7-10
Жамансары, ақсары (лат. Buteo buteo) — сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс.
Солтүстік Қазақстанда, Алтай мен Тянь-Шань тауларының орманды алқаптарын мекендейді.
Мекиені қанатының ұзындығы 42-45 см, салмағы 1 кг-нан асады. Қоразы оған қарағанда кішілеу келеді. Қанатының ұзындығы 33-38 см, салмағы 1 кг-ға жетпейді. Дене түсі қара-қоңыр, ұшы қаралау қанаттарының астында ақшыл шұбар дақ болады. Басқа өзіне тектес жыртқыштардан айырмашылығы — құйрығы қысқа, сұр не қоңыр түсті көлденең жолақты келеді. Ұясын ағаш басына салады. Мекиені мен қоразы 3-5 теңбіл түсті жұмыртқаны 1 айдай кезектесіп басып, балапандарын 40 күнде ұядан ұшырады.
Ақсары — жыл құсы. Тамыз — қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Оңтүстік Азия, Африкада қыстайды. Наурыз — мамыр айларында қайта оралады. Ұсақ кеміргіштермен, құстармен, кесірткелермен, бақалармен т.б. жәндіктермен қоректенеді.[2]