақ (Arachіs) – бұршақ тұқымдасына жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Майлы дақыл. Ж. – ылғал және жылу сүйгіш, бір жылдық жаздық дақыл. Өсіп-өну кезеңі 120 – 150 күн. Биіктігі 25 – 75 см, түзу сабақты немесе төсемелі сабақты, бүйірінен өскен өркендері бар. Тамыр жүйесі мықты, тереңге (180 – 190 см) кетеді. Гүлі сары не сарғылт түсті, гүл шоғыры жапырақ қолтығында орналасқан. Жемісі 1 – 7 тұқымды бұршақ. Оның құрамында орта есеппен 42% май, 22% белок және 12% көмірсу бар. Әдетте, әр өсімдікте 600 – 700 жеміс болады. Гектарынан 9 ц-дей тұқым, 20 – 50 ц құрғақ шөп алынады. Жемісінен алынған майы тамаққа, кондитер өнеркәсібінде пайдаланылады. Сабағы мен жапырағы малға жемшөп. Ж. басқа бұршақ тұқымдастары сияқты жерді құнарландырады. Өсімдік ауруларымен және зиянкестерімен сирек зақымданады. Ж. Оңтүстік Қазақстан облысының суармалы аудандарында өсіріледі.[1]
Сілтемелер
- ↑ Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы